Ғарифолла Құрманғалиевтың орындаушылық мәнері – этностық мәденигенофондымызға қосылған дәстүрліәншілік мектептің озық үлгісінің біріекені белгілі. Алайда тарихы, бітім-болмысы әлі де жан-жақты зерттелуі, бір жүйеге түсірілуі керек. Өнертану ғылымы үшін сөзсіз үлкен пайда. Кейінгі зерттеушілерге бағыт-бағдар, нұсқа-жол болатыны және анық. Біз де Ғарифолла ата Құрманғалиевқа қатысты тікелей өзіміз куә болған жайттарды,жинақтаған деректерімізді шама-шарқымызша саралап, сұрыптап ұстаз өнернамасына бойлауды жөн санадық. Нәтижесінде «Ғарифола сал» атты деректі хикаят, «Халық композиторы, ақын Мұхит сал Мералыұлының әдеби мұрасы» деген монография жазылған еді. Бұлар кезінде ықшамдалып түрлі мерзімді басылымдарда, ғылыми журналдарда жарияланған-ды. Кейін баспадан жинақ болып шықты. Батыс өлкесінің дәстүрлі ән өнері тарихына қатысты нақты мәліметтер білгісі келген қарындас үшін жаңа атап өткен зерттеулеріміздегі деректерді қайта жүйелеп, ел назарына ұсынып отырмыз.
Сонымен Ғарифолланың әкесі Құрманғали 1880 жылы туған. Алты ағайынды екен. Ашып таратсақ мыналар: Құрманғали (Қоңқыш), Ықсанғали, Хамидолла (Мәми), Базеке, Уәлиолла, Ғұбайдолла. Бұлардың бәрі де Дәулеттен өреді. Дәулет – Досымнан. Ал, Досым – Шүреттен. Шүреттің Досымнан басқа Жәңгір, Есен, Есім, Сақып атты да ұлдары болған.
Осы жерде «Қазақ ССР-нің халық артисі Ғарифолла Құрманғалиев жөнінде» деп түзілген қолымыздағы генеологиялық шежірені назарға ұсына кетейік. Кестеде былай: «Байұлы – Алаша – Атымыс – Қазбек – Шотқара – Қасаболат – Шүрет – Досым – Дәулет – Құрманғали – Ғарекең». Онда «Схеманы жасаған филология ғылымының кандидаты Ғұбайдолла Айдаров» деп қоса таңбаланған. Салыстыра қарағанда, шежіре біз таратқан адамдар аттарын дәлме-дәл қайталайды және соны есімдермен одан әрі толықтыра түседі.
Ғарифолланың шешесі Жаңыл 1885 жылы дүниеге келген. Ол – Ысықтың қызы еді, оның Сары Ысығы. Әкесі Құрманғали 1913 жылы опат болады, іле көп ұзамай 1918 жылы анасы да фәниден бақиға өтеді. Сөйтіп қаршадай бала тұлдыр жетім қалады. Бірақ, ағасы Ғұбайдолланың арқасында жоқтық көрмейді. Сезімтал бауырдың алқауымен бала Ғарифолла әншілік жолға түседі. «Ұлттық сананың қалыптасуының бастауы сол ұлт құрамындағы жеке тұлғалардың игі әдеттерінен басталады», – деген тұжырым шындыққа негізделген. Ғарифолла: «Мен бала кезден құмарландым әнге. Қаратөбе жақта Әбуғалидың Құмары, Сағымқожа, Сартай, Жарылқаған, Нұрмақан деген жыршылар болды. Халық соларды тамашалайтын той-топырда, олардың әуен-саздарын босағада тыңдап отырып-ақ қағып алатынмын. Ағаларым – Хамидолла, Ғұбайдолла мені сандықтың үстіне шығарып мақтап-мақтап ән салғызады. Кейде өздері әдепсіздеу өлеңдерді де үйретіп қояды, оны да айтқызып қыран-топан күлкіге