Елді аузына қаратқан Біржан-Сара айтысына мектепте бірсыдыртып қана тоқталғаннан болар, сөз сайысының, шындығында, өмірде болғандығына сенетінбіз. Жақында «Абай» журналының 1992 жылғы №3 нөмірін оқып отырып, Мұхтар Әуезовтің бұл айтыс үлгісін Абайдың ақын шәкірті Әріптің шығарғандығы туралы мақаласын оқып, таңғалдым. Не де болса, тарихи шындыққа көз жеткізбек мақсатта айтысты оқып шығып, ол туралы жазылған зерттеулерді ақтаруды жөн көрдім.
Әдебиет тарихын зерттеген ғалымдардың басым бөлігі бұл тақырыпты айналып өтпеген. «Анау айтыпты, мынау былай жазыпты» дегеннен гөрі, айтысты басынан аяғына дейін оқып шыққан адам мәселенің ақ-қарасына өзі-ақ көз жеткізеді. Мұхтар Омарханұлы «Абайдың туысы мен өмірі» атты мақаласында Абай өлеңге қатаң талап қойғандықтан, шәкірттерін қатты сынап, міндерін өлеңге қосып та жібергендігін айтады:
«Мәселен, Көкбай, Әріп, Шәкерім үшеуінің үш түрлі өлеңдерін еске алып:
Хат жаздым Әзірет Әлі айдаһарсыз,
Бізде жоқ алтын иек, сары ала қыз.
Кәрілікті жамандап, өлім тілеп,
Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз, – дейді. …Алғашқы жолдағы – «Әзірет Әлі айдаһарды» Көкбайдың қыса жазғыш болғандығын айтты. «Алтын иек, сары ала қыз» деп сыбан Әріп деген ақын «Зияда» деген қысасында сұлу қызды сипаттаймын деп, иегі алтын, көзі гәуһар деп мақтауын асырып, түсіне қарамай, асыл тастарды сынай берсе керек. Соған айтылған. Соңғы екі ауыз кәрілікті жамандап айтқан Шәкерім өлеңіне арналған.
Осы сөздер ақындардың барлығына да ауыр тиген шығар. Бірақ іштерінде, әсіресе Әріп қатты намыс қылып кектеніп, Абайдан есесін қайырмақ болып, «Біржан-Сараның айтысын» шығарған. Сонда Сара айтты қылып Абайдағы кегін, шынымен-ақ, алғандай болады. Біржан-Сара Әріпке, әшейін ойдан шығарған «геройлар» есепті ғана керек. Сондықтан Біржанның арғын емес, керей екенін де ескермеген. Мүмкін, ол кезде Біржанның руын білмеген де шығар».
Айтыстан арғын мен найманның рулық сөз қағысы көрініп тұр. Әсіресе айтыстағы Сараның сөздерінен тобықтының ірі тұлғалары Құнанбай мен Абайға қатты наразы екендігін байқаймыз. Сара, айтыста аталғандай, қаптағай руынан емес, матайдың кенже деген тармағынан. Ал айтыста Сара бірыңғай сыбаннан шыққан 17 ақын мен беделді би-болыстарын, Жарма өңіріне мәшһүр адамдарының есімдерін жіпке тізгендей айтып береді. Абайтанушы Қайым Мұхамедханұлы «Абайдың ақын шәкірттері» атты кітабында Жетісудың 18 жастағы қызы қанша жерден «шежіреші» десек те, сыбанның адамдарын білуі қиын дейді.
Қайым атаның: «Лепсі, Зайсан, Семей уездеріне қарайтын қаракерейдің белгілі адамдарының аты аталмай қалғандары жоқ. Осылардың бәрі матай қызы Сараның аузынан мақталады. Ал матайдың бұлар қатарлы атақты адамдары, мысалы, Бұғыбай батыр, Жапалақ би, Садыр Сиқымбай, Қызай балапан би тағы басқалар Сараның аузына да алынбай қалады. Сол сияқты «қаракерей ақыны Түбекпен Маман алдында үш күн, үш түн айтысқан» дейтін матайдың атақты ақыны Толғанбай да Сараның аузына алынбай қалған», – деген сөзінде көре білгенге астарлы ақиқат жатыр.
Б.Ердембеков те аты аталған адамдардың Сараға емес, Әріпке туыс, жерлес екендігін және олардың беделін Әріптің жақсы білгендігін айтады (Бауыржан Ердембеков «…Бұл өлең шыққан екен бірталайдан» /«Біржан-Сара айтысын» зерттеудегі көкейкесті мәселелер/. Мақаланың толық нұсқасын газетіміздің сайтынан оқи аласыздар).
Бауыржан ЕРДЕМБЕКОВ, филология ғылымының докторы, Абайдың ақындық ортасын зерттеуші:
– Айтыстың толық нұсқасы деп танылып жүрген 1899 жылғы Зайсан нұсқасын негізге алсақ, Әріп Біржан мен Сараның кездесуін, ондағы өлең-сөздерін арқау ете отырып, айтысты белгілі бір сюжеттік желіске құрылған көркем шығарма етіп жазған. Біржанның Ешкіөлмеске келуі, Сараның шешесімен, сіңлісімен айтысуы, найман мен арғын, дәлірек айтқанда, Әріпке жақын тақырып – сыбан-тобықты арасындағы тартысты Сараның бас бостандығы сияқты тақырыпқа ұштастырып әкеп, әдемі сюжеттік желіс құрауы Әріптің толық авторлық құқығын айқындайды.
«Біржан – Сара айтысының» Әріп Тәңірбергенұлы қолынан туған көркем туынды екендігін қуаттайтын негізгі деген мәселелер:
– «Біржан – Сара айтысын» Әріп жазған деген пікірлер төңкеріске дейін және одан кейінгі 30-жылдардың аяғына дейін талассыз түрде айтылып келді; – айтыстың көркем шығармаға тән белгілерін атасақ, біріншіден, айтыс бас-аяғы жинақы, оқиғасы бар, белгілі сюжетке құрылған, екіншіден, жері шалғай екі өңір ақындарының сөз саптауы, өлең құрулары, бүгінгі тілмен айтқанда, стилі бір. Осындай көркемдігі мінсіз айтыс құру үшін үлкен айтыс ақыны болу шарт. Ал Біржан, ең алдымен, айтыс ақыны емес, Сараның да бізге жеткен айтыстары мұндай көркемдік биіктен көрінбейді;
– айтыста өзін арғынмын деген Біржан – арғын емес, керей руынан. Сара да, айтыста аталғандай, қаптағай руынан емес. Сара матайдағы кенже деген елдің тастемір деген аз ғана руынан шыққан. Өз руының атынан сөйлемеу – айтысқа, жалпы, ақындар табиғатына жат нәрсе. Қалай десек те, Біржанды – арғын, Сараны қаптағай етіп отырған – Әріп;
– айтыс арғын мен найман, оның ішінде матай ақындарының арасында болды деген күнде де, екі ақынның ру жағын сөз еткенде тобықты мен сыбанға ауып кетуі – тағы да Әріптің көркем туындының тартысына ыңғайлаған әдісі;
– айтыстағы Абай мен Құнанбайға қатысты сөздер тағы да Әріпке қатысты. Әріптің «Зияда-Шаһмұрат» қиссасының Абай тарапынан сыналуы, Әріп соны кек көріп (бұл арада өнер адамдарының арасындағы шәкірттің ұстазға деген арты жоқ ашуы деп ұққан жөн), айтысқа Абайды жамандаған сөздер қосады. Бұл туралы Тұрағұл Абайұлының естелігінде де айтылған. Қуанышбай ақынмен айтысында да Әріп бұл құбылысты мойнына ала жауап қайырған.
Ақиқатты ақтарамын деген адамға Қайым атаның кітабында дәлел жетерлік. Көзкөрген адамдардың нақты пікірі көңілімізді көншітеді. Әріпті көрген атақты халық ақыны Нұрлыбек Баймұратов естелігінде Семейде Абайдың ұлы Тұрағұл үйге Көкбай, Әріптер келді деген соң, солармен танысуға барып, қонақтардың ішіндегі Қаныштың ағасы Әбікей Сәтпаев Әріптен «Біржан-Сара айтысын» сіз шығардыңыз ба?» деп сұрағандығын айтыпты. Сонда Әріп: «Иә, бұл айтысты бірер себеппен мен жазып едім. Бұл сөзде қанша кінәнің бар екенін өзім де білмеймін, әйтеуір, «Біржан – Сара айтысы» деп жаздым», – деген екен.
Бұл айтысты барынша зерттеген Ілияс Жансүгіровтің жасы елулердегі Сарамен кездесіп, арнайы сұрағанында: «Оны шығарып жүрген Әріп қу ғой», – дегені де бар.
1936 жылы Жамбылдың мерекесін тойлауға Алматыға келген халық ақындарының бір отырыста айтысты сөз қылғанын Сәду Машақовтың естелігінен байқадық. Сонда Ілияс: «Айтыс ақындары қолма-қол суырып салып айтады. Ал бірден мұндай мазмұнды, көркем өлең шықпайды. Бұл көп ойланып, толғанып жазған бір ақынның ғана өлеңі болуы керек», – деген екен.
Түйін
Тарих бетінде көркем сюжетті шығарма болып қалған «Біржан-Сара айтысын» жазып, Абайдың сынауымен құнды мұра қалдырған Әріп Тәңірбергенұлына ұрпақтың алғыстан басқа айтары жоқ. Әріп тек Біржан мен Сараны ғана сөз қағыстыртып қоймай, «Тәуке мен Ұрқия айтысы» сынды қазынаны шығарып, қазақ әдебиетінің тозбайтын жауһарына айналдырды. Әрине, ауадан алынған ақпар емес, расында, тарихта болған Біржан сал мен ақын Сараның кездесуінен туған түйткілді ой еді. Жиенқұлдай жаманға айттырылған Сараның тағдырына алаңдаған Біржанның әдейілеп Жетісуға іздеп барып, Тұрысбек қажыға арыз айтқанын Сара Тастанбекқызының өмірін терең зерттеген Т.Қалилаханов тәптіштеп жазған. Демек, Біржан мен Сара арасындағы әңгіме тарихта болған, Біржан мен Сара бір-біріне қаншама өлең арнағанына қарап, бұл айтысқа негізгі тұлғалардың да үлесі бар екендігін ұмытпаған жөн. Арнайы сөз қағыстырып айтыспаса да, өмірде болған кездесуді қағаз бетіне түсіруді, қоғамның әйел затымен санаспайтын мәселесін өрнектеуді қолға алған Әріп ақынның еңбегі ерлікке татиды. Ол – шындық.
Жадыра Жұмакүлбаева
…Бұл өлең шыққан екен бірталайдан
(«Біржан-Сара айтысын» зерттеудегі көкейкесті мәселелер)
«Бiржан-Сара айтысының» ақиқатын анықтау ғасырға жуық уақытты ұттырған-ды. Олай дейтiнiмiз — қазақ әдебиетiнде бұл туындыға пiкiр бiлдiрмеген әдебиеттанушы кемде-кем десек, ұзақ-сонарға созылған пiкiрлер, ойлар, дәлелдеулер, шешiмдер тiзбектелгенмен, аталмыш айтыс әлi күнге ақырғы нүктесiне жетпедi. Алдымен дау екiге жарылды: бiрi — айтыс болған, екiншiсi — айтысты шығарушы Ә.Тәңiрбергенұлы. Келе-келе осы екi пiкiрден үшiншi бiр тұжырым туындады: Сара мен Бiржан кездесiп айтысқан, бiрақ айтыс сол қалпында сақталмай, кейiннен Әрiп ақын осы айтысты өзiнше жырлаған.
Өткен ғасырдың басынан бастап осы өнер туындысы жайында пiкiр бiлдiрмеген зерттеушi, әдебиетшiлер кемде-кем. Басы Жамбыл ақыннан бастап Қ.Жансүгiров, М.Әуезов, С.Мұқанов, С.Машақов, Қ.Мұхамедханов, Н.Баймұратов, Т.Қалилаханов, С.Қайнарбаев, Ө.Есназаров, Ш.Ахметов, Е.Ысмайлов, М.Имашев, Н.Айтов тағы басқа әдебиет қайраткерлерi айтысқа қатысты әр ұдай пiкiрлер бiлдiргенi белгiлi. Бiз бұл арада ол пiкiрлердi талдап оларға баға берудi мақсат етпедiк. Бұл жайында «Әріп ақын» атты монографиямда (Алматы: «Информ-Арна», 2001) жан-жақты тоқталғанмын.
