«Екі» -дегеніміз ежелгі сандық сөз
«Екі» саны- адам баласының зерделі ойының, саналы әркетінің жемісі. Дүние жаратылыстың сырын ұғу, сипатын тану барысында әлемдегі барша дүниенің екі түзілімнен, яғни жұптасудан тұратындығын сезіне бастады. Мұны философия ғылымында «дуализм» деп атайды. Дуализмнің негізінде «әлемнің әуелгі бастауы рух пен заттан(материя) тұрады» деген пайым үстемдік құрды. Сондай-ақ, жаратылыстың болмысы турасындағы мифологиялық түсінік бинарлық(телі) өлшемді қалыптастырды. Мысалы; аспан(Көк) пен жер, шығыс пен батыс, күн мен түн, бар мен жоқ, жан мен тән, өмір мен өлім, өткен мен болашақ, жақсы мен жаман, ыстық пен суық, тәтті мен ащы, қуаныш пен қайғы, батылдық пен қорқақтық, ізгілік пен зұлымдық, жас пен кәрі, жұмсақ пен қатты, жүйірік пен шабан, еркек пен әйел т.б Мұндай жұптасулар үйлесімнен гөрі қарама-қайшылыққа, бірін-бірі жоққа шығаруға, яғни антипатиялық сипатқа ие ен. Телі дүниенің аламасуы-қозғалысты айқындайтын бірден-бір өлшем. Осындай қарама-қайшы құбылыстардың бірінсіз бірі болмайтынын, олардың ажыраспайтынын және бірінің бірі мәнін ашатынын алғаш рет дәлеледеп берген Гераклит екендігі белгілі. Сол сияқты дүние болмысты екіге бөліп қарастыру ежелгі халықтардың барлығында бар: ежелгі қытай Дао философиясындағы «инь» мен «янь» немесе Конфуцилік ілім «жэнь»(даналықты игеру) және «хи»(оны жүзеге асыру) категориясы, шығыс философиясындағы «ғылым батини» мен «ғылым заһири», бір сөзбен айтқанда дүниенің ішкі ілімі-ғақлия және сыртық ілімі-нақлия, қазіргі заман философиясындағы логикалық тәсілдер «дедукция»(көптен жалқыға қарай, абстрактіліктен нақтылыққа, жүрек көзінен өткізу) және «индукция» (жалқыдан көпке қарай, нақтылықтан абстрактігі, яғни ақыл таразысы) «Екі» саны математикалық тұрғыдан алғанда бір мен бірдің қосындысы: 1+1=2 Екінің ерекше қасиеті оны екіг қоссаң да, көбейтсең де «төрт» болады: 2+2=4. 2x2=4
Жалпы шығыс философиясы бойынша «намыс», «бәсеке», «ұтыс» деген мағынаны беретін «екі» саны Жер мен Көктің, ереке пен әйелдің мызғымас одағын білдіретін киелі сан. Өсудің, көбеюдің белгісі. Үндіеуропа тілдерінде де қарама-қайшылықты, ақ пен қараны, еркек пен әйелдің бірлестігін білдіреді екен* Мұндай түснік көне түркілерге де жат емес. «Тәңріні –бір» деп таныған олар «Тәңірі-әке мен Жер-ұмай некелі» деп түсініп өздерінің өмір бастауын соларға негіздейді. Сондай-ақ, дей-түркілік түсінік бойынша ӘЛЕМ- тірілер әлемі, оның басқарушысы Улеген және өлілер әлемі, оның билеушісі Эрлик деп сипатталған. Сол сияқты аспан денелерін жұптау да жаңаша танымның өрісін кеңейтті. Мысалы; Ай мен Күн, Ай мен Шолпан, Ақбоз ат пен Көкбоз ат. Таңының ату мен күннің батуы да егіз ұғымның еншісіне бұйырды. Сондай-ақ, шығыс пен батыс, солтүстік(теріскей) пен оңтүстік(күңгей) бағыттары да өз ара жұптық негізді құрады. Киіз үйде тұрған көшпелілер есігін шығысқа қаратып, оның екі босағасына сакралды мән сыйғызған. Күні бүгінге дейінгі түсінікке сай «екі босаға, ол- еркек пен әйел». «Екі босағаң берік болсын, аман болсын!»-деген бата сөздер содан қалған. Босаға майлау да соның көрінісі. Тіліміздегі «екі шылбып, бір тізгін» қолданысы көшпелі елдің шаруашылық үрдісінен шыққан. Байырғы түркілердің(қаңылыларда) екі дөңгелекті ойлап табуы, оның Күн негізді изоморфизмі, «дөңгелеген дүние» туралы пәлсапалық һәм поэтикалық түсінікке негіз болды.
