Ләззат Жанаманова: Жетісу мақамдарын үйрететін мектеп ашқым келеді

2783
Adyrna.kz Telegram

- Ләззат, бір жылдары Жамбыл атын­­дағы Қазақ мемлекеттік филар­мониясында жұмыс істеген едіңіз. Соңғы уақыттары сол сахнадан көрінбей қал­ды­ңыз. Қазір қайдасыз?

- 2003 жылы Құрманғазы атындағы ұлт­тық консерваторияны бітірген бойда аталмыш киелі шаңыраққа жұ­мысқа орналасқан едім. Үш жарым жылдан кейін Қазақ радиосына ауы­сып, музыкалық редактор ретінде ән­шілердің алып келген дүниелерін сұ­рып­тап, таразылап, көркемдік кеңеске дайындап берумен айналыстым. Дәл қазір Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясында еңбек етіп жүрмін. Кезінде Серік Үмбетов ағамыз арнайы шақырып, үй берген. Сол кісінің қолдауымен Талдықорғанда тұрақтаған жайым бар. Ержан Қос­бармақов ағамыз басқарып отырған біздің ұжым шығармашылық деңгейі жағынан Астана филармониясынан кейін екінші орында тұрады екен. Онда республикаға аса танылмаса да небір керемет әншілер тер төгіп жүр. Облыс көлемінде өнер көрсетсе де әрқайсысының өз орны бар. Біз де сол кісілерден үйреніп, үлгі алып, кәсіби біліктілігімізді шыңдау үстіндеміз.

- Өзіңіз қай өңірдің қызы едіңіз?..

- Жалпы, өзім Алматы облысы Жам­был ауданы Жаңақұрылыс ауылында дүниеге келгенмін. Бірінші сыныптан бастап Алматыдағы №9 мектеп-ин­тернатта оқыдым. Әке-шешеміз мал бақты. Ертелі-кеш мал соңында жүрген соң үйдегі үш бала интернатта тәр­биелендік. Мектеп бітірген соң Ж. Еле­беков атындағы республикалық эстра-да-цирк колледжіне Рамазан Стамғазиев ағамыздың класына оқуға түсіп, Арқа мектебінен дәріс алдым. Ал кон­сер­ваторияда Қайрат Байбосыновтан білім алу бақыты бұйырды. Ол кісі әлі күнге «Қара қыз, қайда жүрсің? Күйеуге тидің бе?» деп телефон шалып, амандық-саулық сұрап тұрады. Рамазан ағамның маған сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Әуел­гіде дәстүрлі өнерді түбегейлі түсін­бей­тінмін. Топтағы ең нашар студент мен болдым десем, артық айтпаймын.

- Сонда, оқуға қалай түсіп жүрсіз?

- Бала кезден арманым журналист болу еді. Кішкентай күнімде ер шауып, қамшы өріп отырған әкемнің қасына барып, «Ер неден жасалады? Оны шабу үшін қанша уақыт кетеді? Қандай ағашты пайдаланасыз? Қамшы неше өрімнен тұрады?» деген сұрақтарыммен миын жеп қояды екенмін. Ол өзімнің де есімде. Бірақ менің өнер жолына түскенімді ата-анам қалады. Анамның дауысы жақсы болғанымен, отбасы жағдайымен өнерге араласа алмаған. Жас күнінде әкем де керемет ән салады екен. Әскер қа­та­рында қатты ауырып, соның салдарынан дауысы жоғалып кетіпті. Анам ән айтып жүргенімді байқап, аудан көлеміндегі байқауларға қатыстыратын. Мектеп бітірген соң қалаған арманыма қол жеткізе алмай, екі жыл үйде отырдым. Аудандық мәдениет бөлімін басқаратын Ұлжан деген апайымыз бар-тын. Қобызшы Базархан Қосбасаров інісі боп келеді. Үшінші жылы сол кісілердің көмегімен, шешемнің сүйрелеуімен оқуға келдім. Әу баста колледж табал­дырығын «журналистикаға біртабан жақын мамандық, диктор боламын» деген мақсатпен аттаған едім. Анам екеуміз бір есікті ашып қалсақ, Қайрат аға отыр екен. Ол кісі мән-жайымызды білгеннен кейін: «Бір ән айтшы, дауысыңды тыңдап көрейін» деді. Сон­дағы білетінім — бір-ақ ән. Алма Аман­жолова орындайтын Алтынбек Қораз­баевтың «Қызым, саған айтамын» дейтін туындысы. Не керек, Қайрат аға дау­сымды тыңдап, «қазақи қоңыр үн екен, ән факультетіне құжат тапсыр. Бізге осындай үндер керек. Дикторлық ма­мандықты кейін қосымша меңгеріп аларсың» деді. Сөйтіп, Қайрат ағаның септігі тиіп, Рамазан ағаның алдынан бір-ақ шықтым.

