Жем зауытындағы жарылыста жараланған екінші адам қаза тапты

1009
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/05/img_9548-960x500.jpeg?token=96c6ec1f447dbe57f995f61179e5d567

Алматы облысында орналасқан «АзияАгроФуд» құрама жем зауыты аумағында ұн тозаңының жарылуының салдарынан екінші адам қаза тапты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Ақпаратқа сәйкес, екеуі де ауруханада алған жарақаттарынан көз жұмған. Тағы екі адамның жағдайы ауыр.

26 мамыр күні Алматы облысы ТЖД-не Қарасай ауданы Жібек Жолы ауылында орналасқан ұн өнімдерін шығаратын цех аумағында жарылыс болып, одан кейін өрт шыққаны туралы хабар түскен. Өрт дәнді дақыл қалдықтарының шаң-ауа қоспасының жарылуынан екінші элеватордың тоғыз қабатты ғимаратының бірінші қабатында орын алған.

“Оқиға орнына Алматы облысы ТЖД күштері мен құралдары шұғыл түрде жіберілді. Оқиға орнына жеткен кезде қатты түтіндеу тіркелді. Жедел штаб құрылып, төрт жауынгерлік бөлімше жұмысқа кірісті. Қабылданған шаралардың арқасында өрт толық сөндірілді. Өрттің жалпы аумағы 1377 шаршы метрді құрады”, – деп хабарлады ТЖД.

Зардап шеккендерге ТЖД маманы тарапынан психологиялық көмек көрсетілуде.

Жарылыс болған зауыт басшылығы ішкі тексеру жұмыстарын бастаған.

"Компания қызметкерлерінің денсаулығына шын жүректен алаңдайды және зардап шеккендер мен олардың отбасыларымен тұрақты байланыста", – делінген хабарламада.

Комментарии