Елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Астана халықаралық форумы басталды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Форумның пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде Президент жаһандық қауіпсіздік, бейбітшілік пен ынтымақтастық мәселелерін қозғады.
«Баршаңызбен Астана халықаралық форумында жүздескеніме қуаныштымын! Бүгінгі басқосуға шетел үкіметтерінің басшылары, дипломатия, бизнес және академиялық ортадағы достарымыз бен әріптестеріміз қатысып отыр. Мәртебелі меймандарымызға, атап айтқанда, Руанда Президенті Поль Кагамеге және Солтүстік Македония Президенті Гордана Силяновска-Давковаға, Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы Ален Берсеге, БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мунға, Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінің жетекшілеріне, форумның өзге де қатысушыларына шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қазіргі уақытта әлемде соғыс пен қақтығыстардың өршіп бара жатқанын атап өтті.
«Дүние жүзін қақтығыстар мен соғыс өрті жайлап барады. Былтырғы мәліметке
сәйкес, 52 мемлекет қарулы қақтығыс жағдайында тұрған. Ал осындай қатыгез әрекеттерден келген экономикалық шығын 19 триллион долларға жетті. Бұл, шамамен, әлемдік ІЖӨ-нің 13,5 пайызы», – деді Президент.
Оның айтуынша, бұл сандардың ар жағында одан да қорқынышты ахуал жатыр.
«Қазіргі қақтығыстар анағұрлым ұзақ әрі күрделі сипатқа ие. Оған көптеген «ойыншылар», тіпті, ешқандай мемлекетке қатысы жоқ топтар араласады. Мұндай қақтығыстардың тамырында түрлі қайшылықтар жатыр», – деді ол.
Президент әлемдегі шиеленістердің жасанды интеллекттің дамуымен мүлдем үйлеспейтінін айтып, тарихи араздықтарға сүйенген соғыстардың ақылға қонбайтынын жеткізді.
«Соғысудың орнына біз халқымызды, әсіресе, жастарымызды саналы әрі өркениетті қоғам құруға үндеуіміз керек», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев ядролық қаруы бар мемлекеттер арасындағы шиеленістерге ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.
Другие материалы
Adyrna.kz ұлттық порталының маңызды ақпараттарына жазылу
Соңғы жаңалықтар туралы хабардар болыңыз