Менің визиткам немесе көркем шығарма кейіпкерінен ауылға хат

2618
Adyrna.kz Telegram

Жұмыс уақыты бітер-бітпестен қаланың сыртындағы құжырама қарай асығатыным бар. Бір кездері өз қолыммен еккен сөгеті ағашының көлеңкесі жаныма сая болатындай безектеймін. Ауылдағыдай сирен гүлдің жұпар иісі танауымды қытықтамаса да, осы бір мекен жаныма жайлы. Өткен күннің көлеңкесіндей рахат бір сезім сыйлайды. Рахаты сол, ерсілі-қарсылы ағылатын көліктердің шуылы жоқ. Қапырық қаланың тар балконындай ойлануға тарлық етпейді. Көршінің абалаған қара итінің даусының өзін үздіксіз есіп тұратын самал жұтып қояды. Тек қазақ болса да, шошқа асырайтын Марленнің үйі жақтан жағымсыз иіс келіп тұратын еді. Доңызбен доңыз болғысы келмеді ме, өткен жылы бажылдатып жатып оны да ана әлемге аттандырып жіберді. Марленді білмеймін, бұл мен үшін үлкен қуаныш еді. Енді иіс те жоқ. Ат шаптырым жерден шелектеп су таситынымыз болмаса, бәрі керемет. Ұңғыл-шұңғылы көп тақтайлармен өзімнің түр-тұрпатыма ұқсатып, олпы-солпы ғып сала салған қуықтай бөлмелері бар баспанам қандай қуаныш сыйлайтынын сіз түсіне қоймассыз.
Кей кездері осы үйде тұрғаныма мақтанам. Дәл мен секілді бір кездері биыл тоқсанға келіп жатқан Бердібек атам да қаланың сыртында күнелтпеді ме? Ой, ғафу етіңіз! Мен Бердібек көкем сияқты күнелтіп жатырмын. Тар бөлмеде отырып жазу жазғанның ғажаптығын да сіз түсіне қоймассыз. Журналистердің бір адам түсініп болмайтын пасық мінезі болады ғой. Жөні түзу бір мақала жазса, ғаламды төңкеріп тастағандай талтаңдайды. Түнімен қалам кеміріп шығып, қазақ ұлтына елеулі еңбек еткен жандай осы үйден талтаңдап шығатыным бар. Сол сәтте тағы Бердібек көкемді есіме аламын. Қала сыртындағы саяжайында жатып классикалық шығармалар жазды. Қалай ғана масаттанып, жарылып кетпеді екен-ә?
Біздің қалам нені қаузап жүргенін білмеймін. Бердібек ағам өз өмірін көркем шығармаға айналдырғандай әсер береді. Қызығы, кейіннен сол көркем шығарманы біз өмірімізге айналдырдық.
Бердібектің «Өлгендер қайтып келмейдісі» ағасының үйленуімен басталушы еді ғой! Менің де өмірімнің бар қызығы ағамның үйленуімен басталды. Бердібекке ұқсап жеңгелерімізді мазақтайтынбыз. Сүйінші сұраған жеңгесінің сумақай қолы қайнысының тесік қалтасынан жалаң санына өтіп кетпеуші ме еді? Біз болсақ, Мұқағали көкемше:
«Сүт сұрасам су берген, быламық берген
