Ербол АЙТБАЙ, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры, әнші:
– Ұлттық музыка өнерінің ұлт болашағы үшін орасан зор маңызын жете түсініп отырған жоқ тәріздіміз. Біржан сал, Ақан сері, Құрманғазы, Тәттімбеттей ұлы композиторларымыздың шығармаларын білмек түгіл, олардың есімдерін естімеген жастар қатары көбейіп келе жатқаны – өкінішті жайт…
– Ұлттың әскери, ақпараттық қауіпсіздігінен бөлек, рухани қорғанысын бекемдеуі – үлкен қажеттілік. Оған қызмет ететін тіліміз, мәдениетіміз, әдебиетіміз, ұлттық музыкамыз екені баршаға аян. Музыка сананың, адам жанының тәрбиесінде маңызды орын алады. Сондықтан мемлекет халық жүрегіне ұлттық рухтың егілуіне мүдделі болуы тиіс. Ата-бабаларымыздан қалған бай музыкалық мұрамыз бар. Ән өнерінде Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, күй өнерінде Құрманғазы, Тәттімбет, Ықылас сияқты тұлғаларымыздан жеткен асыл мұраларымыз баршылық. Қазақтың талантты, рухы биік ел екенін, сол рухымызды асқақтатып тұрған ән-күйіміз екенін мақтан тұтамын. Абай атамыз: «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең», – деп бекер айтпаса керек. Жер бетіндегі музыкаға ең жақын халықтардың бірі – қазақтар. Өйткені қазақ бала туылғаннан бастап өлгенге дейінгі екі аралықты ән-күймен өрнектейді. Бесік жырымен басталған қазақ өмірі жоқтаумен түйінделеді. Тұрмыс-салттық музыка кәсіби деңгейге ұласып кетіп отырған. Кеңес үкіметі тұсында бай мұрамыз, өнерпаздарымыз бір орталыққа шоғырланды да, аймақтардағы өнердің насихаты кемшін түсіп қалды. Әсіресе Қазақстанның солтүстік жағында. Сөйтіп, рухани қорғанысымыз әлсіреп кетті. Құлағына бесік жыры сіңген бала ешқашан ұлтын, тілін, ділін сатпайды. Ұлтының жан дүниесі, сезімі, рухы оның жүрегіне себіледі. Сол себепті, ұлттық музыкамыздың насихаты дұрыс жолға қойылып, мемлекеттен ауқымды қолдау табу керек. Ол болашақ ұрпақ үшін қажет.
– Көптеген республикалық байқаулардан бас жүлдегер атандыңыз. Астана мен Алматыдай орталықтарда шәкірт тәрбиелеп, еңбек ету ойыңызда жоқ па?
– Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында Қазақстанның халық әртісі Қайрат Байбосыновтың класында оқыған едім. Қою қоңыр дауысымызға қарап, кейбіреулер Қали Байжанов мектебіне балап жатады. Қайрат, Жоламан ағаларымыздың дауысы да сондай қоңыр болып келеді ғой. Менің даусым, ән айту мәнерім Қали Байжановқа жақын болса керек. Ел ішінде қиын-қыстау кез орын алған 1999-2002 жылдары Астана мемлекеттік филармониясының әншісі ретінде жұмыс істедім. Үй де, күй де жоқ, жағдай мәз болмады. Өзім Керекудің тумасымын. Онда да қазақ әні дұрыс насихатталып, шәкірт тәрбиелейтін мектеп ашылуы қажет. Біз болмасақ, туған жердегі ән өнерін кім көтереді? Орталықтар әнші-күйшіден кенде емес. Тағдыр солай шығар, «адамның басы – Алланың добы» дейді ғой. Шамамыз келгенше Керекуде қазақ әнін насихаттап, сондағы руханиятқа жұмыс істеп жүрміз.
– Кереку жерінде қазақ өнеріне қаншалықты назар аударылуда? Бұл өңірде орыстілді ортаның басымдыққа ие екені жасырын емес қой. Концерттерге жиі шығып тұрасыз ба?