«Бiржан-Сара айтысының» жылдар бойы (әсiресе, тарихи деректердiң шиеленiскен соңғы жылдарда) зерттелу сүрлеуiн сүзген адамға көзге бадырайып байқалатын бiр нәрсенi айта кетуiмiз керек. Айтысқа байланысты екiге жарылған, бiр-бiрiн жоққа шығарар кереғар дәлел-деректер келтiрiп жүрген зерттеушiлердiң ғылыми пiкiрлерi ұдайы бiржақтылықтан құтыла алмай келедi. Мәселен, айтысты «болды» деп дәлелдеушi ғалымдар «Әрiп шығарды» деген дәлдi деректерге тоқталмай, айналсоқтап кетедi. Ал, Әрiптiң авторлығын қуаттайтындар Бiржан мен Сараның кездесiп, айтысқанын беретiн фактiлерге көзжұмбайлық танытады. Қысқасы, әркiм өзi айтқан пiкiрлерiн күйттеуден әрi аспайды. Аталмыш айтыстың әлi күнге нақты бiр тоқтамға келмей, бiрiн-бiрi жоққа шығарған дау-дамайдың өрши түсуiнiң негiзгi себебi де осында. Сондықтан да, ғасырға созылған әдеби даудың әдiлдiгiне жету үшiн, әркiм өз пiкiрiн қорғап, қолдағаннан гөрi, айтыс турасындағы дәлдi фактiлер мен тарихи деректердi жан-жақты салғастыра қарап, ортақ бiр тұжырымға келген жөн. Аталмыш айтыстың тыныс-тылсымына үңiлсек, әлi көптеген жайлардың көлеңкелi жақтары көрiнiс берiп жатыр. Сондықтан да, «Бiржан — Сара айтысының» табиғатын тануда осындай көкейкестi мәселелердiң тамырын басып, оған Әрiп ақынның тiкелей қатыстылығын дәлелдеу мақсатында өз ойымызды ортаға салуды қажет iс деп санадық.
«Бiржан-Сара» туралы даудың ушығып, тарихи деректердiң өзi бiрiн-бiрi жоққа шығарып, қайшылыққа ұрынып жатқанын есте ұстай отырып, бiз бұл арада, анау атты, мынау айтты деген көнекөз қариялардан, Сараны, Бiржанды, Әрiптi көзi көрдi дегендерден жиналған нақты тарихи дәлелдерсiз естелiк, әңгiмелердi келтiруден бойымызды алшақ ұстадық. Сондай-ақ, айтыс жайында бүгiнгi күнге дейiн айтылып, ұдайы қарама-қарсылықтан құтыла алмай келе жатқан ғалымдарымыздың, зерттеушiлерiмiздiң, және жалпы әдебиет маңында жүргендердiң ой-пiкiрлерiне жығыла жүгiнбей, айтыс ақиқатын айтыстың өзiнен, сондай-ақ, «Бiржан-Сара айтысына» қатысты айтылған ақындардың мұраларынан, дәлiрек айтқанда өлең-жырларынан табуға тырыстық.
«Айтыс» болды деушiлер алдымен Сараны 1878 жылы туғызып, артынан 1854 жылға iлгерiлеттi, «айтыс» уақытын да 1895-тен 1871-жылға ауыстырды. Сонымен, «Төребай мен Сара айтысы» сынды тарихи дерек ақын Сараның бiр емес екi өлеңдер жинағындағы «Сара 1878 жылы туды, 1895 жылы Бiржанмен айтысты»,- деген деректердi жоққа шығарды (қараңыз: Тастанбекқызы С.Тордағы тоты. — Алматы: Жазушы, 1980. -120 бет., Ақын Сара. -Алматы: Жазушы, 1985.-144 бет). Көп жылдар бойы тiрi куәлардың естелiктерiн жиып, Сара өмiрiн сарыла iздеген Т.Қалилаханов пен С.Қайнарбаевтың еңбектерiндегi Сара өмiрi жайындағы, Бiржанмен 1895 жылдары айтысы жөнiндегi деректер жалған болып шықты. 1977 жылы жарық көрген Қазақ совет энциклопедиясындағы «Сара 1878 жылы туып, 1916 жылы өлген»,- деген дерек, кейiнгi -1989 жылғы Қазақ ССР қысқаша энциклопедиясында «1853-1907 жылдары өмiр сүрген»,- деген деректермен ауыстырылды. Демек, тарихи дерекке саналатын «Төребай мен Сара айтысы» Сара өмiрiнiң ақиқатын танытқандай болды дегенiмiзбен, тарихи тармақтар шешiлудiң орнына шиырлана түстi. Төребаймен айтысында Сараның:
Қырықтың сегiзiне жасым келдi,
Екпiнiм өзге ақыннан басым келдi,-
деген сөздерi оның өз өлеңдерiндегi:
Мүшелге отыз жетi ажал жетiп,
Таусылып ырыздығым, бiттi демiм.
немесе:
Дүниеге келiп-кетер әркiм қонақ,
Солардың бiреуi мен өмiрi шолақ,-
деген тарихи тармақтармен бiр-бiрiне қайшы келiп жатыр.
Ендi мына бiр өлең жолдарына үңiлейiк. Бiржан мен Сараның кездесуiне куәгер болған ақындардың бiрi:
Таңырқап жұрт тыңдаған сол Бiржан сал,
Ол күнде алпыстарға тақаған шал.
Қарасұр адам едi онша өңдi емес
Қыр мұрын, түлкi мұртты шоқша сақал,-
деген өлең жолдары, сондай-ақ, Бiржанның Сарамен кездескендегi өлеңiнен ел аузында қалған:
Мiнекей жасым асты елу бестен,
Өткiздiк сауық-сайран мен бiр десте.
Найманға келiп сәлем берейiн деп
Елiңдi iздеп келдiм Ешкiөлмеске.
Сөзiме қалың Матай құлағың сал,
Бұл күнде жасым озған жай бiр мен шал.
Бұрылдым танысқалы ұзын жолдан
Келгем жоқ олжа сұрай, алуға мал,-
деген (қараңыз: Қалилаханов Т. Ақын Сара туралы соны деректер //Жұлдыз, 1958. №4) өлең жолдар Сара мен Бiржанның кездескен уақытын күрмелей түседi.
Осы өлең жолдарындағы қайшылықтардан қашып, бiр туындының салмағын арттырып, екiншiсiне келгенде үстiрттiкке басып, көзжұмбайлық танытқанымыз – өлең мұрасына қиянат. Демек, келтірген тармақтардағы қайшылықтар Сара өмiрiнiң және айтыстың болған уақытының әлi ақырына жетiп анықтала қоймағандығын аңғартады. Әйтеуiр, әдеби дауды тоқтату үшiн бiр жағына қисая кету ғылым үшiн қажетсiз құбылыс.
Бiржанның Жетiсуда болғанына оның «Талай заман», «Жетiсу» өлеңдерi куә. Сондай-ақ, Бiржанның «Мұра» атты өлеңiндегi:
Бәйге алдым жiгiттiке өлең-жырдан
Асырдым асқақ әндi алты қырдан
Кешегi қырық жетi кәмiл жаста,
Өнермен әрбiр iске құлаш ұрғам.
Салдым мен ою-өрнек асыл жырдан,
Тайдырмай аяғымды жалғыз қылдан
Кездесiп Наймандағы Сара қызбен
Өзiмдi айтыстырып, қисса қылғам,-
деген (Сүлейменов Т. Бiржан мен Сара қашан кездескен? //Еңбек таңы. 1989 №7)жолдардағы Салдың «айтыстым» демей, «өзiмдi айтыстырып, қисса қылғам» деуi тек ұйқас үшiн айтылған сөздер ме? Осы арада айтыстың қисса болып жазылуын Бiржан өзi меңзеп тұр.
«Айтыс Әрiптiкi, Бiржан мен Сара айтыспаған» деген тарихи деректiң бiрi – «Әрiп пен Қуанышбайдың айтысы». Осы айтыстың мына бiр тұстарына назар салайық. Қуанышбай:
Әрiпке сәлем айттым үш қайтара,
Айтысты деп оттапсың Бiржан — Сара,-
деп шүйiледi, Бiржан-Сара айтысында Сара аузымен жамандалған Құнанбай мен Абайды ақтап сөйлейдi. Ғылым академиясы кiтапханасының қолжазбалар қорындағы Ф.Ғабитова тапсырған нұсқада жоқ (қараңыз: Қуанышбай ақынның Әрiпке шығарған өлеңi. ҚРҰҒА ОҒКҚ. 463- бума) тек Семей қаласындағы Абайдың мемлекеттiк мұражайының қолжазбалар қорына Ғаббас Шөкiмұлының тапсырған нұсқасында бiраз нәрсенiң басын аша түсетiн Әрiптiң жауабында мынандай шумақ кездеседi:
Адамнан артық туған Сара саңлақ,
Сарадай оңай емес ақын болмақ.
Өнерi қашан кем едi Бiржан салдан
Екеуiн айтыстырдым әдейi арбап,-
дейдi (қараңыз: 69-қор.181- папка) Әрiп Қуанышбайға. Бұл жолдар Қ.Мұхамедханұлының «Абайдың ақын шәкірттері» кітабында да түсіп қалған. Қарап отырсаңыз, тарихи тармақтардың өзiнде бiрiздiлiк жоқ.
Кейiнгi зерттеушiлердiң Сараны 1853 жылы туған деген пiкiрлерi Әрiп пен Сара арасында таныстық, ғашықтық болды дегендi жоққа шығарып жүр. Осы арада бiз бүгiнде даулы болып жүрген Әрiптiң «Сараға» деген ғашықтық толғауына түсiнiк берудi қажет деп санадық. Баспасөз беттерiнде: «Бұл толғау Ақан серiнiң «Тағырыпың» өлеңiнiң көшiрмесi»,- деген пiкiр айтылып жүр. Алдымен, Әрiптiң осы өлеңiне берiлген түсiнiкке үңiлейiк: «Сараға» (Жар тұттым әуелден-ақ өзiме арнап) – Орталық кiтапхананың қолжазба қорындағы нұсқа бойынша берiлдi. Жазылған жылы белгiсiз, кейбiр деректерге қарағанда, тегi 1895-1900 жылдары шығарылса керек. Бұл өлең Ақан серiнiң «Тағырыпың» деп аталатын өлеңiмен ұқсас, бiрқатар жерлерi сөзбе-сөз келiп отырады. «Тағырыпың» Ақанның 1935 жылы басылған өлеңдер жинағына енген. Ал, өлгiндей ұқсас жерлердiң кiмнен-кiмге қаншалықты ауысқандығын дәл айту да қиын. Көптеген мағлұматтарға қарағанда Әрiптiң осы өлеңi атақты Сара қызға арнап, ғашықтық хат ретiнде жазғандығы анық… Сондай-ақ, Әрiптiң осы хатына Сараның ұзақ жауап хаты болған, бiрақ ол әзiрге қолда жоқ»,- делiнген (ХХ ғасыр басындағы қазақ ақындарының шығамалары. Хрестоматия. – Алматы: Қаз.ССРҒА бас, 1963. 343-бет). Осы жайға байланысты Ө.Ақыпбекұлының «Әрiп ақын Сараға ғашық болған ба?» деген мақаласы жарық көрдi. Мақалада: «Әрiп Тәңiрбергенұлы пен ақын Сара арасында сүйiспеншiлiк, ғашықтық хикаялары болды деуге негiз жоқ деген болжамды батыл айтып, осы ой-пiкiрiмiздi дәлелдеуге көшейiк»,- деп, жоғарыда айтылған екi ақынның егiз өлеңiн, сондай-ақ Ақан серiнiң «Шамсиқамар» өлеңдерiн жолма-жол салыстырады. «Сарағаның» «Тағырыпың» мен «Шамсиқамардан» алынғанын айта келiп автор: «Мұны ұқсастық деймiз бе, елде бiр ақынның өлеңiн үзiп-жұлып, жамап-жасқап екiншi ақынға телу деймiз бе», — деп (Қазақ әдебиетi. 1996. 19 қараша) Әрiп пен Сара арасындағы ғашықтықты жоққа шығарады. Осы арада ескеретiн бiр жай, Ақанның да, Әрiптiң де осы өлеңнен төл қолжазбалары қалмағаннан кейiн, «бұл – Ақанның өлеңi» деп нақты айту асығыстық болар. Шындықты өлеңнiң өзiнен iздесек, бiрiншiден, өлең тiлi араб-парсы сөздерiмен көмкерiлген. Мысалы: уажып, мехкат, меһман, махбуб, бәлә, ғайри, базарған… тiзе берсек көп. Бұл Әрiпке жақындау құбылыс. Өйткенi, жасынан араб, парсы, қытай тiлдерiн жетiк бiлген Әрiп өз шығармаларында бұл тiлдегi сөздердi еркiн қолданған да. Ақынның қисса-дастандарындағы араб-парсы сөз қолданыстарын айтпағанның өзiнде, Абайға елiктеп жазған “Әліп-би” тағы басқа өлеңдерiнде көптеген араб-парсы сөздерi кездеседi. Ал, мұндай сөз қолданыстары Ақан серi шығармаларында аса сирек. Бұр бiр, екiншiден, егiз өлеңдегi:
Iзденiп Баһрам да Күләндамды
Мехнатпен ақырында сөйтiп алған,-
деген жолдардағы Баһрам мен оның сүйгенi Күләндам Әрiптiң «Қисса-и Баһрам» (Қазан,1908,1912) атты шығыстық сюжетке құрылған дастанының басты кейiпкерлерi. Сондай-ақ, екi өлеңдегi:
Зияда, Қорлы, Ғайын, Фархат — Шырын
Бұл күнде хабарым бар сондай жолдан,-
деген Әрiптегi жолдар, Ақанның «Тағырыпың» өлеңiнде:
Зияда-Қорлығайын, Фархат — Шырын,
Бұл күнде хабарлармын осылардан,-
деген өзгерiске түскен. Осы жолдардың iшкi сырына үңiлсек, бiрiншiден, Қорлы және Ғайын екi адамның аты. Зияда, Қорлы, Ғайын — Әрiптiң «Зияда-Шаһмұрат» дастанының (Қазан, 1890, 1892, 1896, 1912) басты кейiпкерлерi. Қиссадағы Бағдат патшасы Мұхтардың ұлы — Зияда, Мысыр патшасы Заданың қос сұлу қызы – Қорлы мен Ғайын, Зияда мен Қорлы бiр-бiрiн сүйiп қосылған ғашықтар. Жоғарыдағы тармақтар ортақ өлеңнiң негiзгi салмағын тағы да Әрiпке аударып отыр. Мақалада сондай-ақ, Әрiптiң осы хатына жазылған Сараның жауабы болып табылатын «Қарлығаш» өлеңiндегi:
Толғанып терең ойға баттым ағай,
Бiр таңда көз iле алмай жаттым ағай,
Жайдары жүрегiме от боп түстi
Әр сөзi сiздiң жазған хаттың ағай,-
деген өлең жолдары «Гүлхасима Секербайқызының Жаяу Мұсаға арнаған өлеңiнiң көшiрмесi» — деген тұжырым жасайды Ө.Ақыпбекұлы. Осы арада тағы да айтарымыз, аталмыш өлеңдердi жазып қалдырған Ақанның да, Әрiптiң де, Сара мен Гүлхасиманың да бiзге дейiн жеткен қолжазбалары жоқ. Сондықтан да, өлеңнiң шығу тарихына, iшкi табиғатына жете мән берiп тексермей, «ана ақынның өлеңi мына ақынға таңылып кеткен» деген пiкiрлер мен бiржақты болжамдар ғылыми тұрғыдан алғанда негiзсiз. Аталмыш мақаладағы автордың «Сара 1853 жылы туған, он бес баланың анасы болған, Әрiп Сараға ғашық болған уақытын ескерсек, Сара 8-9 баланың анасы», — деген пiкiрлерi (Ақын Сараға соқтыға баремiз бе? //Жас алаш. 1996. 8, 10, 12 қазан) жоғарыда келтiрген тарихи жолдардан-ақ байқағаныңыздай қайшылыққа ұрынып жатыр. Әлi толық ақиқаты ашыла қоймаған Сараның өмiр сүрген уақытына арқа сүйеп, Әрiптiң «Сараға», сондай-ақ, Сараның «Қарлығаш» өлеңдерiн басқа ақындардың туындыларына телу асығыстық болады. Әрiп пен Сара арасындағы ғашықтықты айғақтайтын мына бiр сөз қағысының шығу тарихына үңiлiп көрейiк: «Абай, Шәкәрiм, Көкбай үшеуi келiскендей, бiр күнi Сәуiрбектi жұмсап: Әуелi нағашы жұртқа асып кет, қайтарда Әрiптiң үйiнiң сыртына келiп дауыста. Шыға келген Әрiпке мына сөздi айта ғой, — дейдi. Айтқанындай үйден шыға келген Әрiпке,
Ассалаумағалейкум, Әрiбiмiз!