Амансың ба қу дейтін жылауық жеңгем» деп тақылдайтынбыз. Сол шығармадағы басты кейіпкер Еркінге ұқсап, өз Ғалиямызды неше мәрте Белтоғаннан көтеріп өттік. Бірақ Бердібек секілді мықты емес екенбіз. Көтерген Ғалиямды аяғым тасқа шалынып құлатып алғаным бар.
Сол шығармада Еркін ФЗО-ға оқуға кетеді. Бізге де интернаттың қара нанын жеу бақыты бұйырды. Еркін Ғалиясын қалай сағынса, біз де солай сағындық.
Тағы да ауылға қарай кері шегініс. Кеш бата әжеме осы романды оқып беретінмін. Ол кезде шығарманы оқығанмен, оны кім жазғанына бас қатырмайтынбыз. Бір күні қызық болды.
Әдебиет пәнінен «Менің атым Қожаны» оқыдық. Бұған дейін киносын көріп қойғанбыз. Сабаққа «ләм-мим» деп ауыз ашпайтындардың өзі араласып, әйтеуір бір нәрсе білетіндіктерін көрсетіп қалды. Олардың ішінде мен де бармын. Мектептің «Қожасы» атанып үлгерген кезім. Біздің әдебиет сабағынан дәріс оқитын Гүлбақыт атты мұғалимамыз қатты ізденімпаз ұстаз еді. Сабаққа «Балалық шаққа саяхатты» да ала келіпті. «Мына кітапта «Менің атым Қожаның» толық нұсқасы бар. Оқимын дейтіндерің болса, алыңдар» деді. Кітап ғайыптан менің қолыма тиді. Мына қызықты қараңыз. Бірінші әңгіменің аты «Бурыл ат». Алгебра апаймен шекісіп қалғанмын. «Мені көрдің бе» дегендей әңгімені оқи бастадым. «Абай» колхозының Бурыл атының шәліс мінезі жайлы әңгіме өз тереңіне бойлатып барады. Бәйгеден бас жүлде алған аттың кейіннен мертіккені жанарымнан еріксіз жас үйірді. «Абай» біздің колхоздың аты. Застав. Ой сұмдық-ай сипаттаудың бәрі біздің ауыл. Өз көзіме өзім сенбей, беттерді ақтарыстыра бастадым. Мәссаған. Балалық шаққа саяхаттың ішінде «Сүмбеге сапар» деген тарау бар екен. Сабақтан қайтуға асықтым.
Үйге жете сала әжеме жаңалық аштым (Әжем де Бердібек көкеммен түйдей құрдас. Алланың қалауымен биыл тоқсанға келді). Апа «Өлгендер қайтып келмейдіні» біздің ауылдың ағасы жазыпты. Қараңызшы. Таң-тамаша болып жатырмын. Бала Іргебайдың сотқарлығына ішек-сілем қатқанша күлем. Бұл анау өзім білетін Іргебай шал (ол кісі біраз жыл бұрын қайтыс болды) екенін әжем айтқан. Мектептің директоры Насыр Әлиев те таныс. Ауылда бір көшенің аты сол кісінің атында. Қойыңызшы, шығармадағы кейіпкердің дені өз ауылымның тұрғындары. Мен әрине, оларды танымаймын. Әжем тізбелеп кімнің туысқаны, олардың қандай ұрпақтары бар екенін айтып шығады.
Балғын шақтың бал дәурені көзден бал-бұл ұшты.