– Қазақ жерінің бәрі қасиетті емес пе? Кереку – соның ішінде ерекше өңір. Кешегі Жаяу Мұса, Естай, Жарылғапберді, Майра, Қали, Иса, Байғабыл тәрізді ұлы тұлғалар тудырған өлке. Осы киелі топырақта Қаныш Сәтбаев, Шәкен Аймановтай қазақтың дара перзенттері дүниеге келген. Отарлау саясаты ТМД аумағында Қазақсанда, соның ішінде солтүстік өңірде қатты жүргізілді. Мәдениетті сақтап, жетілдіру үшін мықты кәсіби мамандар қажет. Кешегі Естай, Майраларға шәкірт болған Байғабылдан кейін Керекуде ән үзілген. Байғабыл атамыз 1977 жылы дүниеден озды. Билік басында отырған басқа ұлт өкілдеріне қазақтың ән өнері керексіз еді. Бұл кезде Семей жақта Мәдениет Ешекеев, Болат Сыбановтар ұлттық өнерді сақтап отырды. 1996 жылы Павлодарда филармонияның жабылып қалуына да сондай жағдай ықпал етті. Семейдегі филармония неге жабылмады? Мәдениет Ешекеев, Болат Сыбанов, Тұрсынғазы Рахимовтай азаматтар отырғанда, филармония қайтіп жабылады? Мәдениетті ойламақ түгіл, нан табудың өзі қиынға соққан заманда біздің филармония жабылып қалды. Байғабылдан кейін үзілген ән дәстүрін мен жалғағандай болдым. 1997 жылы Чайковский атындағы саз колледжінде ән класын ашып, шәкірттер тәрбиеледім. Ел ішінде, ауыл арасында ән айтушылар бар ғой, бірақ кәсіби деңгейдегі Арқаның әні жойылған-тұғын. Туған өлкемде соған жан бітірдім деп есептеймін.
– Шәкірттер тәрбиелеп жатырмын деп айтып қалдыңыз. Олардың жағдайы қалай?
– Өкініштісі сол, Керекуде әлі күнге дейін облыстық филармония жоқ. Музыкалық колледжде бір-екі әнші жұмыс істеуші едік, былтыр ол жерден мені қысқартып тастады. Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессорымын. Астана филармониясында жүргенімде университеттің сол кездегі ректоры Ерлан Арын: «Елге келсеңші, жағдайыңды жасап, үй алып береміз. Бізге сендей мамандар қажет», – деп ұсыныс тастады. Айтқанындай-ақ, үй алып беріп, білім ордасының қасынан студенттік филармония ашып, жұмысқа тұрғызды. Бұл кісі күні кеше Павлодар облысы әкімі болды, Алла жазса, облыстық филармония ашады деген үмітіміз бар. Ерлан Арынның қазақ халқына, оның мәдениетіне, өнеріне деген көзқарасы оң екенін барша жұрт жақсы біледі. Кәсіби музыканттарды жұмыспен қамтып, үй-жай мәселелерін шешіп, атақ-марапатқа ұсынып, ел ішіне өнердің насихаттық шаруаларын ұйымдастыратын – облыстық филармония. Филармония әрбір облысқа ауадай қажет.
– Бас дауысты Қали Байжанов мектебінің ерекшелігі неде?
– Қазақ әндерінің басым көпшілігі шырқап салатын тенорлық дауысқа арналған. Қазақтың даласы кең болғаннан кейін Біржан сал, Ақан сері әндері де сондай. Сосын олар жеке дауысты орындаушылар емес пе? Бас дауысты әншілер бүкіл әлемде сирек кездеседі, оның ішінде қазақта да өте аз ұшырасады. Қали Байжановтан кейінгі Мұрат Толыбаев, Жабай Тоғандықов деген баритон дауысты әншілер болған. Қайрат Байбосынов та жас кезінде бас дауыспен ән шырқады. Жоламан Құжиманов та сондай қоңыр дауысқа ие. Қали Байжанов – атақты Жарылғапбердінің шәкірті. Ол Абайдың қасында бір жұма жатып әнін үйреніп, әңгімесін тыңдаған шежіре кісі. Қайрат ағаның шәкірттерінің бәрі ұстазына еліктеп, соның шеңберінен шыға алмай қалып жатады. Біз де Қайрат ағаның класында оқып жүріп Қали Байжановтың артықшылықтарын көкірекке тоқып, бойымызға сіңіруге тырыстық. Соның арқасында Қали Байжанов пен Қайрат Байбосыновтың ортасынан ешкімге ұқсамайтын өз арнамызды тапқандай болдық. Меніңше, қазіргі кездегі ең басты мәселе – дәстүрді бұзбай қаз-қалпында сақтап, келер ұрпаққа жеткізу.