Тараған қазағыма дәрiбiмiз.
Аспандағы жұлдызды аламын деп,
Бiр күнi болма ғарiбiмiз? –
деп өлеңдетiп жiбередi. Аспандағы жұлдызы – ақын Сара … Алыстан келген бiреу ме деп үйден Әрiп шыға келсе, өлеңдетiп тұрған Сәуiрбектi көредi. Бұл iстiң Абай мен Көкбайдан келгенiн сезген Әрiп:
Уағалейкумассалам, Сәуiрбегiм,
Атауға арғы атаңды ауыр көрдiм.
Қылша мойын көктердiң бәрi қалып
Бәйгеден сен келдiң бе, жауырбегiм,-
деп, бәрiне бiр жауап қайырған екен» (Абай әзiлдерi. – Алматы: ғылым, 1995. 69-70-бет). Бұл сөз қағыстары Әрiп пен Сара арасындағы сүйiспеншiлiк сезiмнiң болғандығын қуаттайды және мұндай деректер жетерлік те.
Ендiгi жерде Ө.Ақыпбекұлының «Ақын Сараға соқтыға беремiз бе?» мақаласындағы мына бiр жайларға назар салуды жөн көрдiк. Автор: «Даулы мәселелердiң бiрi – айтысты хатқа түсiрген кiм деген сұрақ төңiрегiнде өрбiп, көбiне-көп Әрiп Тәңiрбергеновтiң есiмi аталып келдi… Осы өлең жолдарынан… айтысты қазанға жiберушi Әмiрхан екендiгi айқын көрiнiс бередi»,-дей келiп, «Айтыс» кiтабына енбей қалған қазiрде Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорында сақтаулы төмендегi жолдарды келтiредi:
Айтысып Бiржан екеуiң болған шақта,
Ер Әмiрхан түсiрген оны хатқа.
Серiлiкпен күн өткiзген өнерпаздар,
Қолжазбамен таратқан әрбiр жаққа.
Дәм тартып ер Әмiрхан Зайсан барған,
Болысқа қызмет қып сайран салған.
Төртуыл Наймандарда бес жыл тұрып,
Алтай мен Шәуешекке даңқы барған.
Жаласы өлген солдат жабылған соң,
Елiне ұлықтан қашып қайта алмаған.
Қазанға айтыс-қисса жiберсе де,
Өз атын сақтық қылып айта алмаған.
Шәкiртi Әмiрханның Жорға Жақып,
Жасынан хатқа жүйрiк молда Жақып.
…Керейден ашамайлы арғы жаты,
Бижiгiттiң баласы Жақып аты,-
делiнген (ҚРҰҒА ӘӨИ қолжазбалар қоры. 766-бума) «Төребай мен Сара айтысында». Автордың айтуынша: «Бiржан салдың бас шәкiртi Әмiрхан Сүйiнұлы (1836-1901) өзi палуан, өзi ақын, әрi әншi екен… Солтүстiк Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Благовещничный кеңшарына қарасты Гүлтөбе деген жердi мекен еткен… ән-күй шығарған, айтыс ақыны болған, дастандар мен қиссалар жазған. Әмiрхан қазанға айтыс, қиссаларын «Жақып Бижiгiтұлы» деп өзiнiң өкiл баласының атынан жiберiп тұрған». Жоғарыдағы айтыс жолдарынан Әмiрхан Сүйiнұлының айтысты бiрiншi боп таратқанын байқаймыз. Дегенмен, осы шумақтар бiздi шытырманы көп жайларға жетелейдi. Олай дейтiнiмiз, осындағы сөз болып отырған ақиық Әмiрхан ақынның атын, не қалдырған мұрасының жұрнағын қазақ әдебиетi, дәлiрек айтсақ, ХIХ, ХХ ғасыр басындағы әдеби-зерттеулерден, не бiр қисса-дастандар, айтыс жинақтарынан, ән-күйге байланысты зерттеу еңбектерден, ел аузынан жиналған жинақтардан кездестiре алмадық. Егер Әмiрхан, Ө.Ақыпбекұлы айтқандай, сегiз қырлы, бiр сырлы, әншi, айтыскер, қиссашыл атақты ақын болса, өз ауылының ақыны туралы ғалым С.Мұқанов неге ештеңе айтпайды. С.Мұқанов «Қазақтың ХVIII-ХIХ ғасырдағы әдебиетiнiң тарихынан очерктер» деген еңбегiнде (Алматы: 1942) сол кезеңнiң белгiлi-белгiсiз ақындарына тоқталғанда да Ә.Сүйiнұлының атын, не бiр еңбегiн атамайды. Әмiрханның «Бiржан-Сара айтысын» хатқа түсiргенi жайын, айтысты ұзақ уақыт зерттеп, ғылыми тұжырымдар жасап жүрген ғалымның бiлмеуi мүмкiн емес. Әрине, Әмiрхан деген атағы ауыл арасынан аспаған ақынның болуы да мүмкiн. Ал, жоғарыдағы Әмiрхан өмiрiнен келтiрген өлең жолдары бiраз нәрсенiң сырын да аңғартады. Әмiрханның болысқа қызмет қылуы, Шәуешекте болып, әр-түрлi жала жабылуы сияқты құбылыстар Әрiптiң өмiр жолына дөп келедi. Бұны жай ғана кездейсоқтық дейiк. Екiншiден, Әрiп өз қисса-дастандарын үнемi өз атынан емес, бүркенiш атпен Қазан қаласына жiберiп отырған. «Зияда-Шаһмұрат» қиссасын Әрiп Жақып Бижiгiтұлы деген бүркеншiк атпен жiбергені әдеби қауымға аян болар. Сонымен, «Төребай мен Сара айтысындағы» Әмiрхан мен Жақып жайын аңғартар тарихи тармақтардың өзi айналып кеп Әрiп ақынның «Бiржан-Сара айтысына» тiкелей қатыстылығына әкеледі.
Осы арада «Айтыс» кiтабына енбей қалған қолжазбалар қорындағы Төребай мен Сара айтысының мына бiр шумақтарына түсiнiк iздеудi жөн көрдiк. Сөз кезегi келгенде Төребай Сараға:
…Келсе де жауап сөзiм саған қырын,
Неге айтпай өтемiн Бiржан жырын.
Сенiмен Бiржан өзiн айтыстырғаны
Көп елге мәлiм болған бұдан бұрын.
Айтысты Бiржан өзi шығарғаны,
Ол жырдың елге сонша ұнағыны.
Адам түгіл Аллаға аян шығар
Iнжуден Бiржан қисса құрағаны.
Құдаша бұған жауап қайтармассың
Бiржанмен айтыстым деп айта алмассың
Аузыңа жүн тығылар кезек келдi
Аулыңа масаттанып қайта алмассың,-
деп шүйлiгедi. Төребайдың айтқаның мойнына алған Сара:
Шығарған рас Бiржан атымды елге
Бiржанға тең ақын жоқ бiздiн елде
Сен екеумiз сал Бiржан бола алмаймыз
Бiржанды сөзге қосып керегi не? –
деп тоқырайды (ҚРҰҒА ӘӨИ қолжазбалар қоры. 766-бума).
Бұл арада Әрiптi қыстырудан аулақпыз. Төребайдың сөзiне сенсек, Сара Бiржанмен тiптi де айтыспаған, жырды, яғни айтысты Бiржан шығарған болып шығады. Қалай болғанмен де айтыстың әлi де даулы бола түсуiне осы жолдар да тiкелей қатысты болғандықтан шығар сiрә, қолжазбадағы осы шумақтар (осы мағынадағы Төребай аузынан айтылған тағы екi шумақ және Құнанбай ұрпақтары – Шәке, Ақылбай, Ыбырай, Шәкәрiм, Халиолла, Ысқақ, Оспан, Смағұл, Әбдiрахман, Мағауия, Тұрағұлдар мақталатын жолдар) қара қарындашпен «керегi жоқ» делiнiп, белінен тартылып, сызылып тасталған да «Айтыс» жинағына енбей қалған. Құнанбай ұрпақтарының айтыс өлеңдерiнiң алынып тасталуы сол кезде әлi де жiбiмей тұрған идиология кесiрiнен десек, Бiржан мен Сара айтысына қатысты шумақтардың баспаға жiберiлмеуiн онсыз да шытырманы көп айтыстың дауын одан әрi ушықтырмауға жасалған әрекет деп түйдiк. Алайда, тарихи жолдарды бүркемеленгенмен ақиқат анықталмайды. Сондықтан, аталмыш тармақтар қаншалықты кереғарлық туғызғанымен айтыстың келер басылымдарында өз орнын алуы тиiс.
Осы арада «Төребай мен Сара» айтысындағы мына бір жолдарға назар салып көрейікші:
Он төрт жас Әсет ақын сенен кіші,
Сонда да сары алтын ғой оның іші,-
немесе,
Әсетпен сен айтыстың сиыр жылы,
Жүсіпбек келіп кетті барыс жылы,-
немесе,
Қырықтың сегізіне сен де келсең,
Елудің жетеуіне мен де келгем.
Осылайша тәптіштеп жыл санау, жас санау, яғни уақытты нақтылау сол кездегі айтыстардың қайсысына тән болып еді. Болған күннің өзінде Әсетпен қай жылы айтысқаны, Жүсіпбектің қашан келгені, екеуінің ежіктеп жас салыстыруы сияқты айтысқа еш қатысы жоқ жолдар Сараның жасын өсіру үшін жолдан қосылған жасанды тармақтарға ұқсайды. Айта кетуіміз керек, «Төребай мен Сара» айтысын іздеп тауып, «қажеттісін» жариялап, керексізін алып тастап жүрген адам – Сегіз Сері дауының көш басында тұрған Қаратай Биғожин…
«Айтыс Бiржан мен Сараның ғана шығармасы, оған Әрiптiң еш қатысы жоқ»,- деген пiкiрдiң бiржақтылығын тағы мына құбылыстар толығымен қуаттай алады.