Қалай айтқанменде ата еркі заманы жұбайлық некені жоққа шығара отырып, «екі аққудың бір басшысы болу» қажеттігін мойындатты. Екінің бірі болған еркектің рөлін жоғарлатты. Адамның жаратылысына немесе жұбайлық некенің пайда болуына байланысты ежелгі тастағы суреттер, пиктографиялар, діни әпсаналар «екі жартыдан бір бүтіннің болуы» немесе «бүтіннің жармақтығы» жайында сыр шертеді. Айталық, байырғы шумер-вавилон саз бейнелеулерінде денесі бір тұтас, аяқ-қолдары, басы бөлек адамдар(сиам) бекерден-бекер бейнгеленбеген. Сол кездегі иланым бойынша «осы бүтінді екіге бөлу- еркек пен ұрғашының пайда болу негізі» деген мағынаны білдірсе керек. Генетик ғалымдар бір жыныста толық сол жынысты айқындайтын қасиеттер(хромосом) болмайтынын әлдеқашан дәлелдеген. Мұндағы басты маңызға «Х» хромосомы ие екен.
Дүниедегі бар жаратылысты екіге бөлу үрдісі өте ерте замандардан бастау алғандығына көз жеткізуге болады. Ежелгі парсы жұртының Заратуштра-Жартаушы-Ра дінінің негізгі қағидаттарын баяндайтын «Авеста» кітабындағы жоғарғы әлемді билеушілер санатындағы мифологиялық құдайлар Ахурамазда мен Ахриман –бірі ізгілктің, жасампаз өмірдің жарылқаушысы болса, екіншісі- зұлымдық атаулының қорғаушысы. «Мазда» атауы көне парсы тілінде «дана, ақылды» деген мағынаны береді екен. Бір сөзбен айтқанда «Данышпан Ахура» дегенді білдіреді. Үндіеуропалық дәстүрдегі Зевс, Индра, Перун т.б құдайлар соғыс-найзағай иелері есебінде қабылданса, Ахурамазда- «абыздар қауымдастығының» басында тұрған Ізгілік құдайы. Б. д. Д 6-4 ғасырлардағы ахеменидтердің саз жазабаларында және б.д 3-7 ғасырларындағы сасанидтердің рельефінде Ахурамазда «Бүкіл әлемді билеуші, зор, үлы Жартаушы»-деп танығандығы айқын жазылған. Ол жер бетіндегі зұлымдық атаулының қас жауы, аспан мен жердің арасын байланыстырып тұрған Ұлы Күш Иесі. Ал Ахриман болса Ахурамаздаға қарсы қойылған қара ниеттің хабаршысы, соның Жақтаушысы. Ол Ахурамаздамен бір туған егіздің сыңары деп көне кітаптарда жазылған екен. Бір қызығы «Гат жазбаларында» Ахурамазданың бір ұлы Спента-Майнью жақсылықтың жаршысы болса, Ангро-Майнью –жаманшылықтың жақтаушысы болды-делінген.
