Алаш арыстарының жәдидшілдік реформасы ІІ

3699
Adyrna.kz Telegram

ЕКІНШІ ТАРАУ

ИСЛАМ РЕФОРМАСЫ -ҚҰРАН

Айналамызда Ислам діні атына жасалып жатқан түрлі жабайылықтар мен жамандықтарды, ақыл мен Құранға қайшылықтарды  тоқтатуымыз үшін жеделді түрде Хақ дінді уағыздап ұғындыруымыздың қаншалықты маңызды екендігіне бәріміз куәміз. Бұл көріністен мазасыз болған Мухаммед Иқбал 1920'шы жылдары былай деген: “Егерде біз мұсылман болмаған халықтарға Ислам дінінің ұлы қасиеттер жүйесі болғандығын көрсеткіміз келсе, оларға барлығынан  бұрын, біз мұсылмандардың Ислам дініне лайық өкіл болмағандығымызды баяндауға міндеттіміз.” Иқбалдан бұрынырақ өмір сүрген Мухаммед Абдуһ дәл сондай ақиқатты өзінің сөздерімен былай айтады: “Ислам дегенде ойға проблемалар, дағдарыстар, күйзелістер, тұйыққа тірелулер келсе, бұның себепшісі Ислам емес мұсылмандар. Бұл ғасырда мұсылмандардың Құраннан басқа имамдары жоқ. Әзһәр университетінде оқытылып жатқан немесе соларға ұқсас кітаптар бола тұра бұл үммет аяғына тұруы мүмкін емес.Үмметті аяғына тұрғызатын рух ол алғашқы дәуірлерде әкім болған Құран рухы. Құраннан тыс әр нәрсе; Құранды білу және оны ұстанудың арасына қойылған бөгет болып саналады.” Әйгілі ақын Мухаммед Ақиф болса бұл жәйтты былай сараптайды: “Ислам дінінің қайнар бұлағы  Құран болса онда Ислам деген нәрсенің кәзіргі таңда жер бетінде жоқ екендігін айтуымыз қажет. Себебі кәзіргі таңда Құран көкке қайта көтеріліп жер бетіндегі,Исламның онымен (Құранмен) ешқандай байланысы қалмаған.” Профессор Исмаил Фаруқи де былай дейді: “Ислам не бүгінгі мұсылмандардың іс әрекеттері мен амалдары емес, не Ислам тарихының анау немесе сонау дәуірі емес, не де Ислам атынан жазылған өтірік кітаптардың түсіндіргендері емес. Ислам ол тек-Құран.”

ЖӘДИДТІК ҚОЗҒАЛЫС ПОПУЛИСТІК ҚОЗҒАЛЫС ЕМЕС

Қалың бұқара халық мұсылман ойшылдарына Ислам атына жасалып жатқан сұмдықтарды  көріп, бұлардың тоқтатылуын қалап, Ислам дінінің ондай болмағандығын жұртқа ұғындыруды қалайды. Алайда біздің қозғалысымыз ондай популистік қозғалыс емес. Яғни бұл қозғалыс, дүйім халықтың мұсылман болуы үшін немесе халықтың Исламға жақындаулары үшін жасалған жарнама сынды қозғалыс емес. Бұл қозғалыс, мұсылмандардың бүгінгі таңда көрсетіп жүрген жабайылықтары мен ақыл-санаға сыймайтын сұмдықтарының  Алланың дінінің жалғыз қайнары Құранға қайшы келетіндігін көрсету үшін құрылған. Мақсатымыз адамдарға ұнайтын дінді жаңадан құру емес керісінше, Алланың риза болатын дінін қайта орнату. Онсызда, адамдардың Құранды ұстану нәтижесінде адамдар оңай, рахат, мол жақсылық пен толерантты қамтитын жүйеге ие болады. 

Өкінішке орай Ислам діні бізге араб-парсы мәдинеті арқылы  жеткізілді. Бүгінгі таңдағы әйелге деген көзқарасымыздан, ораза, намазға дейін барлық мәселе осы  дәстүрдің әсерінде қалған. Сол үшін араби дәстүрлік жүйеге реформа жасалуы тиіс. Алайда бұл реформа дінге жасалған реформа емес. Себебі бұл қозғалыстың мақсаты діннің негізіне, қайнарына (Құранға) қайта оралу. Алланың дініне реформа жасалмайды. Себебі адамдар Алланың сөздерін, үкімдерін ауыстыра алмайды. Егерде біреу бізге бір көзқарас яки бір үкім  білдірсе “Бұл пәтуәңді қандай дәлелге сүйендің” деп сұрауымыз қажет. Егер де пәтуәсі Құранға сүйенбейтін болса онда үкімі ешқандай діни маңыздылық білдірмейді. 

Тұрарбек Құсайынов
"Демос" ҚҚ төрағасы

Пікірлер