2001 жылы Қазақ ұлттық музыка академиясына оқуға қабылдандым. Күйді Әбікенше (Әбікен Хасенов) тартсам деп, ұлы күйшінің тартқан әр күйіне, сұлу да, сырлы дыбыстарына ессіз құштар болып, аңсарым ауып жүретін. Шынында күйді нақышына келтіріп орындау – күйшінің ұлы мақсаты. Ондай арманы жоқ адам күйші болмайтын да шығар. Академияға түскен соң, күйшілік – армандаумен ғана жететін іс еместігін ептеп түсіне бастағам. Сол тұстарда: «Арқа – Қаратау күйлерін әсем өрнегінен, өзіне тән бояуынан айырып, сүреңсіз тартатындар көбейіп кетті», – деген сөз тараған. «Әбікен былай тартады» деп күй таратын күйшілер көп болса да, сол «былай тартады» деп тартылған күйлерден Әбікеннің сарыны естіле бермейтін. Өзім де Әбікен тартқан күйлерді қайталап жүрдім. Бірақ басқа дыбыс, басқа үн шығады. Сөйтіп, маған Әбікен құпиясын ашып беретін ұстаздың керек екенін аңғардым.
Сол тұста Ұлттық музыка академиясына Жезқазғаннан күйші Ж.Жүзбаев шақырылды. Тұралап қалған шертпе күйдің еңсе көтеруі үшін Жанғали аға аянып қалған жоқ. Оған жүктелген міндет те осы еді. Сүгірдің өзінің де, ізбасарларының да таңды таңға асырып күй тартатынын естуіміз бар. Ескі күйшілер бірі тартқан күйін екіншісі екі қайталатпай тарта береді дегенді аңыз деп қабылдайтынбыз. Сөйтіп жүргенде, күйді бір тыңдағаннан қағып алып, қайта тартатын құймақұлақ күйшінің өзін көрдім. Табиғатым төкпеден гөрі шертпеге жақын екенін білдім де, Жанғали Жүзбаев ағамыздың сыныбына ауыстым. Сол кезде жас жігіт есебіндегі Жанғали аға күйшілер арасында аса беделді еді. Күйшілік өнері алдындағы ағаларымен қатар тұратын. Жастайынан Мағауия Хамзин, Уәли Бекенов, Орал Исатаев, Дәулетбек Садуақасов, Ералы Тоханов, Мұхамеджан Тілеуханов, Ергентай Борсабаев, Таласбек Әсемқұловтармен иық тірестіріп күй тартқан, талай концертке бірге қатысқан. Қыздарбектің «Сылқым қыз», Сүгірдің «Қаратау шертпесі» (ІІ-түрі) сияқты ескі күйлерді өз қолымен жеткізген. Бұл еңбегі күйші қауымда жоғары бағаланатын-ды.
Жанғали ағамыздың Генерал Асқаров, Төлеген Момбеков, Файзолла Үрмізов, Атабек Асылбеков сияқты ұстаздары – Сүгірдің көзін көрген асылдың сынықтары. Ағамыздың күйшілігі отбасынан басталады екен. Әкесінің ағасы Сейітхан Сүгірдің мақтаулы шәкірті болыпты. Өз әкесі Әлімхан ақсақалдың майталман күйші екенін бертінде көрдім. Көргені көп, түйгені мол күйші Арқа мен Қаратаудың ескі күйлерін шебер тартады. Осы өңірлердің күйшілік дәстүрін жас буынға жеткізуде еңбегі ерен: ескіше күй шертуден ауытқып кеткен оқыту үрдісіне дәстүрлі күйшілікті сыналап кіргізді. Өнертану ғылымының кандидаты Раушан Алсаитованың «Домбыра Жанғалидың қолында колориттік бай үні бар аспапқа айналады» деген пікірі өте орынды еді. Расында солай. Қай күйді тартса да, байытып тартады. Тыңдаушының жан-дүниесінен әсерлі дыбыстарды таба біледі.
Жанғали аға домбыра шерткенде оң қол шынтақтан білек ұшына дейін домбыраның қақпағына толық тиіп тұрады. Бұл әдіс, домбыра дыбысының қоңырлығына кепілдік береді. Бұрынғы қазақ күйшілері көп қолданған әдіс болса керек.