Бiржанның Керей екендiгiн, ескермегеннiң өзiнде, Сара мен Бiржанның Найман мен Арғын емес, оның iшiндегi кiшi аталары Қаракерей-Сыбан мен Тобықты руларының атынан сөйлегенi айтысты оқыған адамға бадырайып-ақ тұр. Сара да айтыста аталғандай Қаптағай руынан емес, Матайдың Кенже деген тармағынан тарайды. Айтысқа Сыбан-Әрiптiң тiкелей қатыстылығын ескерсек, айтыста аттары аталатын Байғара, Ақтайлақ, Сабырбай, Түбек – Әрiптiң арғы аталары, әйгiлi Сыбанның он жетi ақынына кiретiн арқарлылар. Сондай-ақ, Сыбан атадан тарайтын Ақтамбердi жырау, Бабатай, Дулат ақын, Аққожа би, Алтыбай батыр, Ер Еспенбет, Кенжеғұл би, Байтоқа би, Кеңесбай би, Данияр, Тойғұлы, Қапан, Салпы Жанақ есiмдерi қазiргi Аякөз, Жарма өңiрiнiң белгiлерi. Ал, бұл адамдарды анау Жетiсудың 18 жасар қызы қанша «шежiрешi» болса да бiледi деу қиын. Бiлген күннiң өзiнде Сыбанның мықтыларын атайтындай Сараның жөнi жоқ, өз руы Матай тұрғанда. Матай қызы тағы кiмдердi атайды десек, Сыбанға жақын Қаракерейден Жолымбет, Қожағұл, оның ұлы Қабанбай, одан әлi, әлiден Жақас бай, оның баласы Әдiлбек батыр, одан Сүлеймен болыс, сондай-ақ, Тана мырза, ер Тәукебай, Тiлеуберлi, Әлихан, Қисық хан, Шаянбай батыр, Сасан би, Кенже, Қазыбек батыр, Садырбай, Жаманбала тағы басқалар. Осыншама Қаракерей мен Сыбанды адақтаған ақын Сараның өз елi Матайдың манаптарынан Маман, Тұрысбек, Есiмбек сияқты өз туыстарын атап, қалғанына келгенде «тiлi таңдайына жабысып қалады». Осы арада Қ.Мұхамедханұлының мына бiр пiкiрi орынды айтылған: «Лепсi, Зайсан, Семей уездерiне қарайтын Қаракерейдiң белгiлi адамдарының аты аталмай қалғандары жоқ. Осылардың бәрi, Матай қызы Сараның аузынан мақталады. Ал, Матайдың бұлар қатарлы атақты адамдары, мысалы, Бұғыбай батыр, Жапалақ би, Садыр Сиқымбай, Қызай Балапан би тағы басқалар Сараның аузына да алынбай қалады. Сол сияқты Қаракерей ақыны Түбекпен, Маман алдында үш күн, үш түн айтысқан дейтiн Матайдың атақты ақыны Толғанбай да Сараның аузына алынбай қалған»,-деген сөзiнде (Абайдың ақын шәкiрттерi. 3-к., -Алматы: Дәуiр, 1995. 33-бет) шындықтың бiр ұшығы жатыр. Аты аталғандар Сараға емес, Әрiпке туыс, аталас әрi жерлес адамдар. Бұлардың атақ-даңқы мен беделiн Әрiп өте жақсы бiлген. Матайдың Сарасы:
Кеншiмбай, Дулат, Сабыр, Сұртай, Жылтыр,
Жанұзақ, қолда,- дедiм ақын Түбек,-
деп, аруақ шақыра сөз бастайды. Осындағы Сара сиынған Дулат, Сабырбай, Түбек Әрiптiң аталары, қалғанына келсек, Кеншiмбай Матай руынан болғанымен, Жарма Матайларына жататын Елқонды тармағынан тарайды. Сұртай ақынның руы Қыржы, Зираты Ақсуат ауданының Сұлутал кеңшарында, Жылтыр – Бураның Қаратаз тармағынан, атақты Қоянды жәрмеңкесі өтетін Шар өңiрiнен шыққан. Жанұзақ – Тарбағатай өңiрiнiң ақыны. Бұл ақындар Әрiпке қарағанда Сараға алыстау өңiрден. Осы арада Сара аузынан айтылатын мына бiр жолдарға үңiлсек:
… Арғын жоқ мақтағанмен Тойғұлындай,
Қор құйған қыдыр келiп сабасына.
… Тойғұлының асында бәйге тiктi
Тоғыз қыз Арғын берген жетiмiнен,-
деген жолдардың тарихи сырына тоқтала келiп, Қ.Алтынбаев: «Тойғұлы Сыбанның Жанкөбек тармағынан шығады. Ол дүние салғанда бүкiл Орта жүзге сауын айтыпты. Арғыннан келген кiсiлер аттың бәйгесiне тiгуге тоғыз жетiм қыз әкелiптi»,- деген дерегi (қараңыз: Аңызға айналған он жетi //Абай.1998. №4) Сараның емес, өз атасының асын асыра мақтаған Әрiптiң сөздерiне әбден жақын. Сондай-ақ, Сараның аузымен аталатын Кенжеғұл, Байтоқа, Шаянбай, Серiкбай сияқты Қаракерей – Сыбан елiнiң жақсыларына Әрiптiң арнаулары да бар. Ал, өзi Керей, бiрақ Арғын атынан сөйлеген Бiржан кiмдердi атайды? Бiржанның атаған 25 шақты адамының жетi-сегiзi ат төбелiндей Тобықты руынан. Қалғаны Арғын ғой деп көңiл семiрткенмен, Қаракерей, Сыбан-Мұрынмен ауылы аралас, қойы қоралас бергi өңiрдiң Арғындары ғана аттары аталып, ал сонау Бiржанға жақын Көкше, Кереку маңының, Есiл мен Нұра бойының Арғын тармақтарынан танымалдардың есiмдерi кездеспейдi. Айтыстың әлпетiне көз тоқтатсақ, Жанайдар батыр, ер Жәнiбек, Шыныбай қажы, Құсбек сұлтан, Тәттiмбет күйшi сияқты Арғын ақиықтарының қасиеттерiн бiр-ақ ауыз сөзбен сомдап келе жатқан Бiржан Құнанбай мен жас Ыбырайдың мәртебесiн көтеруде бiраз сөзiн жұмсаған. Бiржанға берген жауабында Сара да Арғынның атақтыларын аттап өтiп, тек Құнанбай мен Абайдан бар кемшiлiктi табады. Құнанбайдың Қазыбектiң найзасына iлiнгенiн, iстi болып Омбыда жатқанын тiлге тиек еткен Сара, ендi Абайға шүйiледi:
Ел аспас Серiкбайдың жарлығынан,
Құт болды бас қадiрi барлығынан
Мақтаған Ыбырайың дәнеме емес,
Бүлiндi бар Тобықты паңдығынан.
Осы арада Сарадан Әрiптiң тасы тағы салмақтылау. Осындағы Серiкбай, Найман Серiкбай қажы – Әрiп елiнiң биi. Әрiптiң «Серiкбай қажыға» деген арнау өлеңi де бар. Олай болса, Абайдың сынына кектенген Әрiп оны өз ауылының ауқаттысы – Серiкбаймен иықтастыруы әбден ықтимал. Сара тағы да:
Наймандай Арғын қайда қоңыр майда,
Ел тоқтар бiр мiнез жоқ Ыбырайда
Қазақтан өнерi асқан ер болғанда,
Бағланы Жiгiтектiң кеттi қайда,-
деп Құнанбайлар Сiбiрге айдатқан Базаралыға жоқшы болады.
Быт-шыт қып Тобықтыны тентiреттi
Түбiне аяғында түгел жеттi.
Елге құт-берекелi кiсi болса,
Маңғазы Жiгiтектiң қайда кеттi?,-
деп Бiржанды тақымдай түседi. Әрине, Базаралыны бас қылып Жiгiтектiң он жетi адамын Сiбiрге Құнанбай балаларының айдатқанын Сараға қарағанда Тобықты iшiнде жиен болып жүрген Әрiп әлдеқайда жақсы бiлген. Базаралы айдаудан қайтқан кезде қарсы алып, қасында болған да Әрiп. Бұл кездесу М.Әуезовтың эпопеясында тартымды суреттелген. Әрiптiң «Базаралыға» деп аталатын арнау өлеңi де осы кездесу оқиғасына орайлас туған.
Байқасаңыз, айтыс Тобықтыны айналып шықпай отыр. Айтыстың негiзгi сөз шеңберi де Құнанбай мен Абай маңында түйiсуде. Сара күллi Арғынның кемшiлiгiн аз ғана Тобықтыдан, оның iшiнде Құнанбай мен Абай басынан табады. Бұл құбылыс Сараның емес, тағы да, Әрiптiң жағдайына дөп келедi. Зайсаннан жiберiлген айтыс нұсқасының аяғында:
Бiрi әйел, бiреуi әншi өлең айтқан,
Бiледi жат елдердiң жайын қалай,-
деп жоғарыдағы құбылыстарды бармақпен басқандай етiп көрсетiп бередi емес пе? Мiне, бұл жайлар «Бiржан-Сара айтысына» Әрiп ақынның тiкелей қатысын айғақтай алады.
Енді, айтыстың жалпы ішкі құрылымдық, сюжеттік желісіне келер болсақ, «Біржан-Сара» – оқиғалы сюжетке құрылған көркем туындыға келеді. Бүгінгі күнде айтыстың 1898,1899 жылдардағы екі нұсқасы және осы нұсқалардан көп өзгешелігі жоқ ел аузында айтылып жүрген нұсқалары бар. Бірақ, бәрінің оқиға желісі бар. Оқиға былай: Біржан алты жолдасымен (кей нұсқаларда он бір) ақын Сараны іздеп Жетісуға келгені баяндалады. Яғни, әдеби терминмен айтсақ, айтушының сөзі арқылы оқиғаның басталуы – тура экспозиция. Біржан тобы ауылға кіргенде, ауыл жігіттері оларды өлеңмен қарсы алады, арада аздаған қағысулар болады. Біржан Сараның шешесімен, одан Сараның сіңілісімен айтысып қап, олардың өзін зорға тоқтатады. Бұл арада, атағы жер жарған сал Біржанға қыз бен шешесін автор әдейі қарсы қойып, айтыстырып отыр. Бұлар Сараның образын сомдап, шыңдау үшін ойдан жасалған кейіпкерлер. Автордың айтары «сенің асқақтаған Біржан атың болса, Сара да осалың емес». Автор баяндауындағы:
Сал Біржан құп болар деп аттан түсті
Жауапқа көрінеді қатын күшті.
Өзі мұндай, қызы бір қу шығар деп,
Жолдасының алты бірдей зәресі ұшты,-
деген жолдар шығармадағы сюжеттік байланыстың туғанынан хабардар етеді. Екі ақынды кездестірмес бұрын автор Тұрысбек қажыға мұның айтқызу арқылы Сараны, оның жәйін оқырманға таныстырып алады. Бұл да бір сюжеттік тартыс тудырудың нәзік тәсәлі. «Алтай-Қарпық» деп аттандаған Біржанға Сара бірден суырылып, атойламайды. Автор оқиғаны ширықтыра түседі. Бүкіл ел демін ішіне тартып, Тұрысбек, Есімбектер қыпылықтап қалады. Сосын Сараны қуаттандыру үшін қажы бата береді. Осының бәрі көркем шығармаға тән оқиғалар, ситуациялар емес пе?! «Кел, Сара амандасайық» деген Біржанға, Сара «Қисасұл әнбиені» алға тартып оңтайлы жауаппен қарсыласын омақастырғанынан оқиғаның дамып, нағыз ситуациялық шиеленістерге ұласқанын байқау қиын емес. Осындай композициялық сатыларда автор өз баяндауымен оқиғаны ары қарай өрбіте жалғап отырады:
Көтерді домбырасын көкке сермеп,
Салады түрлендіріп әнмен өрнек.
Бұл сөзге ызаланып алғаннан соң
Дауысқа салды Біржан аспанға өрлеп.
Оқиға қимылы күшейіп, тартыс тақымы тарыла түскендей. Бірі – сал, екіншісі – әнші. Екуі де өз бастарының атақ-даңқын асыруда бірінен-бірі өтіп, түрленген теңеу мен астары мол асыл сөзге көмілді, ұтымды ұқсатулар мен бағалы баламалар тіпті қалмады. Енді екі ақын да өз елдерінің бетке ұстарларын асыра мақтауға көшті. Байқасаңыз, оқиға жүйелі бір тәртіппен дамып отырады. Біржан Арғынды адақтаса, Сара Найманды асырды. Әрине, оқиға бөгетсіз дами бермейді. Бұл сюжеттік дамудың ситуациядан шиеленіске көшкен түрі. Енді қаһармандар арасында қақтығыстар басталды. Біржан Құнанбай мен Абайды асыра мақтаса, Сара Құнанбайды Қазыбекке найзалатып, Абайды жерден алып, жерге салды. Демек, тартыс – өмірдегі қайшылықтардың өнердегі көрінісі, адам тіршілігіндегі түрліше қарама-қарсылықтардың өнер туындысындағы жинақталуы, суреттелуі, яғни, оқиғаның барынша шиеленісе түскендігі аңғарылады. Біржан Құнанбайдың Найманға қылған ерлігімен тамсанады. Ақыр соңында Сара қыздың Жиенқұлдай нашарға қосылғанын айтып, сол жаманды көргісі кеп, құмарта, құтырынған Біржан Сараны сүріндіріп тынады. Міне, дарадан күрделіге қарай дамыған қым-қуат ширыққан шиеліністер шоғыры оқиғаның шарықтануына да жеткізді. Автордың сөзіне бақсақ:
Тұрысбек Біржан салға атан берді,
Маман құтып тай-тұяқ шапан берді,
Естуші ек дабылынды сыртыңыздан
Жарайсыз өнеріңді көзім көрді.
Сараға ер Есімбек берді жорға,
Ұялып бергеннен соң алды зорға.
Тұрысбек ақ жібектен койлек беріп,
Жылатпаспың,- деді, енді сені қорға.