Біз оқуға түскенде Қарағанды, Сыр өңірінен келген студенттер үлкен сахнаға дайын болып келді десем болады. Өйт­кені ол жақтарда қалыптасқан мек­теп бар. Ал маған ешкім ештеңе үйретпеген. «Жетісу мектебі» дегеннің не екенін біле бермеймін. Әйтеуір Рамазан ағамның қамшылауымен, жетектеуімен біраз дүниеге көзіміз жетті ғой. Сол кезде-ақ «кейін өз мектебімді ашып, мен де ба­лаларға Жетісудың мақамдарын үйретіп, колледж, консерваторияға дайын күйін­де тәрбиелеп жіберемін» деп ішімнен ар­мандайтынмын. Кейін бұл ойымды аудандағы ағаларымызға айтып көр­геніммен, ешкім құптай қоймады. Бір қызығы, біздің ауданнан консер­ватория бітірген әзірге жалғыз мен екенмін.

- Арқа мектебін бітіргеніңізбен, Же­тісудың әндерін сіздің орындауыңызда жиі естиміз….

- Неге екенін қайдам, бала күнімнен қойлы ауылда атқа мініп алып, тау-тасты аралап, арқаны кеңге салып, кең ты­ныс­ты әндерді толық білмесем де өз әлімше шырқағанды ұнататынмын. Алла қолдап, Арқа мектебінің әндерімен сусындадым. Кезінде Қайрат аға «Сен Жетісудың қызысың, туған топырағыңның әндерін де білгенің жөн» деп жиі айтатын. Сондықтан Сүйінбай, Жамбыл, Кенен, Үмбетәлі аталарымыздың терме-толғауларын өз бетімше үйреніп, орын­дап жүргенім рас. Алғашқы кезде өзімнен үлкен, алдыңғы буын аға-әпкелерімнің алдына барып, ақыл сұраған едім. Өйткені әр мектептің орындау мәнері, қағысы, ырғағы бөлек. Бірақ «осы қыз­дан ештеңе шықпайды» деді ме екен, ешкім көңіл қойып, қаперіне ілген жоқ. Студент кезімдегі бір әдетім — дәстүрлі ән кештерінен қалмайтынмын. Кон­цертте шырқалған әндерді диктофонға жазып алып, өзіндік стильде орындауға тыры­сатынмын. Бірақ онымды кейбі­реулер «бұзып айтасың» деп жақтыр­майды. Шыны керек, қазір осындай сын айт­қандарға аса мән бермейтін болдым, өйткені «Ләззат десе, Сүйінбай, Жам­был­ды есімізге түсіреміз» дейтіндер бар­шылық.

- Дегенмен кейде репертуар қайта­лайсыз. Осыған дейін таралған, танылған әндерді таңдайсыз…

- Репертуар қайталасам, барған же­рімде «Жамбылдың ақындарға арнауын айтшы, Сүйінбайдың шығармаларын орындашы» деп халық сұрап жатады.

