Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығы “Адырна” ұлттық порталына ақынның көзі тірі кезінде өзі тұтынған әрі кейін ұрпаққа аманаттап қалдырған құнды заттары туралы баяндап берді.
Абай Құнанбайұлы артынан баға жетпес асыл қазына қалдырды. Тек оның өлеңдері мен қарасөздері ғана емес, сонымен қатар халқымыздың тұрмыс-тіршілігіне, қолөнері мен мәдениетіне қатысты ұрпаққа аманаттаған заттық мұралары да бар. Бұл бағытта Абайдың өзі тірі кезінде ел жадында сақталарлық елеулі іс жасағанын біреу білсе, біреу білмес.
50 ЭКСПОНАТТАН ҚАЛҒАНЫ
1885 жылы Абайдың Семейдегі рухтас достарының бірі, орыс демократ зиялысы Нифонт Иванович Долгополов жаз айларында Абай ауылына барып, онда шамамен екі айдай уақыт болған. Осы сапардан кейін ол Семейдегі өлкетану музейіне Абай ауылынан әкелінген елуден астам этнографиялық бұйымды табыстайды.
Музейдің сол уақыттағы тіркеу журналында бұл заттардың Абай Құнанбайұлы тарапынан тапсырылғаны нақты көрсетілген. Қазақ халқының көшпелі тұрмысын, қолөнерін, дүниетанымын танытатын бұл жәдігерлер қатарында: асадал, кебеже, жезмойнақты торсық, саба, табақ, қобыз, домбыра, сыбызғы, найза, шоқпар, айбалта, тоғызқұмалақ, көрік, төс, қысқаш, әшекейлі құтылар мен ұршық, бесік сынды ондаған бұйымдар бар.
1963 жылы «Ертіс» газетінің 8 қыркүйектегі санында Абай музейінің алғашқы директорларының бірі, абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың «Абайдың қосқан үлесі» атты мақаласы жарық көреді. Бұл мақалада ұлы ақынның 1885 жылы өлкетану музейіне экспонаттар тапсырғаны туралы жазылған еді. Ғалым арнайы Абай мен Долгополов тапсырған заттарды өлкетану музейінің экспозициясынан, қоймасынан музей қызметкерлерінің көмегімен іздеп, анықтау жұмыстарын жүргізген еді. Қ.Мұхамедханов Абай тапсырған заттардың 23-ін ғана тапқан екен, олардың кейбіреуі жақсы сақталған, кейбіреуі күтімсіздіктен тозған. Осы ізденістің нәтижесінде келесі, 1964 жылы қыркүйек айында Мәдениет министрлігінің арнайы бұйрығымен Абай тапсырған заттардың 17-і ақынның өз музейіне берілді. Қазіргі уақытта бұл экспонаттар Абай музейінің баға жетпес асылдары қатарында.
ЗАМАНА ЖӘДІГЕРІ
Жоғарыда аталған бұйымдардың арасында ерекше атап өтерлік бірнеше бұйым бар.
Құрсауланған кесе – ақын тапсырған қытай фарфоры. Сапасы аса жоғары болмаса да, көгілдір өрнегімен және шебер құрсаулануымен ерекшеленеді.
Абай заманында фарфор ыдыстар көршілес Қытай елінен және Ресейден әкелініп, қымбат бағаланатын. Оларды арнайы ағаш қабығынан тоқылған не болмаса теріден жасалған шыныяққаптарға салып сақтаған. Қымбатқа түскен фарфор, фаянс ыдыстардың шеттерінің сынғаны болса, лақтырмай, оларды әлі де қолдануға мүмкін болатындай етіп, құрсаулап жөндеп алуды қазақ шеберлері өте жақсы меңгерген.

Ағаш құты – тұтас қайың ағашынан ойылып, екі бөліктен желімделіп жасалған. Сырлы бояумен боялып, қақпағы жұқа қаңылтырмен қапталған. Белдікке және аттың қанжығасына байлауға қолайлы болу үшін қайыс ілгек жасалынған. Сусын құюға арналған бұл құтының биіктігі – 32 см. Диаметрі – 18 см. Абай тапсырған заттардың бірі болғандықтан, 1964 жылы Қазақ КСР Мәдениет Министрлігінің қаулысы бойынша Семейдегі өлкетану музейінен Абай музейінің қорына өткізілген.

Шыныаяққап – тобылғы мен талдың қабығынан тоқылған, екі ғасырдан аса уақыт өтсе де өз пішінін жоғалтпаған тоқыма бұйым. Шыны ыдыстарды қорғап, қауіпсіз сақтауға арналған.
Мұндай сауытты жасау үшін шеберлер жас тобылғы мен өзен бойлай өсетін талдардың қабығын пайдаланған. Сауыттың түсі сарғыш, цилиндр тәрізді дөңгелек, қақпағы бас киімге (қалпақ) ұқсайды. Бұйымның биіктігі – 20,5 см, диаметрі – 17 см.