Бұл – шығарманың мақсатын айқындар автордың үкімі, тартыстан туған соңғы нәтиже, көркем туындының шешімі. Ал, шығарманың прологы – соңғы сөзіне Сара мен Біржанның қоштасуы мен автордың соңғы сөзі кіреді. Шым-шытырық оқиғалар, тартыс таразысымен шиелінісе барып шешілген көрініс аяқталды. Біздің түйген ойымыз – Сара ақындық өнері мен сөз қуатының арқасында бас бостатандығына қол жеткізді, ал Біржан Сараның сөз қуатын шынықтыра шындаған, сөйтіп, ақындық дәрежесін үлкен биікке көтеруші, Сара қыздың бас бостандығына кепілдік әперуші. Бір сөзбен айтқанда, жоғарыдағы талдаулар айтыстың бастан-аяқ белгілі бір сюжетке құрылған көркем шығарма екенін танытып тұр. Осы тұста Ахмет Байтұрсынұлының мына бір пікірін келтіре кетуді жөн көрдік: «Айтыс бастапқы кезде шын екі ақының айтысқаны болса да соңғы кезде ақындар айтысты өз жанынан шығаратын болған. Яғни, екі ақының айтысқаны қылып,екі жағының да сөзін өзі шығаратын болған. Сойтіп, «айтыс» шын айтыс емес, тек шығарманың түрі болуға айналған. Адамның, елдің яки бүкіл жұрттың келіссіз істерің, мінездерің,пиғылдарын айтқысы келсе, ақындар өз атынан айтпай, айтысқан ақындардың сөзі қылып шығаратын болған»,- деген пікірі (Шығармалары. –Алматы: Жазушы, 1989. 227-бет) «Біржан-Сара айтысының» тарихын тап басып тұрғандай.
Демек, келтірілген дәлелдеулер Әріптің Біржан мен Сара арасындағы болған айтысты елеулі өндеуден өткізіп толықтырып көркем туындыға тән оқиғалы дүние жасағандығын көрсете алады.
Дәлелдерімізді бекіте түсу үшін Әріптің «Тәуке мен Ұрқия айтысы» шығармасын «Біржан-Сара айтысымен» салыстырып, екі айтыстың идеялық мазмұнына, оқиға орайластығына, сөз салымдарына үңіліп байқайық. Екі айтысты салыстырмас бұрын, алдымен, ақынның «Тәуке-Ұрқия айтысына» түсінік беріп кетейік. Шығарманың басты кейіпкерлері Тәуке мен Ұрқия. Ұрқия – Әріпке туыс. Жанкөбек, Ақтайлақтан тарайды. Ал, Тәуке – Тобықты, Мәмбетей елінің батыры. Тәуке жайында Уәйіс Шондыбайұлы «Тәуке-Жікібай» дастанын жазған. Бұл туралы?. Мұхамедханұлы өз еңбегінде кеңінен түсінік берген (қараңыз: Абайдың ақын шәкірттері. К. 2. –Алматы: Дәуір, 1995).Тәуке 1912 жылдары тұтқындалып, Сергиополь түрмесінде отырғанда Ұрқиямен кездесіп айтысқан. Қ.Мұхамедханұлы осы жайында: «Тәуке-Ұрқия айтысы» — өмірде болған шын оқиғаны айтыс түрінде жазған Әріп ақынның көркем шығармасы»,- дейді. (Абайдың ақын шәкірттері. К. 3. –Алматы: Дәуір, 1995, 162-бет). Болған айтысты көркем шығарма етіп, өңдеп жазу Әріптің ақындық өнеріне машық құбылыс екендігін «Тәуке-Ұрқия» шығармасы дәлелдей түседі.
Енді екі айтыстың табиғатын таразылар болсақ, әкесінің төрт түлігі сай, дүниеге мұқтажсыз Сара айтыста қажы ағасына мұның шағып, бас бостандығын аңсаған жан болса, Ұрқия да Жұмақандай мырзаның қарындасы, еріксіз аз ауыл Ақымбетке ұзатылып, Аякөзде тезек арқалап, су тасыған күйге түседі.
Сара:
Сіздерден ұялғаннан үндемеуші ем
Есекке қосақталуы өтті-ау күнім,-
деп ашынса, Ұрқия «Ақ ноқта басқа киіп қатын болдық»,- деп мойынсұнады. Екі айтыстың да негізі желісі Сыбан мен Тобықты елі төңірегінде өрбиді. Сара да, Ұрқия да Тобықтының бүлігін қарсыластарының бетіне басады.
Мәселен, Ұрқия:
Ұрысын Тобықтының қойдай тізіп,
Еліне намыс қылар бар ма кісі.
…Батырым мейлін мақта, мейлің боқта
Тобықты кигізіпті шынжыр ноқта,-
десе, Сарада:
Мақтанған Ыбырайың дәнеме емес,
Бүлінді бар Тобықты пандығынан
…Елге құт берекелі кісі болса,
Маңғазы Жігітектің қайда кетті?
Ал, қарсыластары – Тәуке мен Біржан Тобықтының тұлымын көтереді.
Тәуке:
Адам жоқ бақыты асқан Құнанбайдан
Үлгілі Орта жүзге өнер жайған.
Біржан:
Құтыма тіл тигізбе ер Құнанбай,
Алашқа даңқы шыққан кер бұландай,-
деп асқақтатады. Екі айтыстың сөз салымына көз салсақ,
Біржан:
Үш жүзге даңқым шықты өлең жаттап,
Қысқартам адымыңды бір-ақ аттап,-
десе, Ұрқия Тәукеге:
Болсаң да қанша жүйрік тоқтатармың,
Қысқартып адымыңды бір-ақ аттап,-
дегені сияқты сабақтастықтар екі айтыста да молынан кездеседі. Айтыстағы Сара да, Тәуке де өз қарсыластарынан ақындық қуатының кемдігінен немесе ұрымталда сөз таппағаннан жеңілген жоқ. Елінің айнасы болған ақынның ең осал тұсы да – сол елдің, өз елінің міні. Сараны Жиенқұлға қосақтаған да, Тәукеге шынжыр ноқта кигізіп, абақтыға жапқан да ел-жұрты, дәлірек айтқанда өз елінің игі-жақсылары.
Жеңілдім рақымсыз елім үшін,
Кетіп тұр бүгін менің қайрат күшім.
Сиық жоқ қазір менде Тәуке дерлік
Азғындап, қан азайып, тұрған пішін,-
деп ер Тәуке ақындық қуатын елінің жамандығына құрбандық етсе, Сара:
Адамға жол бермеген есіл тілім
Күн өтпей қурап ұшқан қызыл гүлім.
…Өзі білер деуші едім жақсылардың
Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім,-
деп, ел жуандарының рақымсыздығынан Біржан алдында шырмалады. Екі айтыста да әлеуметтік ой-түйіндер осылайша бір араға түйсуде. Екуіндегі осыншалық ұқсастықтарды елемеу мүмкін емес.
«Біржан-Сара айтысына» Әріп қатыстырғысы келмейтін зерттеушілер тобының ұстанар дәлеледерінің ең салмақтысы – Әріп шығармалары мен айтыс табиғатыңдағы сөз қолдану, стиль алшақтықтары. Мәселен, Е.Ысмайловтың: «Біз әуелі Біржан мен Сара айтысының Әріп өлеңдерімен үндестігі, ақындық өнер жағынан қайталанып келетін тамырластығы бар ма деп қарастырдық, бірақ ондай үндестік байқалмайды»,- деп:
Ақ қағаз тәштит етпе хат жазарға
Түскен соң мағлұм болды сөз базарға…
Жаһил көп тілін тіске құр жаныған
Не пысық сәел қылсаң иманыңнан,-
деген сияқты Әріптің бірнеше осы сипаттас өлеңдерінен үзінділер тере келіп: «Әріптің мұндай өлең, сөз өрнектерінен Біржан мен Сара айтысындағы ақындық өнер үлгісі байқалмайды. Әріп оқыған
Сөзді қысқа қайырғанда Біржан мен Сара кездескен. Жиенқұл дауына байланысты кездескен екі ақынды көруге көп жұрт жиналып, Біржан мен Сара солардың алдында өз өнерлерін көрсетіп өлең айтып, Ешкіөлмес бауырын әнге бөлейді. Бірақ екі ақын айтыспаған. Жиенқұл тақырыбындағы екі ақынның сөзін Әріп айтысқа арқау еткен. Дәлірек айтқанда көп өзгеріссіз енгізе отырып, әрі Тобықты мен Сыбан арасындағы ру тартысын негізгі тақырып етіп, бас-аяғы белгілі бір сюжетке құрылған айтыс жазады.
Төңкеріске дейін айтыс Қазан қаласында екі нұсқада бірнеше рет жарық көрді. Е.Мырзахметұлының үшінші нұсқа деп отырған Зайсан нұсқасы екінші нұсқа. Менің білуімше айтыстың екі-ақ нұсқасы бар.
Ең алғаш рет 1898 жылы айтыстың бірінші нұсқасы басылым көрді. Оны бастырған Ж.Шайхысламұлы. «Қисса-и Біржан сал менен Сара қыздың айтысқаны. Бастырған Шамсуддин Хұсайн ұғлының балалары. Қазан, Университет баспаханасы, 19 б.» Бұл нұсқа дүркін-дүркін 1900, 1901, 1907, 1913, 1914 жылдары басылып шықты. Екінші нұсқа алғашқы нұсқадан кейін іле-шала 1899 жылы төмендегідей атпен шықты. «Қисса-и Біржан сал менен ақын Сараның айтысқаны. Бастырған ағайынды Кәримовтар. Қазан, М.А.Чиркова балаларының баспаханасы, 1899. 24 б. Редакциясын басқарған Абу-Ғабдулуахид Шәкиржан Әл-Хамиди-т-Тәкәви». Бұл нұсқа Зайсан қаласынан жіберілген нұсқа делінеді.
Аталған екі нұсқаның негізгі оқиға желісінде үлкен өзгерістер жоқ. Екі ақынның айтысы кейбір шумақтардың бірінде болып екіншісінде болмай қалуы, сондай-ақ синонимдік өзгеріске түскен сөздердің айырмашылықтарын ескермегенде екі нұсқаның жалпы сұлбасы, сюжеттік желісі бір.
Негізгі өзгешелік айтыстың басталуы мен аяқталуы және айтушының сөздерінің қосылуы. Көлемі жағынан толығырақ екінші, яғни Зайсан нұсқасы болып табылады. Екі нұсқадағы елеулі деген өзгешеліктерге тоқталсақ:
Бірінші нұсқадағы: «Қызы екен Тастанбектік ақын Сара» деп басталып, «Құдайым қуат берсе енді сізге» деген аралықтағы шығарманың алғы сөзі (елу жол өлең) екінші нұсқада басқаша өрілген. Екінші нұсқадағы «Жарандар, құлағың сал, келді кеңес» деп басталып, «Қажыға мұңын айтқан сонда отырып» деген аралықтағы 172 жол өлең жолы айтыстың көркем шығармалық құрылымын анықтап оқиғалық желіспен берілген. Оқиға желісі былай: Біржан алты жолдасымен ақын Сараны іздеп Жетісуға келеді. Алдымен Сараның шешесімен, одан Сараның сіңілісімен айтысады. Арасында айтушының, яки автордың және Жүнісбектің сөзі бар.
Шығарманың соңында бірінші нұсқада «Жиылған жұрттың бұларға берген сыйы» (20 жол), «Сараның сонда жұртқа айтқаны» (16 жол), «Айтушының сөзі» (26 жол) сияқты екінші нұсқада кездесетін өлең жолдары жоқ. Есесіне, екінші нұсқада соңғы Біржанның айтқан сөздерінің кей тұстары (30 жол) сондай-ақ, Сараның Біржанмен қоштасу сөзі (20 жол) сәл өзгешелеу келеді. Алайда екі нұсқаның аяқталуындағы Біржан мен Сара сөздерінің мағынасы бір.
Бірінші нұсқада жоқ Біржанның «Ыбырайға тамам елің Найман жетпес» деп басталып, «Барыңды өз қолымнан таратайын» деген 60 жол өлең екінші нұсқада бар. Онда Ыбырайға (Абайға), Құнанбайға қатысты мадақ сөздер айтылған. Осындай өзгешеліктердің өзі екі нұсқаны бір-бірінен алшақтата алмайды. Демек, түбі бір шығарма бастырушылар тарапынан немесе бастыруға ұсынушы тарапынан өзгеріске түскен.
Ендігі жерде «Біржан мен Сара айтысқан ба, әлде оны Әріп ақын шығарған ба?» — деген екіұшты пікір жөнінде қысқаша тоқталып өтейік. Бұл жөнінде толығырақ «Әріп ақын» монографиясында (авт. Б.А.Ердембеков. -Алматы, 2001) айтылған.