Көнегерман мифологиясының кейіпкері Тор –Мидгардты (адамзат әлемін) пен Асгардты (аспан құдайларын) алыптардан(етондардан) қорғайтын Ермунганда атты жыланға қарсы қойылған мәдени қаһарман. Үнділіктердің «Брахман»/піракман/ туралы діни аңыздарында да Брахман жұмыртқаны жарып шығып, содан кейін күн мен түнді, еркек пен әйелді жартақаны жайында айтады. Ислам аңыздары бойынша Алла Тағала әу баста еркекті топырақтан жаратып, оған періштелер арқылы рух-жан салып, оған АДАМ деген ныспы беріп, онан кейін ол Адамның тілегі бойынша әйелді-ұрғашыны соның қисық қабырғасынан жаратқан-мыс. Адам жынысының еркек және әйел(ұрғашы) болып бөлінуінде тіршіліктің негізі. Ежелгі түркілер мәдениетіндегі бинарлық оппозициялардың (Күн мен ай, жарық пен қараңлық, ізгілік пен зұлымдық, шығс пен батыс, еркек пен әйел)бірін-бірі толқытырп отыратын мәнге ие болған. Осы жайында А. Ғалиев төмендегідей жұптық қатынастардың үйлесімін көрсетеді: «Күн-еркек- ізгілік-жарық-шығыс-тіршілік. Ай-әйел-зұлымдық-қараңғылық-сол- батыс-өлім»*(465-б) Осындай түзідідік түсінік қытайдың «ян» мен «инь» жүйесінде де бар. Әйелдің күнәқарлығы, зұлымдығы жайында діни әфсаналарда, ертегілерде, аңыздарда жиі айтылады. Мысалы; Хауа ананың ібілістің айтқанына сеніп жеміс жеуі, сөйтіп Адам екеуінің жұмақтан қуылуы, «Қанай мен Жанай» ертегісіндегі апалы-сіңілі Апан мен Ұпанның ағалары жасаған зұлым әрекеттері т.б
Қалай айтқанменде екі саны символы болғаны белгілі. Сол сияқты бергі қазақ түсінігіндегі екі санының ұғымы ислам құндылықтарымен молайды. Олар, фәни мен бақи, яғни бұ дүние мен о дүние, жұмақ пен тозақ, екі иықтағы екі періште, сұрақ алатын екі періште, екі түрлі амал дәптері, адам мен шайтан, иман мен күнә т.б Барлық діни кітаптарда, философиялық еңбектерде айтылып-жазылған осынау бір-бірін жоққа шығаратын һәм толықтыратын екі жұптық синкретизм тіршіліктің негізі, мәңгіліктің де мәні екен. Адамдар арасында пайда болған екі жұп саны туралы түсінік бәсекелестікті, жарысты, таңдауды, сападан санға көшуді тездетті. Өзге халықтар секілді қазақ ертегілерінің сюжетінде де екі жол, екі есік, екі үңгір, екі жан, екі сандық, екі ағаш, екі өзен, екі тау, екі дос, екі жақсы, екі жаман секілді заттанған телі ұғымдар кіріге бастады. Айталық, «екі жақсы қас болмас, екі жаман қас болмас»-деген мақал осының дәлелі. Екі жолды таңдаудың көрінісі «Елеместің көргендері» атты ертегіде бар. Онда ағайынды үш жігіттің алдынан екі жол шығады. Бірі-барса келмес, екіншісі-барса келер жолы. Сол сияқты «Күн астындағы Күнікей қызда» да екі үңгір, алтын, күмістен жаратылған екі қанат, екі су(құдық) туралы айтылады, «Сұрмергеннің ажалы» ертегісінде ақ жылан мен қара жыланның айқасы баяндалған. Сұрмерген қара жыланды өлтіріп, ақ жыланға көмектеседі. Осы арқылы байырғы адамдар жақсылық пен жаманшылықтың бітпес күресін тұспалдап көрсеткен, адамның ізігілікті жақтаушы екендігін білдірген. Ертедегі адамдардың темір мен мыс, алтын мен күміс деп металлдарды бөлуінде де осы телі түсініктің салдары бар. Ертегілеріміз бен эпостық жырларымызда молынан ұшырасатын «бір ұл» ұғымы бертін келе «бір ұл, бір қыз» туралы телі ұғымға ауысып, онан беріректе «екі ұл, немесе екі қыз» жайындағы әңгімелерге негіз болды. Қазақтың «Қанай мен Жанай» ертегісінде осы аталған екі жігіттің Апан, Ұпан атты екі қарындасы болады. Мұның архетипі қазақ мифіндегі Ай мен Шолпанда(Айман-Шолпан) жатыр. Ислам аңыздарында екі ұл-екі ұрпақ ұғымы және жер бетіндегі ізгілік пен зұлымдықтың көрініс табуы Адам Пайғамбардың ұлдары Әбіл мен Қабылға қатысты баяндалатыны белгілі.
Дей-түркілік мифологияны жіті зерттеген С. Қондыбай жартылыстың арғы бастау туралы өз пайымы бойынша шеңбердің ішіндегі шеңберді(ертегілердегі бір үйдің ішінде бір үй бар, немесе бір сандықтың ішінде бір сандық бар деген сюжеттік мотифемаларды еске түсіріңіз) «ғаламның екі үйі(бөлмесі)» деп атап, нақты онтологиялық щеңгейдегі сандық символиканың «ішкі үйдегі» мәні бір санын, ал «сыртқы үйдегі» мәні үш, жеті, тоғыз, қырық сандарының сипаттарын білдетіндігін көрсетеді.*(99-101б) Ғаламды екіге бөлу-екінің арғы бастауы.
