Мемтерминкомға мемлекеттік орган мәртебесі керек

4117
Adyrna.kz Telegram

Қоғам өміріндегі саяси-экономикалық, тарихи-әлеуметтік, ғылыми-мәдени өзгерістердің жаңа атаулардың, терминдердің пайда болуына, қалыптасуы мен дамуына әсер ететіні белгілі. Бүгінгі таңда қазақ терминалогиясының тарихы шартты түрде:

1) XIX ғасырдың екінші жартысынан 1910 жылға дейінгі кезең;

2) 1910-1930 жылдар аралығын қамтитын кезең;

3) 1930 жылдан 1990 жылға дейінгі кезең;

4) 1990 жылдан бергі кезең деп бірнеше кезеңдерге бөлінеді. Дей тұрғанмен, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ тілі әліпбиін кирилицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлығы шыққаннан кейін, ұлттық терминалогия мәселесі қайта көтеріліп, тағы бір жаңа кезеңге аяқ басты.

          ҚР ҰҒА академигі Өмірзақ Айтбайұлы «Өмірде болып жататын неше алуан құбылыс, қозғалыстардың бәрін өрнектеп, баяндауға алдымен ұмтылатын сөздер легі – терминдер. Сондықтан бұлар бір есептен алдыңғы шептегі сарбаздар іспетті.», – деген болатын. Мемлекеттік тілдің барлық салаларда үстемдік етіп, кез-келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналуы үшін терминдердің маңызы қашанда аса зор болмақ. Өкініштісі, елімізде ұлттық терминалогияны қалыптастыру әр түрлі жағдайларға байланысты әлі күнге дейін жүйелі жолға қойылмай келеді. Ресей, Германия, Дания, Жапония, Түркия т.б. мемлекеттерде терминология жұмыстары мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылатынын білеміз. Осындай тағдыршешті кезеңде ҚР Үкіметінің жанындағы Мемлекеттік терминалогия комиссиясы қазіргідей консультациялық-кеңесші орган емес, мемлекеттік орган ретінде осы саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандары арқылы термин сөздерді жасау мен қабылдау, сәтті, сәтсіз жасалған терминдерді анықтау, оларды біріздендіру және бекіту жұмастарын тұрақты жүргізіп отыру керек деп ойлаймын. Мемтерминкомның шешімдері міндетті сипатқа ие болған жағдайда ғана, Терминологиямыз тұрақталып, қазақ тілі ғылым тілі ретінде қалыптасады деген пікірдемін.

Профессор Шерубай Құрманбайұлы «Терминалогияның даму деңгейін анықтап, оның қазіргі жайына баға беру оңай мәселе емес. Алайда, бұл саланың алдағы уақыттағы даму бағытын белгілеп, термин шығармашылығын реттеп отыру үшін ол өте қажет жұмыс. Осыны дұрыс түсінген тілші-ғалымдар мен әртүрлі саланың мамандары дәл қазіргі кезеңде терминалогия мәселесіне айрықша назар аударып отыр.», –​ деп бекер айтпаса керек. Тіліміздің өміршең болуы өзіміздің қолымызда ғой. Термин тағдыры тіл тағдыры екенін әр қазақ әсте естен шығармағаны жөн деп білемін!

 

Қуаныш Жұмабек

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, 

PhD докторы 

 

Пікірлер