– Бүгінде дәстүрлі өнер өкілдерінің ішіндегі жалғыз бас дауысты әншісіз. Соңғы кездері қыз дауысты әншілер мен жылаңқы әндер қаптап кеткендей көрінеді. Мұның зардаптары қандай болуы мүмкін?
– Қазақ елінде ежелден батырлар көп туылды. Ұлттық рухының биік болуына әндеріміз бен жырларымыздың, күйлеріміздің асқақ болып келуі әсер етті. Қазақ хандығы құлағаннан кейін де ұлт-азаттық көтерілістер жиі болды. Алаш қайраткерлерінің ұлттық идея негізінде мемлекет құруға бастарын бәйгеге тігіп, жанталаса кірісті. Соның бәрінде біздің ән-жырымыздың орны ерекше.
Қайсыбіреулер: «Абай неге ана туралы өлең шығармаған?» – деп сұрақ қояды. Жауынгер халық «әке-шеше» деп жылап отырмаған. Біздің жұрттың жүрегіне жауынгерлік рух көп себілген. Балаларды батырлыққа қайтіп баулыған? Бабаларымыз асқақ әнмен, батырлар жырымен, қиял-ғажайып ертегілермен ержүректікке, азаматтыққа тәрбиелеген.
Жүрегінің рухы мықты адам әлбетте жауынгер болып келеді. Жауынгерлік рух азайғаннан жылап-сықтаған, мияулап-шиқылдаған әндердің қатары арта бастады. Қазақ айтады: «Әйел дауысты еркекте қайрат болмайды», – деп.
– Аузын құр жыбырлатып, фонограммамен сахнаға шығатындар ұлттық өнердің көшін алға тартып жүрген, зор дауысты сіздерден әлдеқайда олжалырақ әрі қадірлірек екені – ащы шындық. Мұның сыры неде деп есептейсіз?
– Мына техниканың дамыған заманында телеарналарды қалтасы қалың, ақшасы бар адамдар жаулап алды. Қазір студияларда нашар айтылған әнді компьютермен түзеп-күзеп шығара салады. Сонымен халықты алдап, сахнаға шығады. Кейбір салтанатты шараларда дыбыстың сапасы дұрыс болсын деп жазылып қойған дайын әндерді сұрап жатады. Телеарналарда да мұндай жайт кездеседі. Мұның бәрі фонограммаға әбден етіміз үйреніп кеткенін көрсетеді. Негізі, әнші кез келген жерде өз дауысымен жұмыс істеу керек. Мақпал Жүнісова, Роза Рымбаева апаларымыз әлі күнге өз дауысымен айтып жүр ғой. Олар оқып-тоқып, соған жеткен. Ал қазіргілердің көбінің ешқандай музыкалық білімі жоқ. Фонограммамен ән айтып-ақ абыройға бөленіп, үлкен атақтар алып жатыр. Біздің елімізде музыка сыншысы жетіспейді. Тіпті музыка сыны жоққа тән. Соның кесірінен эфирден пайдасынан зияны басым қойыртпақ дүниелер беріледі. Музыка сыны Еуропа елдерінде XVIII-XIX ғасырларда дамып кеткен. Бізде әлі қалыптаспай келеді. Қалталылар ақшасын аямай бейнебаян түсіріп, оны телеарнадан беріп, оп-оңай әнші болып шығады. Эфирге ән жаздыру үшін шын өнерпаздан да сондай ақша сұрайды. Шетелдік рок, рэп музыкаларын керісінше олардың өзідеріне ақша төлеп, халыққа көрсетеді. Жастарымыз сол даңғаза әуенге елтіп, тексіздікке бой алдыруда. Шетелдің музыкасына айқара есік ашылып, төл өнерімізге тосқауыл қойылып тұр. Бұл – рухани қауіпсіздік шараларын ойластырмағанымыздың салдары.