Әйгілі тіл маманы Ә. Хасенов түркі тілдеріндегі негізіг сөздік қорға жататын сан атаулары өмір шындығынан, конкретті заттан алығандығын айтады.* Қазақ тіліндегі фразологизмдердік дені, афоризмдер мен мақал-мәтелдердің бір алуаны осы сан есімдермен жасалғандығын көруге болады. Оның себептері де жоқ емес; ежелгі түркілер де әр бір санға екерекше мән үстеп, оның сакралды қасиетіне сенген һәм сандардың киелілігі туралы ұғымдарын бекіткен, сол арқылы сыртқы дүниемен қатынастарын айқындаған.
Өзімізге белгілі болып отырған екі санына байланысты қазақ тіліндегі тұрақты тіркестік қолданыстардың лексикалық мағынасы, астарлы мәні соншалықты жақсы бағаны білдірмейді екен. Бір сөзбен айтқанда баба қазақ екі санын онша көрмеген, құрметтемеген сыңайлы. Адамның жағымсыз образын бейнелейтін тіркестер «екі» сөзімен астастырылып отырған. Екі сөзінің синонимдері- егіз, қос, пар, айыр. Екі санына байланысты мынандай тұрақты тілдік қолданыстар мағлұм болып отыр: «екі дүниенің қызығы», « екі жүзді адам», «екі беткей», «ердің екі сөйлегені өлгенмен тең», «ер бір рет, ез екі рет өледі», «екі көздің бірі дұшпан», «мұрын болмаса екі көз бірін-бірі шұқиды», «екі елі ерінге төрт елі қақапақ», «би екеу болса, дау төртеу болады», «екі жеп биге шығау», «ебін тапқан екі асайды», «екі жүріс еріншектің ісі», «жік шықты екі құлағы тік шықты», «екі аяғын бір етікке тығу», «екі өкпесінен текпілеу», «екі өкпесін қолына алып жүгіру», «екі езу екі құлағында», «екі қолын мұрнына тығу», «екі адым жер еріншекке мұң», «екі иығын жұлып жеу», «екі иығына екі кісі мінгендей», «маңдайы екі елі», «екі түйе айдағандай», «екі жапсақ бір сылтау ету», «екі қолы жағасында кету», «екі иінінен су кету», «екі ұрты суалу», «екі кештің арасында», «екі оттың ортасында қалу», «екі кемені құйрығынан ұстаған суға кетеді», «екі таудың басын шалған бұғы аштан өледі», «екі үйге қатар қазан қайнаттыру», «екі етегі далақтап босқа шабу», «екі езуін жимай есі кету», «екі шоқып бір қарау», «екі күннің бірінде», «екі көзі төрт болу», «бір аяқ қымыздың екі аяқ желігі», «бір дауда екі бітім болмау», «ханның жарлығын екі етпеу», «ер ашпаймын деген есігін екі ашады», «екінің бірі, егіздің сыңары», «екі туып, бір қалғаным емес», «қос(екі) үйді қоңсы қоңдырмау», «айыр тілді әбжылан», «егіз лақ ешкіден», «екі қолын төбесіне қою», «екі тізесін құшақтау», «екі әйел-ойран, екі сиыр-айран», «екі дай болу», «екі ұрықтау», «екі сөйлеу», «екі аяқтыда бажа тату...», «төл егіз туса бір түп шөп айыр шығады», «екі қолға бір еңбек», «екі енені тел ему» т.б
Арғы түркілер мекендеген екі жұп таулар: Алтай мен Саян, Алтай мен Қанғай, Алатау мен Пәмір, Түбіт(Тибет) пен Түңілік(Гималай), Қаптау(Кавказ) мен Қырпат(Карпат). Қос өзендер: Керулен мен Унын, Енесай мен Елана(Лена), Сейхун мен Жайхун, Еділ мен Жайық, Есіл мен Ертіс, Тулай(Дунай) мен Тоң(Днепр). Қос көлдер: Байкөл мен Көпсукөл, Усу мен Қырғыз, Жайсаң мен Марқа, Көктеңіз(Балхаш) мен Арал, Хазар(Каспий) мен Қара теңіздер.
Қазақтың «екіге» қатысты ән-күйлері: «Екі жирен», «Екеуің де ақ сұңқар», «Екеуім-ай», «Қоскүрең», «Телқоңыр», «Қос келіншек», «Кәрібоз мен салторы». Сол секілді қазақтың қара өлеңінде жиі қолданылатын «екі ауылдың арасы» деген микрокеңістік хат жазып хабарласудың, ат ізін салып іздеп келудің, көрісуге зар болған сағыныштың, аққу арманын ұзақтан күткен асықтықтың аңсарлы, аяулы мекені.