Біржан сал жетісуға бірнеше рет келген. Соңғы бір сапарында әдейілеп Сарамен кездеседі.Бұл кездесу шамамен 1895-96 жылдар. Сараның Жиенқұлға айттырылған аянышты тағдыры Біржанды бей-жай қалдырмаған. Әдейі іздеп келген Біржан алдында Сараның Тұрысбек қажыға айтқан арызы, Біржанның Сараны қорғап сөйлеген сөзі Әріптің айтыс жазуына негізгі арқау болған. Біржан мен Сараның айтқан өлеңдері көп өзгеріссіз айтысқа енген. Ел аузында сақталған өлеңдерді кезінде Сара Тастанбекқызы өмірін терең зерттеген. Т.Қалилахановтың арнайы мақаласында (қараңыз: «Ақын Сара туралы соны деректер. //Жұлдыз. 1958.№4,5»), І.Омаровтың еңбектерінде (қараңыз: Ақын Сараның әдебиетіміздегі үлесі. //Қазақ әдебиеті. 17 шілде, 1959., Әдеби толғамдар. Алматы, 1988) келтірілген. Айтысқа Біржан мен Сараның нақты қай сөздер қандай өзгерістермен енді деген сауалға жауап ретінде Т.Қалилаханов мақаласындағы ел аузынан сақталып жеткен өлең жолдарын айтыс мәтінімен салыстыру мақсатында толығырақ келтірейік:
«Тұрысбек ауылы Біржанды сый-құрмет көрсетіп қарсы алған. «Ешкіөлместің» бөктерінде көк майсаға шатыр тіктіріп Біржан салдың өлеңдері мен әндерін тыңдаған. Біржан өзінің келген жәйітін, Найманның ақын қызы Сараны көргісі келетінін білдіріп, оны шақырыңдар деп көп өлең айтқан. Біржанның сондағы өлеңдерін ұғып, бұл оқиғаны өздері де өлеңмен бейнелемекші болған жергілікті ақындар Біржанды былай суреттейді.
Әдейі Біржанға арнап тіккен шатыр,
Алдында қызыл-жасыл кілем жатыр.
Айнала алқа-қотан отырған ел
Тыңдауда салдың алуан сөзін нақыл.
Таңырқап жұрт тыңдаған сол Біржан-сал,
Ол күнде алпыстарға тақаған шал.
Қара-сұр адам еді онша өңді емес
Қыр мұрын, түлкі мұртты, шоқша сақал.
Сол күні Тұрысбектің ауылында,
Үлгі айтты Қаптағайдың қауымына.
Біржанның төңкерілген әнін естіп
Ешкіөлмес ел жиналды бауырына.
Біржанның өз айтқан өлеңдерінен мына сияқты өлеңдер ел аузында қалған.
Мінекей жасым асты елу бестен,
Өткіздім сауық-сайран мен бір десте.
Найманға келіп сәлем берейін деп –
Еліңді іздеп келдім Ешкіөлмеске.
Сөзіме қалың Матай құлағың сал,
Бұл күнде жасым озған жәй мен бір шал.
Бұрылдым танысқалы ұзын жолдан
Келгем жоқ олжа сұрай, алуға мал.
Ойда жоқ қуанышпен ғұмырымда,
Кез болдым Маман шалдың ұғылына.
Найманның бұлбұл құсын көрмек едім
Қондырған Қаптағайдың тұғырына.
Тұрысбек, Сара келсін шақыр бері,
Өзі естіп, көзбен көрсін Біржан сері.
Парасатты сөзі терең адам болса
Көңлімнің тарқаушы еді сонда шері.
Сайраған орта жүздің бұлбұлымын
Керейдің – Алтай қарпық ақтаңгері.
Қырандай аспандайтын желді күні,
Дауысым көтерілер шықса тері.
Алтын менен күмістің нақысындай
Міні жоқ бізден шығар сөз бедері.
Ақ иық мұз балықпын жерге түспес,
Кең қолтық арғымақпын алқымы іспес.
Он рет Орта жүзді орай шауып
Жүйрікпен талай-талай болдым істес.
Қыран ем қызыл түлкі өскен бағып,
Қарсы ұшқан дауылдарға қанат қағып.
Желғабыз, жез тағалы еңіреу ем
Қара тер шыққан сайын кетер ағып.
Бақ дәулет қонбағанмен Қожағұлға,
Ақымды жібергем жоқ қазақ ұлына.
Сайратқан орта жүзде бұлбұл болдым
Қызығып қыдырмаған алар пұлға.
Атадан Біржан сал боп тудым артық,
Самғайтын бәйге атындай артып, тартып.
Аққумен аспандағы ән қосушы ем
Қозғасам ащы күйді түптен тартып.
Көкшетау дуанына даңқым барған,
Мен Біржан Алатаудай айқындалған.
Елімде ешкім қақпас болдым ерке
Айтатын арызым жоқ, халқыма арман.
Жорғамын жолсызбенен самғайтұғын
Бәйге аты шылбырымнан шалмайтұғын.
Ежелден құлаш мойын көк айылмын
Лауға алты жұма талмайтұғын.
Ой желке, қамыс құлақ, теңбіл көкпін
Тұнықтан жүзіп ішпей қанбайтұғын.
Қырымға қарайтұғын қыран құспын
Аң алмай жерге бекер қонбайтұғын.
Айнымас қанды балақ ақ иықпын
Тұяғым тиген қасқыр оңбайтұғын.
Асылмын құс болғанда аспандағы
Қаңтарда қалшылдаған тоңбайтұғын.
Осындай бастан кешкен сырларым бар
Қазақ жоқ Біржан десе нанбайтұғын.
Жәйімді Ешкіөлмеске естірейін
Есінен өмір бойы қалдырмайтын…
Бұл өлеңдерін Біржан өзінің ақындық дарындылығымен таныстыру үшін айтқан. Негізгі мақсаты Сараның ақындығын байқап, оның арыз арманын жұрт алдында айтқызбақшы болып, Біржан Сараға былай деген:
Жақындап жаныма кел, жаным балам,
Найманда ұлдан озып туған данам.
Тыңдайын арманыңды айт халқыңа
Алдында Тұрысбек пен Біржан ағаң.
Білетіндердің айтуына қарағанда, Сара Біржанның алдына келгенде, оны Тұрысбектің төрт қызы бірдей қошаметтеп, қасына ере келген. Сараның Біржан мен Тұрысбек қажы алдарында отырғандағы айтқан өлеңдері мынадай:
Қызы едім Тастанбектің атым Сара,
Елінде ер Қаптағай шықтым дара.
Қолыма он үшімде домбыра алып
Келемін бір сүрінбей жеке дара.
Алдында сөз сөйлейтін Біржан аға,
Айтарсыз арызыма өзің баға.
Қамысты терең көлдің сұқсыры едім
Кез болдым қаңғырған бір қаршығаға.
Өлеңге мен жасымнан желді көрік,
Қуандым ақын ата сізді көріп.
Ағалық парызыңнан құтылайын
Алдыңда аз да болса сөйлеп беріп.
Өлеңмен арманымды ағытайын
Самарқан жібегіндей оннан өріп.
Ататай, өмірімше ризамын,
Мен үшін келгеніңе көңіл бөліп.
Арманнан арылғандай бір сергідім
Ризамын кетсем халқым бүгін өліп.
Көпке аян көңілімнің жарасы бар,
Жасымнан жаныштаған жерге көміп.
Бүгін күн тірілтер деп үміт етем
Жақсылар ел билейтін жөнге көніп.
Жалын ем жанып тұрған нөсерге өшпес,
Болат ем екі жүзді алмас кеспес.
Қор болып саз балшықтай қурай түстім
Құрбыма қосыла алмай өзім теңдес.
Еркек аз өз басыма теңгерілген,
Сөзіме он жасымнан өң берілген.
Нәп-нәзік көзге олқа көрінсем де
Сан мықты қойдан оңай өңгерілген.
Ұшырған тәрбиелеп ақ тұйғынмын
Алтынмен жібек бауым көмкерілген.
Әніме аспандағы құс айналар
Құбылып тоты құстай төңкерілген.
Сайраған Матай, Садыр бұлбұлымын
Қапаста жел тигізбей жем берілген.
Осындай ат басындай алтын басым
Аулымда көк есектен кем көрінген.
Қолдай көр ер Қаптағай ата-бабам,
Сөзімді тыңдатайын келсе шамам.
Қажыеке-ау, көптен батпай жүруші едім
Айтайын өз мұңымды сізге таман.
Қажыеке-ау күні құрсын ұрғашының,
Билігі болмаған соң бір басының.
Берген соң тері-терсек ит те алады
Бұлындай берекесіз арбашының.
Сіз мені ғайып етпе зарланғанға,
Тұңғиық сырым терең барлағанға.
Мінеки, он жетіге биыл шықтым
Сан жүйрік ерген емес самғағанда.
Хан, қара — калың топта сан сайрадым
Көз көрмей бәрі бекер нанбағанға.
Бермеген топтан торай екі саңлақ
Соларға жұрт таң қалған болмағанға.
Қажыеке-ау сізге айтарлық арызым сол –
Қапамын бас бостандық алмағанға.
Сараның бұл сөздерін тыңдағаннан кейін, Біржан ақын іле-шала мына өлеңдерді айтқан:
Жарайды, жаным Сара, осы сөзің,
Тас түлік тұрымтайдай екі көзің.
Арықтап арманыңнан жүргеніңде
Ауылыңа құдай айдап келді кезім.
Шіркін-ай, мұндай жүйрік туармысың
Сөйлейсің алтындай қып сөздің жезін.
Алдыңа ағайының әкеп қойған
Қисығын көріп тұрмын құрған тездің.
Қанатын күн шалмаған ақ тұйғынның
Қор қылған жапалаққа басқан ізін.
Қосқан ба қорлағалы бір қортыққа,
Қарайтып қарағымның жарқын жүзін.
Дені сау ел емес қой Тастемір де
Жүр екен тастай алмай отқа қызын.
Арманың анық болды енді маған,
Ашиды рас жаным Сара саған.
Алтынның қолда барда қадыры жоқ
Қор бопты бағалаусыз асыл бағаң.
Біліп ем Сара сенің сыңарыңды,
Баса алмай армандамын құмарыңды.
Әдеппен ақ домбыраңды алғаныңда-ақ
Көргенмін сөзге қайрат қыларыңды.
Есітіп ел шетінен келгеннен-ақ
Білгенмін арман айтып жыларыңды.
Бір сырлы, сегіз қырлы жүйрік Сара
Көрсеттің көзге тарта мұнарыңды.
Шақыртып күйеуінді осында алдыр
Көрейін таңдап қосқан сыңарыңды.
Тұрысбек риза болсын Сара саңлақ,
Күйеуін келтіріңдер қосқан таңдап.
Тең құрбы өзіменен адам болса
Көрінер көп көзіне келсе сонда-ақ.
Шыбықтай жігіт шығар өңі нұрлы,
Өнері Сара теңдес сегіз қырлы.
Шеберден мін табатын мініскердей
Ер шығар тоты құстай неше түрлі.
Жақсыны көрмек үшін деген Сара,
Ел қамын өзін қойып жеген Сара.
Қосқаны жаман болса қажы ұялсын
Сен оған ұяласың неден Сара.
Біржанның жақтап айтқан бұл өлеңдерінен қатты қуанған Сара мына өлеңдерді айтқан:
Ашылшы ауызым бір, сайрап тілім,
Құлпырар ма екен қайта қызыл гүлім.
Халқыма ұялғаннан айта алмаушы ем
Есекке қосақтаулы өтті күнім.
Өзі білер деуші едім жақсылардың,
Ойласам қате қылық екен мұным.
Бір жәрдем бермегенде Біржан атам,
Жоқ екен жүйрік иттей өлсем құным.
Сайрайтын сандуғаштай сорлы басым
Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім.
Бәрің де Женқұлды көріп едің,
Құдайдан қорықпай соған беріп едің.
Қорғауға жат алдында ел намысын
Бәріңе қыз болсам да серік едім.
Біржан-сал көрсін алдыр Жиенқұлды,
Ылайықтап елім мені берген ұлды.
Ұяттан кісі өлмейді сағы сынар
Қайтейін құдретімен ием қылды.
Жүрмесе Жиенқұлды келтір байлап,
Өлмейін зығырданым күнде қайнап.
Ағалар бұл сөзімді тыңдамасаң
Шақырам аруақты Қаптағайлап.
Қажыеке-ау көріп келдің хақтың үйін,
Мен түгіл өзгеге де зорлық қиын.
Алланың алдында да жылармын мен
Күнінде таңды махшар болса жиын.
Көзімді аш, көңілімді ала қылмай,
Күн сайын дұшпаныма таба қылмай.
Баруға Жиенқұлға риза емеспін
Кетсең де біржолата бала қылмай.
Қажыеке-ау кісі жібер балаңызға,
Айтылып аты түсті арамызға.
Еліне Біржан атам айта барсын
Көрсетпей жігітті ұрлап қаламыз ба.
Бар еді ұлы-қызың ей қажы аға,
Қорлықтан болдым заржақ беймазада.
Айтылды қарсылығым халық алдында
Ризамын бұйырсаңыз қай жазаға…
Біржаннан ұялғаннан Тұрысбек қажы Жиенқұлды келтіруге өзінің құла жорға атын жібереді. Екпінді және басы қатты құлажорға ат топқа жақындай бергенде елдің у-шу даусынан үркіп Жиенқұлға бой бермей алып қашып кетеді. Бір көзі соқыр, белі бүкір, ат басына ие бола алмаған дәрменсіз Жиенқұлды барлық жұрт көріп, ондай адамға Сараны қор қылмау керек деп шуылдасады. Жиенқұлды көре тұрып және халықтың Сараны жақтаған талабын ескеріп Біржан мынадай өлеңдер айтады:
Көлбесін көкті шарлай көне әнім,
Тыңдаңдар тірі Матай тегіс бәрің.
Әлек – деп атам қазақ босқа айтпаған
Кімде-кім білмейтұғын өзі әлін.
Көбіңе күмәнданар енді не бар
Көзіміз көріп отыр істің мәнін.