– Қандай шығармашылық жаңалықтарыңыз бар?
– 2004 жылы жеке дискімді шығардым. Біздің міндет – бұрын ата-бабаларымыз айтып кеткен әндерді қайталап жаңғыртып, оны халыққа ұсыну. Оның үстіне, өнерге кейде дұрыс, кейде бұрыс қарайтын басшылары басым, отарлау саясаты қатты жүргізілген, мәдени орталықтан шеткері аймақта шығармашылық та алға баспайды. Шыны керек, мәдениет саласын басқарып отырған адамдар қазақтың ұлттық өнеріне жанашырлық танытпайды. Әйтеуір өздерінің шенеунік болып, «патшатақтарына» отырғандарына мәз болған кісілер…
– Тілдерді дамыту, мәдениет басқармаларының басында мемлекеттік тілді білмейтін, мемлекет құрушы қазақ ұлтын менсінбейтін азаматтар отыратыны түсініксіз.
– Рас, мәдениет саласын мәдениеттен хабарсыз адамдар басқарады. Соған қарамастан, былтыр жазда екі қайырымдылық концерт бердім. Ауыл-ауданды аралап, тіпті қаланың өзінде жеке концерттерімді өткізіп тұрамын. Алдағы наурыз айының аяғына таман Павлодар қаласында жеке ән кешімді ұйымдастырмақ ойым бар.
Сөйтіп, ұлттық өнерімізді ел құлағына сіңіре беру қажет. Түрікмендердің азаннан қара кешке дейін тек қана өз салт-дәстүрлері мен ән-күйлерін беріп жататын арнасы бар. Өйткені онда ұлттық саясат жолға қойылған. «Мәдениет» телеарнасы да сондай дәрежеде болса ғой, шіркін! Біржан сал, Ақан серіні білмейтін жастарымыз шетелдік әншілерді жіпке тізгендей айтып бере алады. Елбасының «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында «Қазақтың 1000 әні», «Қазақтың 1000 күйі» жарық көрді ғой, сол шалғайдағы елді мекендерге жете бермейді. Ұлттық әндеріміз бен күйлерімізді кез келген дүкен сөрелерінен сатып алуға болатын күнді аңсаймын. Мысалы, жекелеген әншілер мен күйшілердің дискілерін шығару жөнінде жоба қолға алынса, олар барлық аймақтарға таратылса, керемет болар еді. Тексіз, жеңіл музыка адамды аздырып, тоздырады, дұрыс музыка саналы тыңдарман тәрбиелейді. Бүгінде тобырлық мәдениет белең алып тұр. Бұған эстрадалық әншілер жақсы жұмыс істеп жатыр. Түріктің, француздың, латынамерикалықтардың әнін ұрлап алып, композитор атанып жүргендері қаншама?
– Әйгілі әнші-композитор Естай Беркімбайұлының ауылында туған екенсіз.
