Жоғары оқу орындарындағы төменгі жалақы

3908
Adyrna.kz Telegram

Үш күн бұрын ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook-тегі парақшасында мемлекеттік ЖОО ректорларына ЖОО оқытушыларының еңбекақыларын 2020 жылдың 10 қаңтарына дейін 30%-дан 50% - ға дейін арттыру міндетін жүктегені туралы жазды.

Осы мәселе жөнінде оқытушы ретінде өз атымнан министр Асхат Аймағамбетов мырзаға пікіріміз бен ұсынысымызды жеткізбекпін.

Түйткілді мәселе көп, түйіндеп айтайын дегеніміз: жоғары оқу орындарындағы төменгі жалақы туралы. Нақты фактімен айтайын. Университетке жаңадан келген оқытушы аптасына толық бір жүктемемен 21 cағат сабақ беретін болса айына 80 мың теңге айлық алады. Егер осы айлыққа шыдап 5 жыл жұмыс жасайтын болса «аға оқытушы» деген дәрежеге көтеріледі. Аға оқытушы болғаны үшін 10 мың теңге көлемінде ақша қосылып айлығы 90 мың болады. Осы аралықта PhD докторантурасын оқып шығуға болады. Ол үшін 3 жыл бойы еңбектенесіз. Егер ағылшын тілін білетін болсаңыз. Содан кейін, PhD докторы деген атақпен сабақ берсеңіз айлығыңызға 30-40 мың шамасында қосылып, еңбек ақыңыз 120-130 мыңға жетеді. Бұл үшін 8 жыл уақыт жұмсайсыз. Тағыда табандылық танытып, өзіңіз жақсы көрген мамандық үшін шыдасаңыз 10 жылдан соң доцент дәрежесіне немесе профессор дәрежесіне жетіп қалуыңыз мүмкін. Ол кезде бұрынғы докторлық айлығыңызға 20 мың теңге қосылып 150 мың теңге аласыз. Осылайша, бос уақытында мейрамханада даяшы болып жұмыс жасайтын студентіңіздің айлығына сіз ақыл-ойыңызды сарқып, көз майыңызды таусып жүріп 20 жылда жетесіз. Бұл көрсеткіш еліміздегі ұзақ жылдық тарихы бар, ең танымал Ұлттық университеттердің көрсеткіші. Басқа университеттердің хәлі тіптен мүшкіл.

Салдарынан қазіргі университеттерде оқытушылар құрамының басым бөлігі зейнеткерлер мен әйел азаматтар құрауда. Ер азаматтар мұндай аз жалақымен отбасын асырай алмағандықтан кәсіп ауыстырып кетіп жатыр. 2009 жылдан бері он жыл ішінде жоғарғы оқу орындарында жұмыс жасайтын оқытушылардың айлығы көтерілмеген. Осы он жыл ішінде зат бағасы қанша есеге қымбаттағанын білесіз. Теңгенің құны 3 есеге құлдырап кеткен. Бірақ, оқытушылардың базалық айлығы сол қалпы қалып қойған.

Университеттегі оқытушылардың айлығы аз болған соң туындайтын ең басты екі мәселе бар. Біріншісі, университетті үздік бітірген, ғылымға құлшынысы жақсы, қабілеті бар мамандар шетел асып кетіп жатыр. Оған менің курстастарым мен замандастарым дәлел. Олар шетелде 5000 АҚШ долларынан кем айлық алмайды.

Екіншісі, туған жері мен туыс-туғанын қимай отанында қалып, оқытушы болып жұмыс жасауды таңдағандар. Олар бұл айлықты жеткізе алмайды. Сондықтан, қосымша жұмыс жасайды. Күндіз университетте болғандықтан қосымша жұмыстың көбі кешке немесе түнге жоспарланған. Түнімен жұмыс жасап, екі-үш сағаттық ұйқымен келіп тұрған оқытушы қанша білімді болса да студенттерді оқытуға физикалық тұрғыдан шамасы жетпейді. Ер-азаматтардың көбісі мұндай ауыртпашылыққа шыдамай жұмыстан шығып кетеді.

Осылайша университеттегі ер адамдардың басымдылығы кеми түседі. Қазіргі болып жатқан, көзімізбен көріп жүрген ақиқат нәрсе осы. Бұл Қазақстан ғылымының болашағына жасап жатқан қиянат деп білемін. Егер университетте сабақ беретін білімді оқытушы қалмаса, жақсы маман қайдан шығады? Білікті маман болмаса еліміз қалай дамиды?

Егер жоғарғы оқу орынындағы оқытушылардың еңбек ақысын еселеп көтеріп бермесек, еліміздің дамуы үшін жасалып жатқан реформалар, бөлініп жатқан гранттар мен құрылып жатқан жоспарлар құрдымға кетті дей беріңіз. Өйткені, оларды іске асыратын маман жоқ. Маман тәрбиелейтін оқытушылар басқа салада жүр.

Білім және ғылым министрлігі тапсырма берді. Жақсы. Айлықты 30% көтерді делік. Онда да, оқытушылардың базалық айлығының 30% көтерілді. Базалық айлық деген не? Мысалы, профессордың еңбек ақысы 150 мың теңге болса, сол айлықтың 85 мың теңгесі атақ-дәрежесі үшін берілетін сыйақы. Қалған 56 мың теңгесі базалық айлығы. Осы айлықтың 30% -ы болса, 16 мың теңге өседі деген сөз. Қарапайым оқытушылардың айлығы тіптен аз күйінде қала бермек.

Құрметті, Асхат Аймағамбетов мырза! Егер, жоғарғы оқу орындарында білікті мамандарды даярлап шығатын білімді ұстаздарды сақтап қаламыз десек айлықты 30% емес, кем дегенде 3 есеге көтеруіміз керек. Университетке жаңадан кірген жас оқытушы ең аз дегенде 200 мың теңге айлық алса дейміз. Ары қарай еңбекақысын еңбек жолымен өсіріп отырғаны дұрыс. Сонда ғана біз университеттерде оқытушылардың бірегей құрамын жасақтай аламыз.

Қазырет Бердіхан,

Аға оқытушы

Пікірлер