Қақ жолын қабыл тұтқан Қажы-ақ айтсын
Сараның арызына билік дәлін.
Шырағым Сара сендей тумас бала,
Шежіре туармысың мұндай дана.
Обалың ел ағасы Тұрысбекке
Қосқаны нашар екен, ей, бишара.
Ел-жұртың қорықса керек көз жасыңнан,
Қиып кеткім келмейді мен жасыңнан.
Мен қайран елің қалай кемітті деп
Адамзат озар емес өз басыңнан.
Дұшпаның жамандайды не деп сені,
Айбатың әлемге айқын ай бедерлі.
Садаға тырғаныңнан кетсін Сара
Сан жүйрік көріп едім мен нелерді.
Тұрысбек, той боп қайтсын осы жиын,
Берейін көкпарыңа мен-ақ тиын.
Азат ет халық алдында Сара қызды
Бір бата көп ұйғарса қанша қиын…
Біржаннан ұялғаннан және халық дабырынан қаймыққаннан Тұрысбек қажы осы жиында амалсыздан – «Сара Жиенқұлдан азат» — деп жариялаған. Бірақ, бірнеше шариғат заңдарын еске түсіре отырып, Сараның ендігі жерде Қаптағайдағы әмеңгер жігіттерінің ішінен біреуге өзі қалап тиюге тиісті екенін айтқан. Бұл жиынның арты шынында да той болып тарқаған. Бұл уақиғаны жергілікті ақындардың бірі былай көрсеткен:
…Мақұлдап жұрт қозғалып және шулап,
Бауыры «Ешкіөлместің» кетті дулап.
Қуанып халықты риза еткеніне
Біржан да боз баладай қалды қунап.
Көп тосқам жолыңызды көзім сүзіп,
Өмірден кетіп-ақ ем үміт үзіп.
Ататай, ескерткіш қып елге апар деп
Біржанға Сара берді алтын жүзік.
Ризамын Саражан деп Біржан күліп,
Көк торғын шапанының жеңін түріп.
Күлдәрий белбеуім – деп: «той жыртысы»
Жіберді суыртпақтап үлестіріп.
Бірі шал, бірі жас қыз екі саңлақ,
Баурында “Ешкіөлместің” әнмен самғап.
Тұңғыш рет азаттық деп ту көтерді,
Дабылын бүкіл қазақ естіп жан-жақ…
Жарты ғасырдан астам уақыттан бергі бүкіл қазақ халқына әйгілі Біржан-сал мен ақын-Сараның кездесуі осылай болған. Бұл тамаша кездесуді тарихта қалдыру үшін Әріп ақын Біржан мен Сараны әдейілеп айтысқан ақындар деп көрсеткен” (Ақын Сара туралы соны деректер. Жұлдыз. 1958 №4) . Міне, айтыстағы Біржан мен Сараның сөздері шамамен осылар.
Айтыспен салыстырып қараған адамға жоғарыдағы өлең жолдары Әріп шығарған айтыстың негізгі сұлбасы, Біржан мен Сараның айтқан кей өлең шумақтары еш өзгеріссіз айтысқа енген, автор өзгертуді жөн деп таппаған. Сондықтан да, көркем шығарма ретінде жазылған бұл айтыста Біржан мен Сараның да үлкен үлесі бар екенін ерекше айта кетуіміз керек.
Айтыстың толық нұсқасы деп танылып жүрген 1899 жылғы Зайсан нұсқасын негізге алсақ, Әріп Біржан мен Сараның кездесуін, ондағы өлең-сөздерін арқау ете отырып айтысты белгілі бір сюжеттік желіске құрылған көркем шығарма етіп жазған. Біржанның Ешкіөлмеске келуі, Сараның шешесімен, сіңілісімен айтысуы, Найман мен Арғын дәлірек айтқанда Әріпке жақын тақырып Сыбан-Тобықты арасындағы тартысты Сараның бас бостандығы сияқты тақырыпқа ұштастырып әкеп, әдемі сюжеттік желіс құрауы Әріптің толық авторлық құқығын айқындайды. «Біржан – Сара айтысының» Әріп Тәңірбергенұлы қолынан туған көркем туынды екендігін қуаттайтын негізгі деген мәселелер атап көрсетсек төмендегідей:
- «Біржан – Сара айтысын» Әріп жазған деген пікірлер төңкеріске дейін және одан кейінгі 30-жылдардың аяғына дейін талассыз түрде айтылып келді. Ж.Жабаев (ҚРҒА ОҒКҚ, 402-папка, 1-дәптер), І.Жансүгіров (Құнанбайұлы А. Толық жинақ. Қызылорда, 1933), Әрхам Ысқақов (Екпінді, 1940. 12 желтоқсан), М.Әуезов (Абай өмірбаянының алғашқы нұсқасында), С.Машақов, Қ.Мұхаметханұлы (Абайдың ақын шәкірттері. Алматы, 1995), Т.Қасенұлы (Социалистік Қазақстан. 1936. 11 қыркүйек), Тұрағұл Құнанбаев (Әкем Абай туралы. Алматы, 1993), Ж.Белослюдов (О киргизской поэзии//Сибирский студент. 1915. №3,4) т.б. Ал, «Біржан – Сара айтысы болған, ол ауыз әдебиетінің үлгісі» — деген пікір 30-жылдардың аяғынан бастау алды. Көшбасшысы С.Мұқановтың Айтыс және ақын (Әдебиет майданы. 1939. №1) мақаласы.
- Айтыстың көркем шығармаға тән белгілерін атасақ, біріншіден айтыс бас-аяғы жинақы оқиғасы бар белгілі сюжетке құрылған, екіншіден, жері шалғай екі өңір ақындарының сөз саптауы, өлең құрулары, бүгінгі тілмен айтқанда стилі бір. Осындай көркемдігі мінсіз айтыс құру үшін үлкен айтыс ақыны болуы шарт. Ал Біржан, ең алдымен, айтыс ақыны емес, Сараның да бізге жеткен айтыстары мұндай көркемдік биіктен көрінбейді.
- Айтыста өзін Арғынмын деген Біржан Арғын емес, Керей руынан. Сара да айтыста аталғандай Қаптағай руынан емес. Сара Матайдағы Кенже деген елдің Тастемір деген аз ғана руынан шыққан. Өз руының атынан сөйлемеу айтысқа, жалпы ақындар табиғатына жат нәрсе. Қалай десек те, Біржанды – Арғын, Сараны – Қаптағай етіп отырған Әріп.
- Айтыс Арғын мен Найман, оның ішінде Матай ақындарының арасында болды деген күнде де, екі ақынның ру жағын сөз еткенде Тобықты мен Сыбанға ауып кетуі тағы да Әріптің көркем туындының тартысына ыңғайлаған әдісі.
- Айтыстағы Абай мен Құнанбайға қатысты сөздер тағы да Әріпке қатысты. Әріптің «Зияда-Шаһмұрат» қиссасының Абай тарапынан сыналуы, Әріп соны кек көріп (бұл арада өнер адамдарының арасындағы шәкірттің ұстазға деген арты жоқ ашуы деп ұққан жөн) айтысқа Абайды жамандаған сөздер қосады. Бұл туралы Тұрағұл Абайұлының естелігінде де айтылған. Қуанышбай ақынмен айтысында да Әріп бұл құбылысты мойнына ала жауап қайырған.
«Біржан – Сара айтысындағы» адамдарға және кейбір оқиғаларға түсінік бере кетсек, Сара Матай руынан болғанмен, Матайдан Маман, Тұрысбек, Есімбектер ғана аталады. Онда да автор баяндауында. Матай елінің атақты бай, ел басқарған адамдары Маманов Тұрысбек Қаптағай оның ішінде Қыдыралыдан тарайды. Тұрысбек көп жылдар Қапал уезі Арасан болысын басқарған. Қажыға барған, 1904 жылы дүниеден өткен. Тәнекенің Есімбегі Көлдей-Жұмай аталатын болыстың болысы. Сараның:
Таласпас Тәнекемнің жан бағына,
Теңермін егер тартса іс ағына, — дегендегі
Тәнеке осы Есімбек байдың әкесі.
Сараның қалған аузына алып сиынары Қаракерей-Сыбанның қаракөктері. Мәселен:
Кеншімбай, Дулат, Сабыр, Сұртай, Жылтыр,
Жанұзақ қолда, дедім ақын Түбек, - дейді.
Осында Сара сиынған ақындарға тоқталсақ, Кеншімбай Күшікұлы Матай руынан, оның ішінде Жарма Матайларына жататын Елқонды тармағынан. Кеншімбай 1846 жылы Тана мырзаға еріп барып Жетісуда Арғынның ақыны Орынбай Кертағыұлымен айтысып, бүкіл Найманның бағын асырды. Айтыста Сараның:
Орынбай іздеп келіп, кеткен қаңғып
Жеңген жоқ Кеншімбайды о да аңдып, - деуі содан.
Он тоғыз жасар Кеншімбайға көз тиіп, жанарынан айырылады. Үш жылдан соң қайтыс болған. Қ.Алтынбайұлының айтуынша Кеншімбай шамамен 1827-1849 жылдары өмір сүрген. Зираты Жарма ауданына қарасты Аюлы тауының етегінде.
Дулат, Сабырбай, Түбек – Сыбанның әйгілі ақындары. Сабырбай мен Түбек Байғарадан тарайтын әйгілі он жеті ақынға кіреді. Сабырбай жасында әйгілі Жанақты сүріндірген.
Жанақ қашан жол алды Сабырбайдан
Жаманын көтерді Арғын сән ғып, - дейді Сара.
Жылтыр ақын Бақайұлы – Жарма өңірінің ақыны. Найманның Бурасынан тарайды, оның ішінде Қаратаз. Жылтыр ақын Көкпекті округінің аға сұлтаны Әлімхан Тлеубердиннің сарай ақыны болған. Зираты Шар өңірінде Бес қарауыл төбесінде. Шамамен 1880 жылдары дүниеден өткен.
Жанұзақ Шынанұлы Байжігіттің Жұмық тармағынан, Тарбағатай өңірінің ақыны.
Сұртай Нұрашұлы Қыржы руының ақыны. Зираты Ақсуаттың Сұлутал елді мекенінде.
Сараның аузымен айтылатын:
Шерубай, Тана менен Ер Тәукебай
Қай қазақ сөз бастаған онан бұрын, — деген
өлең жолдарындағы адамдар кімдер? Ең алдымен, бұл адамдар орыс отаршылдығына қарсы наразылық білдірген халық қамқоршылары болған. Тана мырза Тілемісұлы Найманның Қаракерей — Мұрын тармағынан. Шамамен 1803-1868 жылдары өмір сүрген. Мұрағат құжаттарына сүйенсек, Назар-Мұрын болысының билеушісі, би болған. Мұрын жерінде үш бірдей мешіт, алғаш рет мектеп салдырған адам. Тана туралы деректер орыс зерттеушілері А.Янушкеевич, Г.Потанин, В.Маевский еңбектерінде кездеседі. Құнанбайдың әкесі Өскенбайдың асын басқарған үш адамның бірі осы Тана мырза.
Шерубай – Мұрынның Тоқабай тармағынан шыққан Құл баласы. Ұлы атасы Кегенбай би болған. Келгенбайдан кейін Мұрын елінде сөз ұстаған аузы дуалы би осы Шерубай. Орыстың өктемдігіне қарсы шыққан Мұрын батыры Қожагелдінің құнын жоқтан Петерборға барған ел жақсыларының ішінде Шерубай да болған.
Ер Тәукебай Жәкенұлы Әжіғұл ішінде Жауардан тарайды. Жоғарыда аты аталған Қожагелді батырмен ел тәуелсіздігі үшін патша үкіметіне қарсы шыққан ерлердің бірі. Н.Я.Коншиннің келтірген деректері бойынша 1844 жылдары Кенжемұрын елінің болысы болған. Қарашекпенділердің қоныстануына барынша кедергі жасап баққан Тәукебайды қастастары үзеңгісіне у жағып өлтіреді. Зираты Жарма ауданы, Әулие шоқы тауының етегінде.
Тегінен Қозыбайдың Тілеуберді
Әлихан оның ұлын әркім көрді.
Құдайдан қорыққан пенде осал демес
Қарадан хан боп шыққан Қисық ерді, - деген жолдардағы кісі есімдеріне тоқталсақ, Тілеуберді Көкпекті округінде тілмаштық қызмет атқарса, баласы Әлихан аға сұлтан болған. Саржомарт руынан.
Қисық Тезекұлы Найман елінің көрнекті тұлғасы. Руы – Мұрын. «Қарадан шыққан хан» деп дәріптелетін Қисық 1844-1850 жылдары Көкпекті округі бойынша аға сұлтан болған. Азан шақырып қойған аты – Салмақ. Орыстан шен-шекпен алған Қисық Тезекұлы бірбеткей, турашыл, ұрыны тыюға келгенде қатыгез адам болған.
Айтыста Сара аузымен:
Жан жетпес Батабайға, Салпы Жанақ
Аққожа би, Ақтайлақ асқан манап.
Ақтанберді, Алтыбай, Ер Еспенбет
Қалмақты қойдай қырды қолмен талап, - деген жолдардағы батыр-билер түгелдей Сыбанның атақтылары. Әр басылымда әртүрлі аталып жүрген ол Салпы Жанақ есімі. Ол «Жалбу Жанақ», «Жалпы Жанақ» немесе «және Жанақ» деп аталып, келтіріліп жүр. Тарихта бірнеше белгілі Жанақ болған соң, автор Салпы Жанақ деп оның арғы атасын (руын) қосақтап отыр. Салпы (Байгөбек) Сыбанның бір баласы. Салпы Жанақ та елдің бір белгілі адамы болған.
