Соңғы кезде Кенесары хан тақырыбы отандық баспасөзде жиі көтерілуде. Оған себеп Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың Орман манапты хан көтеріп, оның әскери стратег ретінде Кенесары ханмен шайқаста әділ жеңіске жеткені туралы жазбасы болды. Бұл біздің тарихшыларға ұнамай қалса керек, әлеуметтік желі «Кенесары хан» тақырыбын қайта жандандырды…
Менің қолымда Кенесары ханның ұлы Ахмет Кенесарыұлының 1889 жылы со заманғы қазақ тілінде, арабша қадым жазуымен жазған «Кенесары хан уа сұлтан Садық» кітабы тұр. Кітап 2021 жылы «AlmaBooks» баспасынан шыққан. Оны қадым жазбасынан аударған ғалым, тарих ғылымының кандидаты Амантай Исин екен.
Бұл кітапта сұлтан Ахмет Кенесарыұлы өзі көзі көрген, көрмегенін тете ағасы Сыдық сұлтанның айтқандарынан деректерді молынан келтіреді. Кітапты баспаға әзірлеген авторлар А.Исин мен Б.Бұқарбайдың оқиғалар желісін жүйелеп, қазіргі заман оқырмандарына мейлінше түсінікті етуге ұмтылғандары бірден байқалады.
Абылай ханның отыз ұлы
Қазаққа мәшһүр Абылай ханның отыз ұғлы бар еді... Оның Ордасы Көкшетауда еді... Абылай хан офат болған соң, оның бәйбіше хатұнының баласы Ғұбайдолла он жыл хан болды. Со кезде Ақмолаға бекінген Орыс дәулеті Көкшетауға орын салмақты ойлап Ғұбайдолла ханға адам жібереді. Оған Ғұбайдұлла хан: «Мен қала салуға ырза емеспін. Біз Абылай хан мен ақ патша ортасында болған шартнамасымен әрқайсымыз өз орнымызда тыныштықта тұрайық. Егер күшпен салам десең өзің білесің» деп жауап беріпті. (Абылай хан Ресейге тәуелді болмай, олармен тең дәрежедегі одақтас мемлекеттің ханымын деген). Бұдан кейін оны орыстар ұстап алып, қайта жібермей қойды. Оның орнына Уәли хан болды. Ол хала салуға ырзалығын берді. Абылай ханның балаларының бәрі ырзалығын берді...
Кенесарының алғашқы наразы болмағы...
Сұлтан Қасым Абылайдың отыз ұғылының кішісі еді. Ал, Қасым ханның кәттә зайыбынан алты ұғлы бар еді: Сарыжан сұлтан, Есенкелдің сұлтан, Ағатай сұлтан, Бофы сұлтан, Көшек сұлтан, кішісі – Кенесары сұлтан. Қасым ханның екінші зайыбынан Наурызбай сұлтан деген бір ұғлы бар еді...
Сонда сұлтан Кенесары атасына, төрт ағасына айтты: «Орыс дәулетінің Абылай ханның уақытындағы шартнаманы бұзбағы біздерге кемшілік. Егер, құдай қаласа, барша қазақты бір қосып, Абылай ханның уақытындағыдай болып тұрармыз...» - деп. Оның сөзі Қасым сұлтан уа балаларына мақұл болып, Орыс дәулетінің хұкіметіне қарсы болды. Қазақтар бұлардың айтқандарына қосылды...
Ол Уәли ханға ұнамады. Ақмолаға жеткізді. Орыстан әскер шығып, бұларға хақылы қазақтарды үш рет шапты...
Осыдан кейін Қасымның балалары Көкшетаудан өтіп, Орта жүз ұрығы Алтай, Тоқа, Керей, Уақ тайпаларын қосып, қырық мың үйімен Қоқан хүкметіне, Түркістан мемлекетіне қараған Шу өзеніне келіп мекен қылды...
Кенесары ағаларынан қалай айырылды?
Кенесары мұнда келген соң, Тәшкен әкімі беклербекке ағалары Сырыжан мен Есенкелді сұлтандарды сөздесуге жібереді. Өзі
Кенесары Қоқанның Мұхамед-Әли ханына жағдайын баян қылып арыз жіберді. Қоқан ханы беклербекке ашу қылды, бұйрық жазды: «Миың болса, менің әмірімсіз айла қылмағың. Сен құлсың - құлдың қожасын өлтірмегі жөн емес. Кенесары сұлтанды жібер!».
Бұдан беклербек шошып кетті: «Енді бізге жамандық қылмағың. Еліңізге келіп, бізге зекет уә салық берің» деді де, Әбдішүкір жүзбегіні жүз жігітпен қосып, шығарып салды...
Кенесары Шуға келіп, он бес ақ киіз үй тіккізіп қойды... Жер-жерге жайылып жатқан малдың қарасын көрсетіп қойды... Беклербектің жүзбасы мұнда келіп «ел қоныстаныпты» деді. Еш күмән келтірмей, тігілген үйлерге түседі. Со кезді қамыста тығылған Кенесарының жүз жігіті келіп, олардан өшін алады. Аттарын, қару-жарағын олжалап, Ұлытау жаққа елдерінің артынан келіп жетті.
Кенесарыны қай жерде хан көтерді?
Кенесары Торғай өзені бойына көшіп барып, атасы сұлтан Қасымға, ағалары Сарыжан, Есенкелді сұлтандарға ас беріп, бәйге шаптырмаққа Орта жүз-Кішік жүзді шақырды. Бұлар кеп, барша бас адамдары жиылған соң, сұлтан Кенесарыны қазақ рәсімі бойынша хан көтерді...
Әммә, олар айтты: «Русия дәулеті – зор дәулет дүр. Біздерге қазір баршамыз көтеріліп, сізбен көшіп жүрмек те мүмкін емес. Көшкенде һәм Орыс пен Қоқан арасындағы аз жерге ел симас. Сіз көшкеніңізше біз Русияға тәбиғ (тәуелді) болып тұралық. Уә сізге зекетімізді беріп, күшейткізейік». Бұл сөз Кене ханға һәм мақұл болды...
Осыдан соң Орта уә Кішік жүздің еркөңілдік батыр адамдары ханмен бірге көшіп жүрді. Шаруасы көп пақырлары орыс патшасына табиғ болып, өз мекенінде отырып, Ханға жасырын түрде зекеттерін беріп тұрды...
Мұнан соң, Кенесары хан болды. Ханның қиялы – орыс патшасы қазақтың үкімін өзіне беріп, Абылай ханның уақытындағыдай шартнама болса, бір тарапын Орыс дәулетіне сүйеп, Қоқанмен айналысып, атасы мен ағаларының өшін алсы, уә Қоқан хүкіміндегі Ұлы жүзді юосатып алсы, бәлкім, Қоқан мемлекетін ашып алмаққа (басып алмаққа) талабы бар еді...
Міне, осыдан бастап Кенесары ханның орыс патшасымен азаттық жолындағы үздіксіз соғысы басталып кетті. Бұл жеті жылдың ішінде Кенесары ханның елдері Ұлытау, Кішітау, Жыланшық, Торғай, Білеуті уа Бұланты деген жайларда көшіп жүрер еді...
Кенесары ханның жоспарында Қырғыз елі мүлдем жоқ болатын…
Мақаланы аталған кітаптан ықшамдап әзірлеген
Әбдірашит Бәкірұлы