Кейіннен таулы өлкеде туып, тау тұлғаға айналған ағалар біздің «визиткамызға» айналды. «Қайсы ауылдың баласысың?» дегендерге жауап – сол тау тұлға ағаларымыз болды. Біреулері «Шалтабайдың әні қалған өлкеден екенсің» десе, енді бірі Қапезді, енді бірі Көдекті, Мұқағалиды, Бердібекті, Сағатты, Баққожаны, Заманбекті, Алтынбекті, т.б айтып жататын. Содан кейін ағаларымыздың абыройы бізге деген жағымды көзқарас қалыптастыратын.

Тағы да ауыл есіме түседі. Анау жабыр-жабыр жоталарда Бердібек те біз секілді асыр салған шығар. Сол жотада ешбір жерде өспейтін, аты жоқ гүл өсуші еді. Исі танауыңды жарады. Құшақ-құшақ гүл теріп алып, өз Ғалиямыздың немесе «Қайдасың Гауһарлап» Гауһарымыздың үйіне асығатынбыз. Қыс бойы қолымыз тұяқ болғанша асық ойнайтынбыз. Көктемде балағымызды балшыққа белшелетіп ләңгі тебеміз. Ләңгі демекші, Бердібек көкемнің «Балалық шаққа саяхатында» сабақтан қашып, ләңгі тебетіні естеріңізде ме? Артынан ұсталып қалатыны бар. Осы бір сюжет есіме оралса, менің де бетімнің қаны басыма шапшиды. Екінші, я үшінші сыныпта оқитын кезіміз. Мұғалимамыз келмеген соң, артқы парталарды ысырып тастап, ләңгі ойнадық. Есікте тұрған Жандос деген бала Гүлзира тәтейдің (біздің ауылда ұстаздарды осылай атайды) келе жатқанын айтты. Кезек менде еді. Қалтама тақта сүртетін тірәпкіден жасалған ләңгімді сүңгітіп жібердім де артқы парталардың біріне қонжия кеттім. Тәтей кірді де, біраз қарап тұрып шығып кетті. Әлде маған солай көрінді. «Ойынды жалғастырайық» деп айғай салып, ләңгіні тебе бастадым. Ду күлкі. Қарасам, Гүлзира тәтей сыныптан шығып кетпепті. Тек есікті ашып ар жаққа қараған болуы керек. Сол сәтте тағы да Бердібектің кейіпкері болып, әжуаланғанымды түсіндім.
Жоғарыда «Бурыл ат» деген әңгімені оқып, таң қалғанымды айттым ғой. «Ор болып қалушы еді басқан жерің» деген эпиграфпен басталатын әңгіме сарыны да менің өміріме тым ұқсас. Әкемнің ағасы Ораз деген жамағайынның Қазымойын деген атын бәйгеге қосты. Бердібектің жүйрік Бурыл аты менің көзіме Қазымойын болып елестейді. Әңгімені көбейтіп қайтемін. Сол Қазымойынды іштарлар басынан ауыр соққымен ұрып өлтірді. Бәлкім, ұқсастық, сәйкестік.
Оны қойыңыз. Бұл өмірде плагиат болып өмір сүру қызық. Бір кездері Маралтай ағам «Ұлы адамдардың барлығы плагиаттар» деп сұхбат бергені бар. Әрине, өкініштісі ұлы емеспіз. Біреудің жазғанын көшіріп те алған жоқпыз. Бірақ, Бердібектің кейіпкеріндей өмір сүріп жатырмыз. Плагиаттығымыз сол, кей кездері үйдегі кісіге бар шындығымды ақтара салам. «Өлгендер қайтып келмейдіде» Еркін Зағышқа еш сырын жасырмайтын еді ғой. Әйелі «қитыққа тию үшін құрастырып отыр» деп сенбейтін-ді. Біздікі де сөйтеді. Бұл да ұқсастық.
Бүгін де сол. Жұмыстан үйге қарай асықтым. Күлімдеп тұратын күннің көзі де көмескіленіп қалыпты. Әлде маған солай көрінді ме екен? Қоңырқай тірлігімнің қиюын қашырып тұрғандай. Тағы бір үлкен жаңалық. Бірақ, сіз ойлағандай жағымды емес. Жағымсыз. Жағымсыз болатыны сол. Өлгендер қайтып келмейді. Егер қайта келсе, Бердібек ағамен сырласар едім. Бәрінің анық-қанығына көз жеткізер едім.