бататын», – деп еске түсіретін-ді өнердегі алғашқы қадамы турасында. Әлеуметтік ортасының ықпалы – жасөспірім Ғарифолла дарын-қабілетінің одан әрі дамып жетілуіне негіз қалай түскен. Ол атақты сал Мұхиттың туған немересі, Нәудің ұлы Шайқыдан да сабақ алады. Бұл жөнінде академик Ахмет Жұбанов былай деп жазыпты: «…Ғұбайдұлла, Хамидұллалар Ақкөлдің құмын қыстап, жазда Шұбарқұдық, Құмсай, Саралжын араларында көшіп жүретін. …Мұхит балалары …көшіп жүретін Жымпиты маңы алыс болмай, Ғарифолла Шынтас, Шайқымен кездесіп тұратын болды. Бұл екеуі Мұхиттың ән репертуарын да, орындаушылық әдісін де қаз қалпында алып қалған, кейбір жағдайларда Мұхиттан кем түспейтін музыка қайраткерлері болды. Ғарифолла енді Шынтас пен Шайқыға ән жағынан шәкірт болып, олардың қасына еріп ел аралады. …Бір жағынан өздері дем алу үшін, екіншіден үйрене берсін деп, айт-тойда, базар-жиында Шынтас, Шайқы әнді көбіне Ғарифоллаға айтқызады». Осы мәселеге байланысты өзіміз талай рет құлағымызбен естіген, ұстазымыздың жиі қайталап айтатын мына бір сөздері де әлі күнге дейін жадымызда: «Мен әнді Шайқыдан үйрендім. Мүшел жасқа толар-толмастан қасына еріп, атқосшылықта жүрдім. Уай, оның әншілігі сұмдық еді. Тор төбел аты болды. Қайда жиын-той, сонда әкететін мінгестіріп. Ат үстінде ән салады сондайда, жазық далада келе жатып. Біраздан соң: «Ал, Ғарифолла, сен сал», – дейді. Бөгелмеймін, басам. Әнімді аяқтаған соң жарықтық: «Ой, құлдығым, түбі мықты әнші боласың», – деп бауырына қысатын. Сонда деймін-ау, Шайқының е-ең жоғарғы дауысына үнімді үш тыныс алып барып әрең теңестіретінмін. «Дидарды» салғанда… құдай салмасын, айтатыны жоқ», – дейтін ылғи да. Осы тұста тоқтала кетпесе болмайтын бір жайт бар: Қазақстанның батыс аймағының әншілік дәстүрі туралы, оның бүгінгі күнге дейін өшпей, үзілмей жеткен тарихын сөз қылсақ, қалың байтаққа әлі де күнгейінен көлеңкесі басым белгісіз тұстары жетерлік. Соның бірі – Жайық қазақтарының (география ғылымыбойынша Ақтөбе жері де Жайық алабына жатады) Мұхит үлгісіндегі ән мектебінің өз дәрежесінде қаймағы бұзылмай сақталуында атқарған еңбегі, өзіндік орны бар айтулы дарын иесі Шайқы өнернамасы. Есімі тиісінше аталып, бағалануы керек-ақ.
Шайқы әнші бабамыздың бауырында өнерге бейім, өте зерек болып өседі. Жымпитыда, кейін Електе екі кластық орыс мектебінде оқыған. Атасы сал Мұхиттың әндерін бабына келтіре салып туған өңіріне атағы жайылады. Скрипка мен домбыраны шебер тартады. Тазбала, Сәулебай, Боғда, Абыл күйлерінің насихатшысы, виртуоз домбырашы екен. Мұны:«Мұхит …орыстың әндерін де айтып, би музыкасын домбыраға тартатын болған. Әсіресе … інілері: Жүсіп, Ақжан, Сақып, Шайқы (немересі.- Б.