Шерзат ісі. Жасөспірімді өлтірген Абзал Шынасыл бостандыққа 2048 жылы ғана шығады

3172
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/06/img_9814-960x500.jpeg?token=843e68d8c74a56b63a9a50c4187e96af

Бүгін, 5 маусымда Шерзат Полаттың өліміне айыптау жөніндегі қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Абзал Шынасылға, екі аса ауыр және бір ауыр қылмыс,  ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 5), 9), 14) тармақтары (адам өлтіру), 24-бабының 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігінің 1), 7), 9) тармақтары (адам өлтіруге оқталу), 293-бабының 3-бөлігі (бұзақылық) жасағаны үшін қылмыстардың жиынтығы бойынша – 23 жыл бас бостандығынан айыру;

Сакиев Равильге, бір аса ауыр және бір ауыр қылмыс, ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігінің 7), 9) тармақтары (адам өлтіруге оқталу), 293-бабының 3-бөлігі (бұзақылық) жасағаны үшін қылмыстардыңжиынтығы бойынша түпкілікті – 20 жыл бас бостандығынан айыру;

Тоқтаубаев Азаматқа, ҚК-нің 293-бабының 3-бөлігі (бұзақылық), 188-бабының 1-бөлігі (ұрлық) жасағаны үшін, бұрын жасаған ауыр қылмысы және ол бойынша өтелмеген жазасы ескеріліп – 15 жыл бас бостандығынан айыру;

Ілиясов Нұрқиясқа, ҚК-нің 293-бабының 3-бөлігі (бұзақылық) жасағаны үшін, бұрынғы моттылығы және ол бойынша өтелмеген жазасы ескеріліп – 9 жыл бас бостандығынан айыру;

Әскентай Дархан, Тоқтаубаев Нұрбол, Белғожаев Шыңғыс пен Қалиахмет Дидарға ҚК-нің 293-бабының 3-бөлігі (бұзақылық) жасағаны үшін заңмен көзделген барынша қатаң жаза – әрқайсысына 7 жыл бас бостандығынан айыру;

Кәмелет жасқа толмаған Ысқақ Думанға ҚК-нің 434-бабы (қылмыс туралы хабарламау) бойынша – 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сотталушылардың бәрі жазасын орташа қауіпсіз мекемеде өтейді.

Одан бөлек, келтірілген моральдық шығынның есебіне Шынасылдан 60 млн теңге, Сакиевтен – 30 млн теңге, сондай-ақ қалған сотталғандардан ортақ тәртіпте және Сакиевтен – 30 млн теңге өндірілді. Кәмелет жасқа толмаған Ысқаққа жәбірленушілер азаматтық талап қоймаған.

Бұған дейін прокурор Дана Сарсенбай соттан жасөспірімнің қазасына байланысты айып тағылған тоғыз адамды қылмыс жасағаны үшін 1,5 жылдан 23 жылға дейін соттауды сұраған еді. Ал марқұм Шерзаттың отбасы айыпталушылардан 660 миллион теңге моральдық шығын өтеуді талап етті.

Еске сала кетейік, 4 қазан күні Талғарда 16 жастағы Шерзат Полатты отбасының көзінше өлтіріп кеткен болатын. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырған істердің бірі болды. Тергеу барысында 40 сот сараптамасы жүргізіліп, 200 куәгерден жауап алынды.

Комментарии