Айтыста Әріп Сара аузымен мыналарды атайды:
Кенжеғұл қазақ жетпес баласына
Төрт арыс билік айтқан арасына.
Байтоқа, Кеңесбай мен құт Данияр
Қоймаған сөйлер сөздің шамасына.
Бұлар да Сыбанның игі жақсылары. Әріп «Санабай қажы» деген жоқтау өлеңінде:
Арғын, Найман бұлбұлы
Кенжеғұл шешен ағасы, — дегендегі Кенжеғұл Сейтенұлы жасынан билікке араласқан Сыбанның белгілі қаракөктерінің бірі. Шамамен 1794-95 жылдары туған. Құнанбай заманындағы Сыбан-Тобықты арасындағы жер дауы, мал дауының бел ортасында жүрген аузы дуалы би, шешен адам болған.
Байтоқа — Сыбан, Салпы руының биі. Әріптің «Байтоқаның қызына» деген арнау өлеңі бар.
Кеңесбай би — атақты Ақтайлақ бидің баласы. Д.Бабатайұлының «Кеңесбайға» деген өлеңі бар. Кеңесбай да сөз ұстаған шешен, ел басқарған адам болған.
Сараның аузымен Қабанбай және оның ұрпақтары аталады. Қабанбайдың екі әйелінен жеті ұл. Әлі шала туған кенжесі. Әліден Жақаш, одан Әділбек. «Он жеті мың жылқы бар Жақаш байда» деп Әсет ақын өлеңге қосқан Жақаш аса бай, елге беделді адам болған. Әділбек батыр болған. Қ.Халидтің «Тауарих хамса» кітабында Әділбек пен дүнген батыры Бор екеуінің Қытайларға қарсы ұлт-азаттық қозғалысын бастағаны айтылған. Әділбектен тарайтын Сүлеймен болыс ел басқарған ірі тұлға. Сүлеймен әкесі Әділбектің ұлы ас бергенде ат жарысында қырық атқа дейін бәйге тігілген. Осы үрдіс Сүлеймен асында да қайталанған.
Айтыстағы:
Ботабай, Байжігітте құт Шаянбай
Сасан би, шапты Кенже жауға аянбай, — дегендегі Сасан би Мыңбайұлы Байжігіттің Тоғас тармағынан тарайды. Ақтайлақпен тұрғылас. Найманға танымал ақпа би болған. «Сыбан қырылған» деген атпен елге аңыз болған Сыбан мен Байжігіт арасындағы дауды шешкен Сасан бидің бойындағы ерекше қасиеттері туралы да ел аузында көп әңгімелер бар. Қ.Алтынбайұлының мына бір әңгімесіне құлақ түрейік: «Көкпекті жақтағы Қарауыл – Жасық елі мен Жұмық елінің арасында қақтығыс болып, кісі өліп, екі жақ Сасаннан төрелік күтеді. Қарауыл – Жасықтың қояр шарты Жұмық жақтан бір адамды кепілге ұстау. Екі жақ бұған келісіп, Ұлтарақ бидің өзі ауру, нашар Шаянбай деген он үш жасар баласын кепілге беріпті. Құны сұраусыз деген шығар. Шаянбай сол күннен ауруынан айығып, адам қатарына қосылады. Сол даудан аттанарда Сасан би: -Маған ажал уақыты таяу. Екі бөрім ауру баланың жанында қалды. Маған ермеді. Енді Байжігіттің менен кейінгі билікті адамы сол болады, — депті». Айтыс жолдарындағы осы Шаянбай ірі би, Тәуке – Байжігіт елінде болыс болған. Әріп Санабай қажыны жоқтауында:
Тұлпар аттай қанатты
Тұла бойы құт болған.
Бағланым кетті сымбатты
Кер маралдай керілген
Құт Шаянбай нағашың, - деп өлеңге қосады.
Сараның аузынан айтылатын:
Қазыбек Құнанбайды найзалаған
Төре түгіл Төлеңгіт жорығында, — деген сөздер Тобықты мен Сыбан арасындағы рулық тартыстың бір көрінісін береді.
Сыбан ішіндегі Барақ төренің төлеңгіті Қазыбек батыр ел арасындағы бір барымтада Құнанбайды найзамен ат үстінен түсіріп кеткен. Бұл туралы М.Әуезов Мұсылманқұл Жиреншин дегеннің әңгімесін келтіреді: «Аз уақыт өтті, бір күні жылқыға жау тиді, бағанағы сөз қаперімде жоқ, белдеудегі Салпаңқұлаққа міне шаптым, — депті Құнанбай, — келсем жау жылқыны айдап жіберіп, жол тосып, жасанып тұрған екен. Салпаңқұлақ (Ағаныс биден қалап алған аты) бой берместен келіп жауға кіріп кетіпті. Өзім білмей қалдым, қабырғамнан біреу найзамен салып кетіпті. Жығылып қалыппын, сүйтсем Барақ төренің төлеңгіті Қарақалпақ Қазбек деген батыр екен». Құнанбайға қатысты мұрағат құжаттарында айғақталғандай осы барымтаның дауы ұзаққа созылған. Біржанның Сараға жауабындағы:
Найманды хан жұртынан қуған шақта,
Мойынын Барақ қашқан бір бұра алмай, — немесе,
Қазыбек, Кенжеғұл мен Батыр Барақ,
Құнекем қараңғы үйге қойған қамап, — деген
сөздер екі ру арасында осы тартыстың тарихынан көп сыр береді.
Сондай-ақ:
Шет елде Қанай, Түсіп, Боқанбайым,
Кетірген қатты сөйлеп Найман жайын.
Барақты хан жұртынан қуып тастап
Найманның мінгізбеген жалғыз тайын, - деген
жолдардың сырына үңілсек, Құнанбай Сыбанның жерін қарпып қалу үшін Тобықтының Сыбан жақ шекарасына ішкерілете Қанай сияқты батырын, Түсіп, Боқанбай сияқты басты адамдарын әдейі қоныстандырады. Осы оқиғаға байланысты Б.Исабаев төмендегідей әңгіме айтады: «… Жаз өтіп, ел күзеуге құлар кезде Барақ жылдағы әдетімен Саға бөктеріне қонуға келе жатыпты. Көш түйесін жетектеген Барақ бәйбішесі екен. Төре қолына құсын қондырған көш алдында екен. Қанай бір тар жерде тосып тұрып Бараққа көшін бұруды, жер өзінікі екенін айтса, төре көз салмапты да. Қанай Барақты қара балтаның сыртымен ұрғанда төренің аты соққыға шыдай алмай кері қайырылған екен. Барақ сол бетте қайырылмай көш басын бұрғызып көш ізімен кейін қайтқан екен. Барақтың бәйбішесі: — Құдайым-ай, Төренің Барағына бәйбіше болғанша, Есімнің Қанайына тоқал болмаған екенмін. Көшімнің бас бұрылды-ау! – деп ах ұрыпты». (Ұлылар мекені. Новосибирск, 2001. 371-372 беттер). Құнанбай мен Барақ арасындағы оқиғалар жайында М.Әуезов, М.Бейсенбаев, Б.Исабаев, Б.Сапаралы, Ф.Жұртбай еңбектерінде кеңінен сөз болған.
Сараның «Қайсы Арғын жетеді Аманкөшеріме» дегендегі Аманкөшер деген кісі есімі кей нұсқаларда бөлек жазылып жүр. Анығында Аманкөшер өрдегі Найманда аса бай адам болған. Ақтайлақ бидің баласы Түгелбай, одан Сыбанның ардақтысы Өзбехан болса, сол Өзбеханның әйелі атақты Мәнжан бибі – Аманкөшердің қызы. Әріптің Мәнжан өлгенде айтқан жоқтауы бар.
Сара аузымен айтылатын:
… Арғын жоқ мақтасаң да Тойғұлындай
Қор құйған қыдыр келіп сабасына.
… Асына Тойғұлының бәйге тікті
Тоғыз қыз Арғын берген жетімінен, — дегендегі
Тойғұлы — Сыбанның Жанкөбек тармағынан. Елінде беделді адам болған. Ол дүние салғанда бүкіл Орта жүзге сауын айтылған. Арғыннан келген кісілер аттың бәйгесіне тігуге тоғыз жетім қыз әкелген екен, Әріп соны айтып отыр.
Ал енді, Біржанды Арғын атынан айтыстырып отырғанмен Әріп сонау Біржан елі Көкше, Кереку маңының Есіл мен Нұра бойын жайлаған Арғынның Қаракесек, Шоң т.б. тармақтарының игі жақсыларын емес, өзіне жақын Қаракерей, оның ішінде Сыбан – Мұрынмен ауылы аралас бергі өңірдің Арғындарын атайды.
Кім жетер Жанайдарға Алтайдағы
Жеті жүз жас бота мен тайлағы бар, - дегендегі
Жанайдар Орынбайұлы Сүйіндік ішінде Төртуыл деген рудан. Кенесарының қол басшыларының бірі болған Жанайдар кейіннен Қарқаралы өңірінде болыс болып, өмірінің соңында қажыға барған адам.
Біржанның аузына алынған адамдардың бірі Итқұсты (кей нұсқада Итқосты деп қате берілген Б.Е.) шын аты Айтжан, руы Қыдырәлі, өз елінде болыс болған. 90-ға жеткен жасында Мекеге барып сонда қайтыс болады.
Шыныбай асып еді өз шағында
Кім жетер ер Қазекем аруағына.
Жамантай, Құсбек, Шыңғыс, Сартай төрем
Ілінген талай Найман қармағына.
Арғынның ақсақалы өтті Алшынбай
Өр Найман таласқан жоқ ер бағына.
Осындағы аты аталғандардың бәрі дерлік бергі өңірдің игі жақсылары. Шыныбай қажы Тарақты руынан. Қарқаралы дуанында белгілі билердің бірі болса, Жамантай, Құсбектер Құнанбаймен аға сұлтандыққа таласқан адамдар. Алшынбай би Құнанбайдың құдасы. «Абай жолынан» белгілі Қарқаралы елінде атақты адам болған. Біржан атайтын әйгілі Тәттімбет күйші де осы өңірдің адамы.
Айтыстағы негізгі тақырыптардың бірі – Абай. Айтыста Әріп айтыста Сара аузымен Абайды жамандап, Біржан аузымен ақтап алады. Бұл туралы М.Әуезов, Тұрағұл Абайұлы бастап зерттеуші ғалымдар айтып та, жазып та келеді.
М.Әуезов Абайдың өмірбаянының алғашқы нұсқасында (1927-1933) Абайдың шәкірттеріне арнаған өлең-сынына тоқтала келіп: «Осы сөздер ақындардың барлығына да ауыр тиген шығар. Бірақ іштерінде, әсіресе Әріп қатты намыс қылып кектеніп, Абайдан есесін қайырмақ болып, «Біржан – Сара» айтысын шығарған. Сонда Сара айтты қылып Абайдағы кегін шынымен-ақ алғандай болады. Біржан – Сара Әріпке әншейін ойдан шығарған геройлар есепті ғана керек. Сондықтан Біржанның Арғын емес, Керей екендігін де ескермеген…» — деген әлі социалистік идеологияның қысымына ұшырап, өзгеріске түсе қоймаған алғашқы айтқан пікірі айтыстағы Абайға қатысты сөздерге анықтама болып тұр. Бұл мәселе Әріптің Қуанышбаймен айтысында да сөз болады. Жоғарыда айтылғандай Әріп тек Абайды жамандады десек ол біржақты болар еді.
Өмірде ұстаз тұтып, көп өнеге алған ақынды Әріп Біржан аузымен асқақтатып, ақтап алып отырды. Бұл айтыстың, яғни шығарманың шынайы тартысқа құрылып, шебер шарықтауларға жетуіне септігін тигізген.
Ең алдымен Әріп Абайды өз елінің биі Серікбаймен салыстыра сөйлейді. Бұл айтыс үшін керек дүние. Ал, негізінде Әріп «Серікбай қажыға» деген өлеңінде қажының кемшіліктерін де бетіне басқан. Осы Серікбайдың інісі Есікбай Әріпті Лепсі түрмесіне жазықсыз қаматқан да. Айтыста Сара «Бағланы Жігітектің кетті қайда» деп Базаралыға жоқшы болса, Біржан Абайды қорғай кеп:
Дос көрген әулет заһит ғылымдарды,
Алдында атасынан тағлым бар-ды
Момынға жәбір-жапа қылмасын деп
Жіберген жер аударып залымдарды, - деп оңтайлы
жауап қайтарады. Қалай десек те айтыста сөз болған оқиғалардың қай-қайсысы да тарихтан алшақ кетпейді. Әріп Тобықты мен Сыбан-Мұрын арасындағы сол кездегі рулық қақтығыстарды екі ақын арасындағы сөз қағысына, яғни, айтыстың табиғатына шебер пайдаланған.
Сөз соңында тағы да айтарымыз бұл пікірлер жаздым болды, кестім үзілді деген үкім емес. Ғасырға созылған айтыстың нүктесін біз қоймаспыз, сірә, біздің тараптан айтылған ой айтыс ақиқатын тануға септігін тигізеді деген сенімдеміз.
Бауыржан Ердембеков,
«Алаш айнасы».