К.) – бесеуі қосылып орыстың «Невозвратное время» деген вальсін тартқанда орыс поселкесінің тыңдаушылары ұйып қалады екен…» – деген мәлімет көздері бекіте түседі. Шайқы өмірден ерте озады. Өкінішке қарай, оның неше жасында опат болғаны жөнінде еш нақты мәлімет жоқ. А.Затаевич: «Шайха Каратаев, внук знаменитого Мухита Каратаева, по общему признанию считавшийся достойным преемником своего великого деда, наследником его громадного дарования и продолжителем его песенных традиций. К сожалению, мне не довелось с ним познакомиться и записать его исполнения, хотя проживавшие в Оренбурге уральцы, сочувствовавшие моему труду, и стремились устроить нашу встречу. Случилось так, что когда из Оренбурга (не помню хорошо, в 22 или 23 году!) была послана телеграмма, приглашавшая его прибыть из Джамбейты, где он состоял на службе, – пришел ответ, что бедный Шайха только-что скончался», – деп жазып кетіпті. А.Затаевичтің өзі бұрын көрмеген Шайқының дарынына осылайша тәнті болуы, одан тың шығармалар жазып ала алмағанына өкініш қылуы, сырттай білуі – інісі Ғұбайдолланың да ол жайында жақсы лебіздер айтып, этнографқа мәліметтер беруінен. Бұған этнографтың:«Губайдолла Мухитов – внук знаменитого уральского баяна Мухита, в 1920-1921 годах состоял курсантом Оренбургской кавалерийской школы командного состава», – деген өз дерегі арқылы көз жеткізуге болады. 1983-85 жылдары үйінде жиі болып, Ғарифолла атамызбен сұхбаттасып жүрген күндерде мына бір деректі сан мәрте баян қылып еді бізге: «Шайқыны естиярлау кезімде көрдім, – дейтін. – Құмшық, Ханкөлге келіп ән салып жүретін. Аққұбаша, жұқалтаң жігіт еді. Ән айтқанда күп-күрең болып кететін. Шайқы 1922 жылы көктемде қайтты – 1921 жылы тауық жыл еді.Ұмытпасам, сол отыздың ар жақ, бер жағында болатын. Ол – Шынтас Қаратаевтан он жастай кіші-тұғын». Әншінің «Шайқы 1922 жылы көктемде қайтты – 1921 жыл тауық жылы еді» деп ескіше жыл санау үрдісін қосарлап айтуынан ұлы ұстаздың қашан опат болғанын пайымдай аламыз. Григориан календары есебімен жаңа жылдың қаңтарда, ал, көнеше наурыздың 22-інде кіретіні баршаға аян. Сонда Ғарифолла бұрынғы жыл қайыру дағдысымен Шайқының дүниеден өткен мерзімін нақтылап отыр. Демек, Шайқы григориан календары бойынша 1922 жылдың көктемінде, бұрынғыша тауық жылының яғни, 1921 жылдың аяғында өлген. Өйткені, Ғарифолла – ескілікті дәуірде туып, сол заманның үрдіс-салтын көрген, тәрбиесін бойына сіңірген кісі-тін. Шығыстық жыл қайыру ғұрпын сөзіне қосарлауы содан. (Жалпы осы тәрізді әдеттер ұстаз бойынан жиі көрініс беріп қалатын) А.Затаевич те: «1922 жыл, әлде 1923 жыл, Орынбордан Жымпитыға хабар жібергенімізде Шайқы қайтыс болды деген жауап алдық», – дейді жоғарыда. Деректер бір-бірімен сәйкес келеді деп санаймыз. Шайқы әнші 1922 жылы бақи болған, бұрынғыша тауық жылы , яғни 1921 жылы.