Әбікен Хасенов «Көкейкестісін» дәл осылай, домбырасының қақпағын алақанымен басыңқырай отырып, тербей шертеді. Соның әсері болар, ашық қағыстарда да домбыра ішегі тербеліп тұрады. Осы тербеліс домбыра дыбысын құбылтып, әсерлі ете түскен. Күй сағасында домбыраның саңқылдап кететіні алақанның домбыра бетінен аздап алшақтауынан туған.
Күйдің көркем, дыбыстың әсерлі болуы Жанғали Жүзбаевтың әдіске байлығынан. Ол кісі «көсіп шерту», «жай шерту», «қос саусақпен» (сұқ саусақпен ортаңғы саусақ), «батыл шерту», «қос саусақты қабыстыра шерту», «даралай шерту», «үш саусақты бос тастап, еркін шерту», «саусақтарды жабыстыра сілтеп қағу», «төкпелете тарту», «жалғыз саусақпен сипай шерту» т.б. әдістерді жиі қолданып отырады. Хас шебердің бір әдістен екінші әдіске қалай ауысқанын сезе алмай да қаласың.
Домбыра тартқанда сол қолының саусақтарын жатыңқы ұстайды. Бұл дыбыстың нәрлі болуына септеседі. Домбыра ішегін сабырмен тербеп тарту арқылы «ақылдының сөзіндей һәм мағыналы» дыбыстар шығара біледі. Көне әдіс-тәсілдің құпиясын жетік меңгергендіктен болар, күйшінің сиқырлы саусақтары ол тартқан әрбір күйге өзіне лайық реңк беріп, құбылтып жібереді. Күйдің негізіне, табиғатына қарай әр күйді әр түрлі әдіспен шертіп, тыңдаушыны күйдің ішкі иіріміне тартып әкету – ұлы таланттың маңдайына жазылатын несібе. Күйші ретінде Жанғали аға дәл сондай шеберлікке жеткен. Бұған ешкім күмән келтірмес.
Ілияс Жансүгіров 1927 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде «Қазақ күйлері жиналсын» деген мақала жариялайды. Онда: «Біздің елде ертеректе Тойтан деген бір шал 40 күй тартады екен. Ол күйлердің бұл күнде біреуін де ешкім білмейді. Тек күй аттарын айтып аңыз қылысады. Сөйтіп Тойтан өлімі 40 күйді ала кетіп отыр. Жалғыз Тойтан емес, толып жатқан домбырашылар, күйшілер күйімен бірге зым-зия жоғалып жатыр. Елде жастан домбырашы шығу, жаңадан күй шығу өте сирек», – деп жазған. Мұны айтып отырғаным, егер Жанғали күйші болмағанда Генерал мен Төлегеннің, Файзолла мен Сейітханның тартыстары, әсіресе, олар тартқан күйлердің нәзік иірімдері бізге бейтаныс күйінде қалар еді. Күйшінің орындауында халық арасына тез тарап, мәшһүр болған «Кертолғау», «Наз қоңыр», «Шалқыма», «Сылқым қыз», «Қаратау шертпесі» (ІІ түрі) т.б. күйлер дәл осы деңгейде тартылмас еді. Сонда келесі ұрпақ Тойтан өліміне өкінген Ілияс ақынның күйін кешер ме еді, қайтер еді?
Жанғали Жүзбай күйшілік пен күйтануды қатар алып жүрген зерделі ғалым ретінде де белгілі. Оның «Қазақтың шертпе күйлері», «Шерпе күйдің төрт мектебі», «Ұстаздың педагогикалық репертуары» атты еңбектері деректік қайнарымен де, теориялық қорытындыларымен де аса құнды. Бұл еңбектерде күй және күйшілер жайында қызықты мәлімет-деректер беріліп, 120 күй нотаға түсіріліп, 71 күйдің аңызы (шығу тарихы) жазылған. Жанғали аға сол күйлердің дәулескер орындаушысы, үйретушісі де. Ұлт үшін, өнер үшін бұл – аса үлкен олжа.
Қайрат АЙТБАЕВ, күйші,
Тәттімбет атындағы републикалық
байқаудың жүлдегері