Иә, бұл жаңалық та емес. Бердібек Соқпақбаев саяжайындағы ағашқа асылып өліпті. Әрине, Бердібектің ажалының қалай келгені жайлы мұндай алыпқашпа әңгімелерді жиі еститінмін. Бұл жолғыны «Алқа» атты журналдан оқыдым. Жүсіпбек Қорғасбек ағам жазыпты. Мен білетін Бердібек олай жасамаса керек-ті. Оған Жүсіпбек аға да күмәнданыпты. Кінә бәлкім, сол «үш әріптер» жаққа таңылар. Бердібектің «Біз отарланған елде тұрып жатырмыз» деп Біріккен Ұлттар Ұйымына хат жазбақ болғаны жүрегімді төңкеріп тастады. (Арман аға Сқабылұлы жуырда ФБ-тегі парақшасында Бердібектің «Мен Совет өкіметіне қарсымын» деп Нарынқолдағы кездесуде айтқаны жайлы жазды) Тура осындай ерлікті желтоқсаншыларды жақтап Сағат Әшімбаев жасамап па еді? Алтынбек жон арқасын оққа төсемеп пе еді? Заманбек те үш оқтың құрбаны болмап па еді?
Бұл қазақ ұлтының тәуелсіздігі үшін жан қиған алғашқы құрбандық емес. Мақтанатыным сол, сол құрбандыққа мен сусындаған Сүмбе мен Текестің суын қана ішкен Бердібектер шалынды. Бердібектің ағашты ат етіп, шаңын бұрқыратқан көшелерінде біз жүрдік. Бердібек оқыған мектепте «Менің атым Қожа» атты қойылымның бас кейіпкері болдық. Сонау Бердібек дүниеге келген Қостөбе атты оншақты үйі бар ауылдың үстінен әлсін-әлсін өту бақыты бізге бұйырды. Бердібектің жетпіс бес жылдығының (әлі есімде) қарсаңында Нарынқол мен Қостөбе арасындағы ой-шұқыры көп жол жөнделіп, жасап қалдық. Бірақ Бердібек оқыған біздің ауылға жету қиямет. Ой кешірерсіздер. Бердібектің Еркін атты кейіпкері Алматыдан екі мәрте ауылына жаяу жетпеуші ме еді? Оған қарағанда тәуір. Тіпті, «Балалық шаққа саяхатта» әжесі екеуі Сүмбедегі нағашыларының үйіне жаяу баратын еді ғой. Оның қасында…
Тағы да ауыл есіме түседі. Ауыл еске түссе, әжем ойыма оралады. Менің әжеме деген махаббатымның маздап жануына «Өлгендер қайтып келмейдідегі» Еркіннің апасына деген ықыласы ерекше ықпал еткендей әсер береді. Ауыл демекші, біздің ауылдағы біраз көшенің аты Бердібектің кейіпкері болған жандардың атына берілген. Іргебай көшесі, Насыр көшесі… Бірақ, Бердібектің атында көше де жоқ. Көшені қойыңызшы, ауылдағы мектепте Бердібектің атына бір бөлме де арналмаған. Қазақтың классик жазушысы оқыған мектеп екенін иіс сезетін қабілетіңіз болмаса, сезе алмайсыз. Өкініштісі, Бердібек оқыған мектептің оқушылары жазушы аталарының атын айтып, мақтана алмайды. Бердібек олардың болашақта «визиткасындай» бетке ұстары болатынын білмейді. Осындайда олардың барлығының қолына Бердібектің «Балалық шаққа саяхаты» түссе ғой деп армандаймын. Тағы да қала сыртындағы құжырама асықтым. Ойымда орағытып жатқан осы ойларды қағазға түсіру керек. Ол үшін тыныштық қажет. Біздің ауыл — күллі қазақтың ауылы. Бердібек — күллі қазақтың жазушысы. Онан кейін не жазсам екен?

Түйін
Таулы өлке есіме оралады. Хан Тәңірі көз алдыма келгендей болады. Ойланыңызшы, Хан Тәңіріне оқ атсаңыз өле ме, асып тастасаңызшы… Әрине, өлмейді. Өлмейтіні сол Бердібектің кейіпкерлері ортамызда жүр. Оның бірі, осыны оқып отырған — сізсіз. Сенбесеңіз, «балалық шағыңызға саяхат» жасап көріңізші…
Менің буырқанып келіп ,бар жазғаным — осы ғана…


Қанат Әбілқайыр.

Пікірлер