Енді екінші жайтке көшелік. Ол – Шайқының туған жылы. Ғарифолла Құрманғалиевтың: «Ұмытпасам, сол отыздың ар жақ, бер жағында болатын», – деген сөздерімен профессор Құбыш Мұхитовтың да пікірі үндес. «Өмірден ерте кеткен», – деп еді бізге. Алайда, туған, өлген жылын тап басып айта алмады. Сондай-ақ, ұстаз мәліметі Шайқының Шынтас Қаратаевтан он жастай кіші екендігінен және хабардар қылып отыр. Мұхиттың немере ағайыны, Қаратай сұлтанның бір нәсілі – Шынтас 1884 жылы туған. Шайқы бұдан он жастай кіші болса, онда 1894 жылы дүниеге келген. Әрине, нақты дәлдіктегі емес мағлұматтарға сүйеніп есептегендіктен бірер жылға бері ауытқуымыз мүмкін. Бірақ, шама – дұрыс. 28-29 жастарда көз жұмған. Пікіріміз жоғарыдағы мәліметтермен жанасады. Өнертанушы ғалым Зейнұр Қоспақов өзінің «Сыр тартсақ тарихынан әншіліктің» атты еңбегінде Ғарифолла мен Шайқының кездесуін былай деп көрсетеді: «Ән арасындағы әңгімеде Шайқы орамалымен тершіген маңдайын сүртіп: «Енді ауылдың алты ауызынан айтатын адам бар ма? – деп айналасына қарап еді, оны құптайтын жан табыла қоймады. – Ойпырмай, бүкіл ауылда ән айтатын әнші болмағаны ма? – дегенде Ғарифолла суырылып шығып, әндете жөнеледі. Әлі домбыра тартуды білмейтін ол аузын алақанымен қағып, Мұхит әндерін шырқайды. Естен кетпейтін кездесуді Ғарекең: – Шайқы орнынан тұрып, менің маңдайымнан сүйді. Өзінің домбырасын маған берді де: – Қарағым, қайыршының дорбасы болады, әншінің домбырасы болады. Мына домбыра мені де біраз жетеледі. Сені де бір қараға жеткізер. Мә, сен ал, – дейді». Көңілге қонымсыз. Бұл – ақиқатында З.Қоспақовтың өз сөзі Шайқының аузына салған. Шайқыға «Мына домбыра мені де біраз жетеледі. Сені де бір қараға жеткізер. Мә, сен ал» дегізуі оны бізге жас жігіт емес, өлер шағына таянған қарт адам қып елестетеді. Бұдан бұрын келтірілген мәлімет көздері қалай десек те Шайқының жас кеткенін шүбәсіз айғақтайды. Сөз еткен бұл жайттар, шындыққа жанасымсыз әңгімелер кейінгілерді адастырады.
А.Затаевич Шайқының қайғылы өлімін былай деп және таңбалап кетіпті: «При его смерти присутствовал Джумагалиев, сообщивший мне приводимую здесь любимую песню покойного «Арман» (несбывшиеся мечты!), – песню, которую он, по его словам, наигрывал на домбре еще минут за десять до катастрофы, пока жестокий приступ кашля не задушил его на смерть!» Шайқының сол сүйікті әні «Арманды» оның жақын араласқан досы, деректе аты аталған Бақ Жұмағалиев нотаға жаздыртқан. Нотасы фортепианоға лайықталынып түсірілген. Тыңдап көрген едік, мұң табы, сағыныш сазы байқалып тұрды. Бақ – Жымпиты уезі, Жақсыбай болысына қарасты 7-ауыл тұрғыны. Шайқының сан қырлы өнері, дарыны талайларға көп ықпалын жасаған. Белгілі домбырашы, композитор Оразғали Сүйінбеков туралы профессор Тымат Мерғалиев былай депті: «Домбыра тартуды алғаш әкесінен үйреніп, кейін Мұхит, Шайқы сынды әншілерді тыңдап, өнерге біржола ден қояды».
Оразғали – Абыл, Боғда, Қауен, Есбай сынды күйшілер дәстүрін жалғастырушылардың бірі ретінде танылған кісі. «Жігер», «Көктем шабыты», «Тұлпар дүбірі» тағы басқа да шығармалары бар. Ол әншілікті де ұстанған. Сондай-ақ, әкесі Нәумен бірге туған Шоңның баласы, өнер тарихында аты қалған Лұқпан да Шайқыдан Абылдың «Абылын», «Наратуды», «Қызыл қайың» атты күй үйренеді. Осы деректер Шайқының әйгілі әншілігіне қоса дәулескер күйші екендігін, оның жолын ұстанған шәкірттері де нұсқа көрсеткен ұстаз еңбегін жандырғанын айғақтайды. Бір қызығы оның есімі де болмысына дөп келеді. «Шайқы» араб сөзі, мынадай мағыналар береді екен: а) ұстаз, үйретуші, тәрбиеші; ә) ақсақал, дін басшысы; б) ғалым.
Қазірге шейін Шайқы өнернамасы арнайы зерттеу нысанасына ілікпей келеді. Біздікі сол тұсты көрсету, назар аударту-ды.