Ешкімді қайталамау үшін жақында Қазақ радиосының «Інжу-маржан» хабарынан Үмбетәлі Кәрібаев атамыз-дың жиырмаға жуық әндерін таңдап, үш бөлімнен тұратын бағдарламаға жаз­дырттым. Олардың қатарында Үмбетәлі атамыздың Жамбылмен, Нұриламен айтыстары, Сүйінбай, Жамбыл дәс­түрімен жазған «Ақындарға арнауы», Жамбылдан бата алуға барғандағы айтқаны, Жамбыл Мәскеуден орден алып келгендегі құттықтауы сияқты дүниелер бар. Осы хабардан кейін рақметін айтып, ризашылығын білдіріп жатқандар көп.

Әсіресе, ұрпақтары біраз уақыттан бері ол кісінің жырлары, арнау-термелері, толғаулары орындал­мағанын айтып, алғыстарын жеткізді. Ән әлеміндегі менің ашқан жаңалығым осы болатын шығар деген ойдамын. Алда атамыздың 125 жылдығы келе жа­тыр. Сол тойға үлкен үлес қоссақ деген ниетіміз бар.

- Кей кісілер сізді дәстүрлі әнші ре­тінде емес, эстрада әншісі ретінде танитын сияқты…

- Маған көп жағдайда айналам­дағылар «Қарапайымсың, көп жерде көрінбей қаласың» деп айтып жатады. Оның үстіне, жасыратын несі бар, эстрадалық әншілер бізге қарағанда көбірек насихатталып жатады. Дегенмен ел қатарлы, жұмысымды істеп, әндерімді жаздырып жүрмін. Қазір атыңның шығуы қаражатқа да байланысты. Өнер адамына жағдай да керек. Бірақ еш­қандай өкінішім жоқ. Менің мақсатым — атағымды шығару емес, өнерге қызмет ету. «Елден қалып қалдым немесе озып кеттім» деп жанталаспаймын. Өзімнің деңгейіме, шамама қарай әрекет етемін. Әрине, Роза Әлқожаның екі әні мені эстрада әншісі ретінде танытқанын жоққа шығармаймын. Осы ретте мені концерттеріне шақырып, шығарма­шылығымның насихатталуына үлкен үлес қосқан Роза Әлқожаға рақметімді айта кеткім келеді. Бірақ қазақи тың­дарман мені бәрібір дәстүрлі әнші ретінде көбірек қабылдайды. Сол ортада көзге түсіп, қарапайым халықтан азды-көпті баға алып жүрмін.

- «Ардағым» әнінің мәтініне үңілсек, кісі жарына ғашық болған арудың мұңы. Қазақ қыздары мұндай тақы­рыпқа ашық бара бермеуші еді…

- Осы әнді орындауға алған кезімде ұстазым Рамазан аға: «ертең артыңнан неше түрлі сөз ереді, қай жерге барсаң да алдыңнан «отбасылы жігітке ғашық болдыңыз ба?» деген әңгіме шығып оты­рады» деп ескерткен еді. Әнді Розадан алған кезде:

- Жанымның ардағысың,

Арайлы таңдарымсың… -

деген қалыбы болатын.

Есенқұл Жа­қып­беков ағамызға көрсетіп едім, ол кісі оны:

- Жанымның ардағысың,

Біреудің жан-жарысың… -

деп өзгертті. Сондықтан бұл — Есенқұл ағаның жанынан шыққан дүние. Мен тек орындаушымын. Маған жүктелген міндет әнді лайықты жеткізу болды. «Біреудің жан-жарысың» деген жолды алып тастайық» деп Розадан өтінген едім, ол «Ең дәмді жері осында ғой» деп келісе қоймады. Дегенмен жұртшы­лықтың қабылдауы жаман емес сияқты. Өзгелер сияқты екеудің әңгімесін ашық айта бермегенімізбен, мұндай сезімдер өмірде бар екені рас. Бірде Қазақ радиосының тікелей эфирінде отыр­ғанымда бір тыңдарман «Әніңізді естіп жүрегім ауырып тұр, қайта айтып бе­ріңізші» деп хабарласқан еді. Соған қа­рағанда, ән сол арудың сезіміне сай шыққан сияқты. Ал «Сағынғаным болмаса» әнін автор маған дейін басқа әншіге ұсынған екен. Бірақ екі жыл жа­рыққа шықпай жатып қалды деген соң, өзім ұнатып сұрап алдым.

