Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 2 есеге жуық қысқаруы мүмкін. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінде атаулы әлеуметтік көмекті 306 мың отбасы немесе шамамен 1,6 миллион адам алады. Біздің болжамымызша, АӘК алушылардың саны қысқаруы мүмкін. Бірақ, шамамен 900 мың адам бұл көмек түрін алады деп ойлаймыз», - деді министр.
Оның атап өтуінше, көпбалалы отбасының табысы мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақыны қосқан кезде де кедейшілік шегінен жоғары болмаса, онда мұндай отбасыға жәрдемақыға қоса АӘК-те беріледі. Осы ретте министр мемлекет мұндай қадамға неліктен барып отырғандығын түсіндіріп өтті.
«Мынадай жағдай бар. Екі отбасы да да бес бестен бала бар. Бір отбасы аз қамтылғандар санатына іліксе, екіншісі кірісінің небәрі 400-500 теңгеге асып кетуіне байланысты іліге алмай қалды. Мұндай жағдайда ол отбасы АӘК ала алмайды. Бірақ, біз екі отбасының да өмірлік жағдайлары бірдей екендігін түсінеміз. Сондықтан АӘК ретінде төлеп отырған төлемдердің бір бөлігін отбасы кірісіне қарамастан тағайындалатын жәрдемақыға ауыстыру туралы шешім қабылдадық», - деді Біржан Нұрымбетов.