Әрине, Шайқыға қатысты сөз әлі де қозғалар, тыңнан мағұлматтар қосылар. Бірақ, біз ұғынуға міндетті нәрсе – Мұхит әншілік мұрасының өрнегін, нақыш-машығын бойына жөргегінен сіңірген бір туар дарын – Ғарифолла Құрманғалиев арқылы Шайқы өнернамасын тану. Мұхит пен Ғарифолланы сабақтастырушы алтын көпір – Шайқы. Ол осы екі тұлға аралығындағы өз орнын алуы тиіс. Жайық өңірінің әншілік үрдісін қалыптастырудағы өзіндік ролі үлкен, айшықты да жоғары дауыс иесі, дарынды Шайқының болмысын оның шәкірті, алаштан ән оздырған Ғарифолла Құрманғалиевтың үні, ән салу мәнері арқылы ғана елестете аламыз.
Академик А.Жұбановтың өз еңбектерінде оның есімін әркез жылы лепеспен атап отыруы, қазақ музыкасының бірегей этнографы әм зерттеушісі А.Затаевичтің ұлы дарынды дәйім өкінішпен еске алуы, әншілік дабысы шырқап алысқа кеткен сал Ғарифолланың ғұмыр бойы ұстаз үніне тамсанумен өтуі – Шайқы өнернамасының қаншалықты құнды екенін аңғартады. Жадта мықтап ұстар – жайт. Ғарифолланың өмірбаяны турасында: «Құрманғалиев Ғарифолла 1.01.1909 жылы туған, қазіргі Орал облысы Қаратөбе ауданы Ақкөл селосы»– деп таңбаланған оған қатысты деректердің бәрісінде. Ұстаздың өз аузынан естіген едік: «1907 жылғымын»,– деп айтқанын. Алғаш алған туу туралы құжатына түрлі белгісіз себептермен «1909 жыл» боп түзіліп кеткен. Әрине, мұны қалпына келтіру мүмкін емес. Мақсат – ақиқатты да қоса көрсетіп өту-ді.
Ғарифолла: «Жамал деген қыздың ұзатылуында еді, ел назарына алғаш ілігуім. Әкесі Шыныбек жақын ағайын, тойға арнайы шақырды. Таңға шейін ән салдым сонда. Содан кейін-ақ, ауылда жиын-сауық өтсе мені іздейтін болды», – деп еді бір әңгімесінде. Шыныбектің әкесі – Жайқожа. Жайқожа – Балатайдан. Бұлар да – Шотқара, Айбас – Шотқара. Ғарифоллаға Шүреттен қосылады. Шыныбек – орта шаруа, көзі ашық, орыс тіліне жетік бопты. Әйелінің есімі – Айдай, дейді. Одан Бердіғали, Жамал атты перзенттер туған. Бердіғалидан – Малдыбай (1927 жылы туған). Жамал 1922 жылы руы – Барамық Қарабала дегеннің баласы Бәкеге тұрмыстанады.
Шайқының алтын дидарын көріп, одан тағылым алған алғыр шәкірт Ғарифолла орындаушылық шеберлігін күннен-күнге өсіре береді. Бұрынғы сал-серілердің ұстанатын дәстүр-қалыбына еліктейді. Жүйрік мінеді. Атақты бәйгі бермес сұр аты да Ғарифолла есімін ел арасында әйгілей түседі. Ол енді өзінің туған өңірімен шектеліп қалмайды көрші елдерді аралап кетеді. Бұны академик А.Жұбанов былай деп куәландырады: «…1927 жылы Ғарифолла Ойыл ауданында, Бөрте болыстарында (Орынборға қарасты 1-і және 2-і Бөрте болыстары деген болды. А.Ж.), Орынбордың қаласында, не бары үш айдай әнмен ел аралады. Одан кейін Гурьев облысында (қазіргі Атырау облысы — Б.К.), Қарағашта, Табында болды. Бұл жүрген жерлерінің бәрінде де Ғарифолла аса сыйлы әнші, құрметті қонақ, халыққа өтімді де, сүйкімді де өнерпазы болып қабылданды», – дейді.
Осыдан кейін көп ұзамай, – өнерімен өстіп үнемі елдің көз алдында жүріп болмысының жұртқа жақсы танылуынан болар, – оған басшылық қызмет тізгіні ұстатылады. Бұған қолымыздағы оның назарға ұсынылып отырған төмендегі еңбек туралы құжатының көшірмесі нақты куәлік береді.