«Екі»-сөзінің этимологиясы жайлы бірер сөз
«Екі» деген сан есім көп өзгеріссіз барлық түркі тілдерінде қолданылады. Мысалы; еккі(саха), ікі(хақас, түрік, әзербайжан, қарашай, ғағауыз), іке(бащқұрт, татар), Америкалық үндістер майялардың тілінде де «ике» .Монғол тілінде «икер» сөзінің жасалымында қазақ тіліндегі «егіз» сөзінің сарыны бар. Мысалы: икер-екер-екеу-екіз. Түбірі «ек». Сол сияқты бағзы шумерлерден бері қарай қолданған «Күн» мағынасындағы «уд, уду, од//отт» сөздері монғол тілінде «жұлдыз» мағынасын берсе, «күн» керісінше адам деген атаулы мағынаға ауысқан. Тілдердің арғы тегін, ара байланысын зерттеген ғалымдар түркі тілдеріндегі икі-ике-екі-еки сан есімдердің арғы бастауын ик-ки, ик-хи(Х) жасалымдарынан іздейді. «Еуропалық жазбалар таңба мен атауын сақтаса, түркі тілдері сөз бен оның мағынасын сақтап қалған: Х- 1) іһі-«екі»(түркі)>һі(грек); 2) ікіs, іһіs – «екілік», «жұп», «егіз»(түркі) >іks > ks(латын)»-дейді О. Сүлейменов*(302) Қысқасы латынның «икс» сөзімен тұркінің «е(к)-із» сөзі бір мағына білдіретін түбірлес сөздер. Зерттеушінің пайымдауынша ks-kz-kuz-koz-kos түбірлі мағыналалар таңба ретінде, сөз ретінде бірнеше сөздердің жасалуына түрткі болған екен. Осы орайда түркінің (қазақ) «қос бұрым», «қосақ» сөздері орыстың «коса» сөзінің түп негізі болғандығын дәлелдеуге болар. Ал, Х-таңбасы «икс» атауымен математикалық көбейту амалының таңбасы, генетикадағы еркек хромосомының болып қалды. Ежелгі шумер иероглифінде «Күн» қиғаш крестімен/х>/ таңбаланған. Қазақтың «Х»-«ашамай» таңбасының түп төркінін осыдан іздеуге де болар. Сонымен бірге қазақ тіліндегі «егіз» сөзінің төркінін түркінің «екі+уз» сөздерінің қосарлануынан қарастыруға да болады. «уз// ұз//із» - көне түркіше «ұрпақ», «ұрық» дегенді білдіреді. Күні бүгінге дейін қазақтар баласын «артағы ізімді жалғастырушы» деп түсінеді. «Ізім-ғайым жоғалу»-өмірден ұрпақсыз өту. «Ізбасар»- сөзі осыдан шыққан. Олай болса «егіз» -екі +уыз, екі+ ұрық дегенді білдіреді. У(ы)з-у(ы)қ-ұз-ұғ сөздерінің түпкі мағынасы бірдей. З мен д, з мен ғ –дыбыстарының сәйкестілігі бола беретін құбылыс. Киіз үйдің «уығы» өскен ұрпақты, өркен жайған тіршілікті білдірген. Монғол тіліндегі «уғ», «уғ-сатын» сөздері туыс-бауыр деген мағынаға ие. Қазақтың байырғы ұғымында «күн-жарық»-бірінші, «түн//тун» сөзі-екінші ретте. Қазақтың «үкі»(түнгі құс) сөзінің этимологиясын тунг-түнгі-унк-үнкі-үкі, яғни екі-екінші сөздерімен байланыстыруға да болады. Сонымен бірге үкі түнде «уһі-уһі» деп дыбыс шығаратынын ұмытпаған жөн. «Тұнғиық» сөзінің арғы тегі «т-унт//т-үнт» сөздерінен шыққан. «Екінті» деген мезгіл мағынасын білдіретін сөздің де түбірі осыдан бастау алады. Қазақ ұғымындағы екінті намазы бес уақыт намаздың екіншісі. Екінті уақыты күннің тас төбеден ауып, екінші күнге қарай құлауын айтады.
«ай мен күннің өлгені, еңкейіп барып батқаны»-Бұқар жырау.