ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы, экс-премьер-министр Кәрім Мәсімовтің Астанадағы зәулім үйі қаланың әлеуметтік қажеттілігіне пайдалануға беріледі. Бұл туралы бүгін, 28 сәуірде «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, қала әкімдігі басқарушы компанияның атына ресми сұраныс жіберген.
«Астана қаласы әкімдігінен аталған жылжымайтын мүлікті қаланың әлеуметтік қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында беру туралы ресми сұраныс келіп түсті.
Әлеуметтік маңыздылығын және заңнама талаптарын ескере отырып, бұл нысан электрондық сауда жоспарынан алынды»,—делінген хабарламада.
Компания нысанды әрі қарай пайдалану мәселесі жергілікті атқарушы органның мүдделерін ескере отырып, белгіленген тәртіппен шешілетінін мәлімдеді.
Еске салайық, Мәсімовтің зәулім үйі үш рет саудаға шығарылған болатын. Нысанның бастапқы бағасы 1 685 115 000 теңгені құрады.