Поступление | Уходс должности | Должность | Место работа |
С ІХ-28 | ІХ-1930 | Секретарь Каратюб.с/совета | Каратюб.с/совета Зап.Каз.обл.Кз.Бирлик, Каратюбинский р/н ЗКО |
1930 | 1931 | Бригадир | Кз.Бирлик, Каратюбинский р/н ЗКО |
1931 | 1932 | Секретарь | Кз.Бирлик, Каратюбинский п.совета |
1931 | 1932 | Секретарь | Каратюбинский пос.совета ЗКО |
І-1932 | VІ-34 | Председатель | Кз.Бирлик, Каратюбинский р/н ЗКО |
VІ-1934 | артист-солист театра | Опера и балета им.Абая Каз.театр г.Алма-Ата |
Осылай өтіп жатқан күндердің бірінде Ғарифолла өміріне жаңалықтар енеді. Бұл жәйдан да жақсы хабардар А.Жұбанов: «1934 жылы көктемде Жымпитыда, одан аз кейін Оралда халық өнерпаздарының слёттеріне қатысты. Онда ылғи бірінші орындар алып, сол жылдың июнь айында Алматыға келді», – деп жазыпты.
1934 жылы Алматы қаласында республиканың түкпір-түкпіріндегі өнер таланттарының басын қосқан бүкілқазақстандық 1 слёті өткізілетін болып, Ғарифолла соған қатысуға келеді.
Ғарифолла осы оқиғаны былай деп әңгімелеп еді бізге: «1934 жылғы слёт жарысында Көкшетау жақтан-ау дейім. – Осы арада ұстаз маңдайын ұстап сәл ойланды. – Ұмытыппын атын, Мұса болар сірә, екеуміз біразға дейін тең түсіп отырдық. Ол да мықты екен, дауысы зор. Әндері де көп-ақ, бірінен соң бірін шығара береді. Үш күнге созылды тартысымыз. Ақыр соңында бірінші орынды маған берді жюри», – деген-ді.
Алқа шешімінің бұл мәнісін атақты актер, әнші, Халық әртісі, оқиғаның тікелей куәгері Қанабек Байсейітовтың: «Әнді шебер орындаудан Ғарифолла бірінші… орынды жеңіп алды», – деген мәліметі ашып тұр.
Ғарифоллаға бақ дарытқан тума дарыны осы слеттен кейін де өнер жолында жаңа шығармашылық қырларын жетілдіруге мүмкіндіктер тудырды. Бұл жөнінде сол кездегі музыка театрының директоры Қанабек Байсейітов: «Слёт күндерінде менің бір өзім театрға шақырып жиырма шақты әншімен договор жасастым, ал хорға, биге шақырған адамдарымыз одан да көп. Договор жасасқан әншімнің бірі осы Ғарифолла болатын. Еліне бір барып, содан біржола театрға келетін болып келісті», – дейді.
Осы келісім бойынша Ғарифолла 1934 жылдың маусым айында, – бұл жоғарыда назарға ұсынылған оның еңбек туралы құжаттарында таңбаланған, – Абай атындағы опера және балет театрына артист – жеке орындаушы боп қабылданады.
Ғылым үшін аса маңызды саналатын қолымыздағы деректерде сөз етіліп отырған уақыттар аралығында Ғарифолла қоныс қылған мекен аттары, тұрғын-жайлар орны нақты көрсетілген, тізіп шығайық: «1) Зап.Каз.область, пос.Каратюбе, Каратюбинский район с 1909г. по 1934г. 2) Алма-Ата гостиница №4 с 1936г. по 1939года. 3) г.Алма-Ата, ул.Виноградова 56, кв.13 с 1939 года», – делінген онда.