– Естай туған Ақкөл-Жайылмада кіндік қаным тамды. Бұл ауыл Көкшетау мен Ерейментауға жақын орын тепкен. Естай – Біржан сал, Ақан серінің шәкірті. Біржан сал Ақкөлге келіп, Шыман қажының үйіне түсіпті. Ол біршама әндеткен соң: «Бұл елде ән салатындар бар ма?» – деп сұрапты. Шахметтің Төлеубайы деген ауыл әншісі Біржан салдың алдында ән айтуға дәті жетпегендіктен, Шыман қажының үйіне беттемей қойыпты. Осы жиында 16 жасар Естай ән шырқайды. Біржан сал: «Мына баланың дауысында әруақ бар екен», – деп бағалап, соңынан ертіп кетіпті. Естай Біржан салға екі ай шәкірт болады. Ақкөл өңіріндегі Әлхамбек деген шебер-домбырашыны Біржан сал солақай Естайға арнап домбыра жасауға, оны шертіп үйретуге қолқа салып, жол жүріп кетіпті. Келесі жылы Естай Ақан серіні іздеп барып, ән үйренеді. Естай мен Қорлан махаббаты – расында өмірде болған оқиға. Естай Исаның Қабышымен күйеу жолдас болып Маралдыға барады. Иса – бәсентин руындағы аға сұлтан болған атақты да дәулетті Қазанғаптың немересі. Қалың қарағайлы Сібір жақты «Іш» деп атаған. Бұл жақтың салты бойынша пар ат жегіп, шанамен құдалыққа қыста келеді екен. Бұлар Қыпшақ руының Сұлтан, Сұңқар деген ағайынды болыс-билердің үйіне түседі. Қорлан Сұлтан болыстың қызы болса керек. Сол құдалықта Естай мен Қорлан тұңғыш рет жүздеседі. Естай мен Қабыш бір айдай сонда қонақтап қайтады. Бірақ Қорланның айттырылып қойған жері бар-тұғын. Естай Қорланға көктемде бармақ болғанда сең жүріп, өзеннен өте алмай қалады. Ел ішінде сөз жатпайды. Естай туралы болысқа хабар жетіп, қызын айттырылып қойған жеріне шұғыл аттандырып жібереді. Қорлан Естайға жүзігін сыйға тартқаны, оны ұлы әнші өзімен бірге жерлеуге аманат еткені де аңыз емес, ақиқат.
– Естайдың артында ұрпағы қалды ма?
– Естайдың екі ұлы болған. Бір ұлы Омбыға оқуға сапар шегіп, хабарсыз кетсе, екінші ұлы сұрапыл соғысқа барғаннан сол күйі оралмаған. Ауылымызда 80-нің сеңгірінен асып қалған немересі бар. Зекен апамыз Естайдың көзін көріп, әңгімесін естіген. Атамыз 1946 жылы дүниеден озғанша ұлынан қалған екі қызды бағып-қағып жетілдіреді. Өзім де Естайға жиен болып келемін.
– Керекуден шыққан әйгілі тұлғаның бірі – Жаяу Мұса. Ел арасында ол кісі жөнінде тың деректердің шеті шықпады ма?
– Жаяу Мұса туралы роман жазған жазушы Зейтін Ақышевтан асып түскен ешкім жоқ. Ол кісі шығармасын нақты деректер негізінде қағазға түсірген. Мұндай бабаларымыздың мұрасы мейлінше мол насихатталғаны жөн. Жаяу Мұсаның 5-6 ғана әні елге тараған, қалған шығармалары жұртқа жетпей жатыр.
Оқшау ой…
– Астана, Алматы және барлық облыс орталықтарында дәстүрлі музыканың концерттері айына бір рет өткізіліп тұратын болса деймін. Сол арқылы көрермен, тыңдарман тәрбиелеуге болар еді. Мысалы, облыстағы ұлттық ән-күй өкілдерінің концерті мемлекеттік қолдау негізінде жиі-жиі ұйымдастырылса, халықтың жоғалтқан ұлттық танымы қайта оралар еді. Он жыл жасалған сондай жұмыс өз жемісін бере бастайды. Шетелдік қонақтарға да ұялмай көрсететін бай мұрамыз бар емес пе? Ұлттық өнерге байланысты телебағдарламалар көбейсе, бейнебаяндар түсірілсе, құба-құп болар еді.
Әншілер әзілі
– Марқұм Келдембай аға: «Мен жасы үлкен Шәкірмен дос болдым, сен 20 жас үлкен менімен дос болдың», – деп отыратын. Кейін бір отырыста: «Шәкір мені дос етті, мен Шәкірге еліктеп, Ерболды дос қылдым. Бірақ менен Шәкір шықпады, Ерболдан Келдембай шықпады», – дегені бар еді.
Арман ӘУБӘКІР