- Сіздің репертуарыңызда ретро әндер де бар. Қазір қаражаты аз әншілер ән са­тып алғаннан, көзі жоқ композиторлардың мұрасын тегін айтуды жөн санайтын бол­д­ы…

- Ол кісілердің аруағы риза шығар. Мәселе, ақшада да емес. Қазақ радио­сында «Алтын қорда» істеген уақытымда жаныма жақын біраз дүниелерді жинап алып едім. Қазір сол әндерді жаздырту үстіндемін. Кәсіби қарым-қатынас орнатқан, ортамызда жүрген замандас, ағаларым да жоқ емес. Ақындардан Есенқұл Жақыпбеков, Жарас Сәрсекпен ақылдасып тұрамын. Филармонияда бірге жұмыс жасайтын әнші әрі сазгер Халық Ризабек, Ермұрат Үсенов, Мәден Әбенов, Жолдасхан Құрамысовтармен шығармашылық байланыстамыз. Кол­ледж қабырғасында жүріп, тойларда ғана эстрадалық жанрда ән айтқаным бол­маса, нақты бет бұрғаныма екі-үш жыл­дың жүзі енді болды. Ал жалпы, шығар­машылық ізденісіме биыл 15 жыл.

- Сіз үшін атап өтетін жыл екен ғой…

- Алла қаласа, қазан айының жетінші жұлдызында өзімнің жеке концертімді туған жерімнен бастамақпын. Бұл шығармашылық ән кеші емес, есеп беру дегенім дұрыс болар. Өйткені ауылдас­тарым «қашан концерт қоясың?» деп қолқалап жүр. Жиі сұрайды. Алғаш­қы концертімді Жамбыл атындағы фи­лармонияда жеті жыл бұрын қойған екенмін. Бірақ соны әрі қарай туған жерімде, басқа аудандарда, облыстарда жалғастыруды ойламаппын. Енді бұйыртса, Қаскелең, Есік, Талдықорған және басқа өңірлерді араламақ ниетім бар. Қазіргі жоспарым бойынша, концерт үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде «Адырна» ансамблінің сүйе­мелдеуімен фольклорлық жанрда, екінші бөлімде домбырамен Үмбетәлі, Сүйін­бай, Жамбыл атамыздың айтыс-тер­мелерін, өсиеттерін орындасам деймін. Үшінші бөлік эстрадалық әндерге арналады. Осы күнге дейін жеке аль­бомым шыққан емес. Концерт бары­сында ән жинағымның тұсауын кесіп, үлкендердің батасын алмақпын.

- Туған ауданыңыз шақырып отыр ма?

- Жоқ, ауылға шақырып жатқан — қа­ра­пайым халық, жерлестерім, жана­шырларым. Әкімшілік тарапынан арнайы ұсыныс болған емес. Концертіме үлкен демеушілік көрсетіп, ауданда­ғыларға қозғау салып жатқан Әділ Шаяхметов деген ағамыз. Ол кісі менің нағашым болып келеді.

«Өзге елде сұлтан болғанша, өз елің­де ұлтан бол» дейді. Өз ауылымда үнемі өнер көрсетудің сәті түспейді. Көптеген мәдени шараларға сырттан әншілер шақырып жатады. Сондайда көңілім құлазып, біртүрлі күй кешемін. Ешкімге өкпем жоқ, бірақ «еңбек ет те, міндет қыл» дейді. Мен туған жеріме, туған елі­ме міндет емес, қызмет еткім келеді.


Әңгімелескен
Қаншайым БАЙДӘУЛЕТОВА

Пікірлер