Осында Ғарифолланың 1934-1936 жылдар аралығында тұрған жерлері, мекен-жайы ғана қағазға түспепті. Бұның да себебін анықтай кетейік. Сол 1934 жылғы слётте Ғарифолламен жасасқан келісімінен кейінгі жағдаятты Қ.Байсейітов былай деп еске түсіреді: «…Ғарекең суыт телеграмма жіберіпті: «Алматыға семьяммен шықтым», – деп қай күні шыққанын көрсетіпті. Жаз емес, күз кезінде артиске үй тауып беру оңай нәрсе болмайды, «қайда орналастырсам екен?» – деп қатты састым. Сөйтіп жүргенімде, әйелі Рәбиғаны, екі баласын ертіп бір күні Ғарифолла кеңсеме кіріп келді. Театрымыз онда қазіргі «Қазақконцертте» болатын. Ары ойлап, бері ойлап, кеңсемнің түкпіріндегі бір бөлмені Ғарифоллаға босатып бердім. Ол кез үшін ондай бөлме тарлық етпейді, тек суықтау болған болу керек. Екі-үш жыл Ғарифолла семьясымен сол бөлмеде тұрды. Суық тиіп бір баласы (аты –Лимар. — Б.К.) сонда қайтыс болды», – дейді.
Қанабек Байсейітов баян қылған жайттар құжат мағлұматтарымен дәл.
Ғарифолланың Рәбиғадан бұрынғы бірінші жамағаты – Кәмшат. Қызылқұрттың қызы, жастай кеткен. Бұдан кейін осы Рәбиғаға (1915-1980) үйленген, әкесі Төкешов Макар 1895 жылы туған. Руы БайұлыныңЖәдікбай аталығы. Өте күйлі тұрмыс кешкен, бай болған. Тоғыз қыз өрген кіндігінен, ұлы жоқ. Макар 1928 жылғы совет өкіметінің тәркілеуіне ұшыраған. Жер аударылып, 1934 жылы дүниеден өткен. Ал, әйелі – Хадиша 1898 жылы туып, 1944 жылы өлген. Кейін жазықсыз Ғарифолла да кінәланып, басы аз уақыт дау-шарға түскен-ді.
Ғарифолла Макарқызы Рәбиғадан, – ерте шетінегендерін қоспағанда, – Сәуле (1937), Болат (1939), Санат (1941), Шаһризада (1949), Нұрлан (1954), Ерлан (1956) атты төрт ұл, екі қыз көрді.
Қызы – Сәуле Құрманғалиева, талантты әнші, республиканың Еңбек сіңірген әртісі, педагог, профессор, Құрманғазы атындағы Ұлттық өнер консерваториясында сабақ береді. Немересі Меруерт Санатқызы да музыка маманы, ғалым. Ғарифолла – ұрпағы, өнері жалғасқан бақытты адам.
Ғарифолла Құрманғалиев өмірінің соңғы кезеңіне дейін Абай атындағы Қазақтың опера және балет театрында қызмет атқарды. Бұған жалпы шолу жасап өтейік. Ол – Елемес, Шеге, Сақан, Молда (Е.Брусиловскийдің «Жалбыр», «Қыз Жібек», «Ер Тарғын» және «Дударайында»), Естай (М.Төлебаевтың «Біржан-Сарасында»), Нарымбет (А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абайында»), Тито (З.П.Палиашвилидің «Даисиінде»), Трике (П.К.Чайковскийдің «Евгений Онегинінде») т.б. бейнелерін шебер сомдап, партияларын кемеліне келтіре орындады.
Сондай-ақ, Ғ.Құрманғалиев жеке әншілік-концерттік өнерімен де халық құрметіне шексіз бөленді. Ол шырқаған «Айнамкөз», «Нұржамал», «Ардақ», «Қанапия», «Бозжорға» сияқты өресі жоғары тағы басқа да классикалық туындылармен қатар Аралбай, Махамбет, Сартай, Сағымқожа, Құмардың толғау-термелерін қалың ел сүйіп тыңдайтын. Орындаушылық мәнері, шандоз үні көңілдерден берік орын алды.
Қазақтың ән мәдениетін өзге жұртқа кеңінен насихаттап таныстыруда да зор еңбек қылды. Атап көрсетсек, Совет Одағы кезінде Мәскеуде, Ленинградта (қазіргі Санкт-Петербург), Орта Азияның барлық қалаларында гастрольдік сапарлармен сан мәрте болды. Алыс мемлекеттерге де шықты: Қытайда (1950), Польшада (1958), Ауғанстанда (1960), Монғолияда (1968) т.б. өнер көрсетті.