АБАЙДЫҢ ҚОЛЫНАН ӨТКЕН БҰЙЫМДАР
Абайдың өлкетану музейіне тапсырған заттарының бірі – қазақ шеберлерінің қолынан шыққан кісе белбеу.
Өлкетану музейінің ескі кіріс кітаптарында бұл жәдігер туралы нақты жазба сақталған. "Кісе белбеуді кім тапсырды?" деген графада: «Дар Ибрагима Кунанбаева. Чингизская волость, Семипалатинскаго уезда» деп көрсетілген. Белбеу туралы сипаттамада оның ұзындығы – 110 см, бір кісе мен екі оқшантайы бар екені жазылған.
Кісе белбеудің бетінде металдан жасалған 17 әшекей орналасқан. Олар әртүрлі пішінде жасалған: төртбұрышты, тармақты және жұлдызша тәріздес. Белбеуге ұзындығы 11 см үш қайыс жалғанған, олардың кісе мен белбеуді біріктіріп тұрған ұштары күмістелген темірмен бекітілген. Бұл қайыстардың оң жақ шеткісі кезінде үзіліп, кейіннен басқа қайыспен ауыстырылып, жөнделгені байқалады. Ал қалған екі қайыстың орта тұсында кіші бес тармақты жұлдызшалар орнатылған.
Кісенің өзі жарты шеңбер пішінінде, биіктігі 18 см. Жоғарғы екі бұрышында шеттері ирек төртбұрышты күмістелген металл әшекейлер бар. Ортасына диаметрі 6 см, он тармақты үлкен жұлдызша орналастырылған. Сонымен қатар, кісенің өн бойына симметриялы түрде тоғыз кіші жұлдызша қойылған. Бұл жұлдызшалардың тармақ саны әртүрлі. Кісе жасалған терінің бетіне металл әшекейлермен үйлесе орналасқан өрнек салынған. Бұл — ою-өрнек пен металл нақыштарының әдемі үйлесім тапқанын көрсетеді.
Кісе белбеуді жасаған шебердің тері мен металл өңдеудегі шеберлігі ерекше. Оқшантайлар да белбеуге қайыспен жалғанған, ұштары күміспен қапталған темір арқылы бекітілген. Әр оқшантайдың ортасында бір үлкен жеті тармақты жұлдызша, ал шеттерінде бес кіші жұлдызша орналасқан. Бұлардың бетінде де теріге бедерленген өрнектер бар. Екі оқшантай шеттеріндегі әшекей жұлдызшалардың бір тармақтары шығыршық ретінде жасалып, сол арқылы темір сақинамен өзара қосылған.
Абай тапсырған заттардың ішінде піспек те бар. Ол – сабамен бірге қымыз пісуге арналған құрал. Жарты сфера тәрізді етіп ойылған төменгі жағы, мыс сыммен оралған жөндеу іздері – оның тұрмыстық қолданыстағы ұзақ тарихын байқатады. Кезінде өлкетану музейіне піспек жалғыз емес, сабамен бірге тапсырылып, сабаның сақталмай қалуы әбден мүмкін.
Піспектің ұзындығы - 59 см, Ол орта тұсынан кезінде қиғаштай сынған, сондықтан сынықтары бір-біріне жанастыра екі жерден мыс сыммен оралып, орнына бекітілген.
«ӘР ЗАТ – ТАРИХ, ӘР МҮЛІК – МӘДЕНИ КОД»
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығының директоры Ұлан Сағадиевтің айтуынша, хәкім тапсырған мұралар – қазақтың төл дүниетанымының, өнерінің және тұрмыс-салтының көрнекті куәсі.
”Бұл жәдігерлер – тек тұрмыстық бұйым емес. Олар – Абай өмір сүрген дәуірдің, сол заманның тірі куәсі. Әр зат – тарих, әр мүлік – мәдени код. Абайдың өлкетану музейіне осы мұраларды тапсыруы – оның халқының мәдениетіне, өнеріне, тұрмысына деген зор құрметінің белгісі», - дейді ол.
Айтуынша, бүгінгі Абай музейі осы жәдігерлерді ұқыптылықпен сақтап, ғылыми негізде зерттеп, көрмелер мен экспозицияларда жұртшылық назарына ұсынып келеді.
«Бұл – ұлттық мұрамызды сақтау жолындағы мәдени жауапкершілік пен тарихи борыш. Абайдың өлкетану музейіне тапсырған мұралары – қазақтың төл дүниетанымының, өнерінің және тұрмыс-салтының көрнекті куәсі. Сол себепті де олар ұлт тарихындағы аса бағалы жәдігерлер ретінде келер ұрпаққа жеткізілуі тиіс”, - дейді Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығының директоры Ұлан Сағадиев.
Дана Нұрмұханбет
«Адырна»