Home » Айдарлар » Өнер » Дәстүрлi өнердi даңғаза басып барады

Дәстүрлi өнердi даңғаза басып барады

Дәстүрлi әншiлер мен күйшiлер “тоқалдан туған” ба? Әлде олардың бар “жазығы” ұлттың өнерiн өлтiрмей жүргенiнде ме? Әйтпесе, әлемдi қарық қылып жатқан Қазақстанның төл өнерiн насихаттап жүрген өнерпаздарын көтеруге жағдай жоқ дегенге кiм сенедi? Қазақтың музыкасы – ұлттың жаны, әдебиетi, мәдениетi, философиясы, тамыры, өзегi, тұрмыс-тiршiлiгi. Осыншама ұлы мұрамызды батыстың салдыр-гүлдiрiне айыр­бастап қойып, тып-тыныш отыра беремiз бе? Соңғы кезде ұлтымыздың рухани азып-тозуына төл өнерiмiздiң өлiмшi халге түсiп, батыстың даңғаза музыкасы төрiмiз­ден орын алуы себепшi емес дейсiз бе? “Мәңгүрттердiң маршы” қазiр қайда барсаңыз да алдыңыздан кесе-көлденеңдейдi. Дүрс-дүрс, салдыр-гүлдiр, дүңк-дүңк…

Мұн­дай дүрсiлдiң адам жүйкесiне салмақ түсiрiп, ми қабаттарын зақымдайтынын ғалымдар да айтып жүр. Қазақты ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстағысы келетiн бiзге беймәлiм күштердiң де ұлтсыздандыру құралы – осы түнгi клубтардың тұрпайы әуенсымақтары. Қазiргi жастардан Қайрат Байбосыновты, Жоламан Құжимановты сұраңызшы, бiле ме екен? Әй, қайдам… Есесiне, бiр жылауық сарынға айдасаң да, айналып соғатын Қайрат Түнтековтердiң қандай әтiр пайдаланып, қанша рет әжетханаға баратынын жатқа бiледi… Олардан сiз Бiржан сал, Ақан серi, Мұхитты қайтiп сұрайсыз?

Ел Тәуелсiздiгiне жиырма жыл деймiз. Осы жиырма жылдың шеңберiнде ұлттық өнерiмiздiң орталығын құра алмағанымыз қалай? Дәстүрлi ән мен күй тарихы дұрыс зерделенуден қалды. Көптеген төл музыкалық аспаптарымыз да зерт­те­лiнбеген қалпында “өгей баланың” күйiн кешуде. Қаншама әншi­лерiмiз бен күйшiлерiмiз әлi күнге дейiн өздерiнiң бiр күйтабақтарын шығара алмай шерменде болып жүр. Иә, насихаты кем болған соң, қарапайым халық та ұлттық өнерпаздарымызды түсiн түстеп тани бермейдi. Әртүрлi мемлекеттiк, мемлекеттiк емес ұйымдар болсын, тойға шақырған жұрт болсын дәстүрлi әншiлердiң көмейiн кере шырқаған даусын фонограммаға арқа сүйеп, аузын құр жыбырлатып кететiн эстрада орындаушыларынан 10-20 есе төмен бағалайды. Нәпақасын тойдан айырып жүрген өнерлi жастар өмiр бойы еңбек етсе де бiр баспанаға зар боп өтетiнi тағы аян. Олардың тапқан табыстары үй алуға өмiрге екi емес, үш айналып келсе де жетпейдi.

Шынайы өнерпаздар тасада қалып, қалтасы қалың, “көкесi” креслода отырған дөкейлердiң жолы болған заман қазiр. Ебiн тауып, ыңғайын бiлсең, техниканың күшiмен-ақ әншi атанасың.

“ХитТВ-ның” миллиондаған балғын көрермендерiнiң арманы да, аңсары да осыған саяды. “Таң”, “31 арна”, “НТК” тәрiздi телеарналардағы музыкалық бағдарламалардың да деңгейi “ХитТВ-ның” ар жақ, бер жағы.

Шыны керек, тобырға айналған жастарға өзiмiздiң классикалық әндерiмiзден гөрi етектiң түрiлгенi­мен, опыр-топыр домалап, құшақ айқастырғанымен өлшенетiн әнсымақтар жақын.

Азғындыққа тап болған ұрпақтың қамын ойласақ, дәстүрлi өнерiмiздi кең қамтып, дәрiптейтiн бiр телеарна ашуымыз керек.

Қазiр дәстүрлi әншiлер мен күйшiлер шығатын сахна жоқ. Барлық жердi эстрада жаулаған. Ұлттық мұраны насихаттайтын ән кештерiн жиiлетiп, халық сусындап отырған классикалық музыкамен қауыштырмасақ болмайды. Әсiре­се, балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарында ұлттық музыка дәрiстерiн енгiзу – кезек күттiр­мейтiн мәселе.


Арман ӘУБӘКIР,

журналист.

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

ШҚО-да ауқымды спорт пен өнер фестивалі басталды

Ырғызбай Досханаұлының туған жерінде өтіп жатқан «Тұғыры биік Тарбағатай» халықаралық фестивалі әлемнің әр түкпірінен келген ...