Ұстаздық етті, шәкірттер тәрбиеледі. Халық мұрасының кейінге сабақтасуына және бір жолмен өстіп қызмет қылды. Бұны өнертанушы ғалым Б.Ғизатов: «1967 жылдан Алматы эстрада студиясында ұстаздық етті», – деп таңбалапты. Қате. Бір бұл емес, көптеген еңбектерде, мақалаларда шалағайлықтың салдарынан осылай жазылып кеткен. Ғарифолла Құрманғалиевтың ән орындау мәнері үлгісіндегі класс 1965 жылы ашылған. Бұған Республикалық эстрада-цирк өнері студиясына 1965 жылы түсіп, 1967 жылы Ғарифолла Құрманғалиевтан тәлім алып шыққан шәкірттері – Қажыбек Бекбосынов, Әскербек Еңкебаев (республиканың Еңбек сіңірген әртістері), Әлмырза Ноғайбаев (республиканың Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері), Нұрипа Еңкебаева (Омарова), Хайдар Өтеғалиевтар қол қойып, куәлік бере алады.
Жадта ұстар тағы бір жағдаят – Ғарифолла Құрманғалиев осы аталмыш оқу орнында 1985 жылға дейін ұстаздық етті. Біз оқыған 1983-1985 жылдар арасында жиі сырқаттанып ауруханада немесе үйінде емделіп ұзақ жатып қалатын. Ондай жағдайда сабақты Ғ.Құрманғалиевтың педагогикалық іс-тәжірибесін қасында үш жыл бойы көмекші болып меңгерген, қосалқы оқытушылық қызмет атқарған талантты шәкірттерінің бірі – Қалыбек аға Ақтаев жүргізетін. Әнді кейде сол аралықтарда үйінен де үйренетін едік. Қалыбектің өзі бастап апаратын. (Оқуға түспей тұрып-ақ, – 1982-83 жылдар аралығында, – Ғарифолладан бір жылдай консультация алдым.) Мен былай да қарт ұстазға күнара соғып тұрушы едім. Мекен-жайы: Виноградов, – Мир көшесімен (қазір Желтоқсан аталады. — Б.К.) қиылысқан тұста, – 62-үй, 13 пәтер-ді. Әнші 1939 жылдан өмірінің соңына дейін осында тұрды.
Республикалық эстрада-цирк өнері студиясын бітірерде, 1985 жылы мамырдың 23-і күні мемлекеттік емтиханды қабылдауға Ғарифолла Құрманғалиевтың Мүсілім Абдуллин (мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы), Болат Кенжебаев (студия директоры), Рақым Бөлегенов (студия директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары), Бекен Жылысбаев (Халық әртісі, әнші, профессор), Сәния Толсунова (оқытушы), Ғаппаров (мәдениет министрлігінен, атын ұмыттым), Жәнібек Кәрменов (Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, әнші), Қалыбек Ақтаев (Ғарифолланың көмекшісі, әнші, ұстаз) тағы басқа да адамдармен бірге қатысып, өзінің ақ батасын беріп шығарып салған сондағы соңғы төл шәкірттері біздер едік: Сәуле Жанпейісова,Сағадат Рақметжанов, Күмісай Байтілеуова, Мейрамгүл Орашева, Мұхит Бірәнов және мен, Бөрібай Кәртен.
Ғарифолла Құрманғалиев 1939 жылы Еңбек сіңірген әртіс, 1954 жылы Халық әртісі, 1978 жылы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атақтарын иеленген. Еңбек Қызыл Ту, Қызыл жұлдыз ордендерімен марапатталған.
Қазақ ән өнерінің ірі қайраткері, этнограф, жыршы, педагог Ғарифолла Құрманғалиев 1993 жылы қаңтардың 24-інде кешкілік дүниеден озды, қаңтардың 27-сі күні Алматы қаласында Кеңсай зиратына жерленді.
Бөрібай КӘРТЕН,
жоғары санаттағы музыка маманы,
қазақ тілі мен әдебиеті магистрі,
Ақтөбеқаласы