Талдықорғанда Шерзат Полаттың ісі бойынша сот процесі бүгін түстен кейін де жалғасты. Бұл жолы күдікті Дидар Қалиахметтің бөлесі Самат Әбдіқадыр жауап берді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Самат Әбдіқадыр сотталушы Дидар Қалиахмет бөлесі екенін және қалған күдіктілерді аса танымайтынын айтты. Әйтсе де ол күдіктілердің ішінде бір баламен бір мектепте оқығанын, бірақ оны көрмегеніне 10-15 жыл болып кеткенін ескертті.
«3 қазан күні мен және Қалиахмет Дидар бауырым және үшінші Мұрат деген жігіт моншадан шықан болатынбыз. Моншадан шығып бірден «Қамажай» дүкеніне келіп тоқтадық. Сол жерде шамамен 7-8 бала тұрды. Тура бізге прожектор қарап тұрғаннан кейін түрлерін байқай алмадық.
Сол кезде Дәулет пен Дидар өтіп кетті, артында мен тұрғанда біреу келіп амандасты. Марқұм болған Нұрғанат Ғайыпбаев: «Ерегесуге келдіңдер ма?»—деді. Мен: «Ерегеске келген жоқпыз. Біз не істейміз, шалмыз ғой, магазинге келдік»,—дедім. Ол: «Сен шал емессің, қатарлас сияқтымыз ғой»,— деді. Мен: «Қай жылғы боласың?»— деп едім, «94 жылғы»,— деп жауап берді. «Ааа, сен үлкен екенсің»,— деп дүкенге кіріп кеттім. Іште сатушы болмады. Дидар есікті ашып «Кім сатушы?» деп сатушыны шақырды. Сол кезде Қаржаубай аға кірді. Біз сыра алайын деп жатқанбыз, сыра алып кассаға қойып, ақшасын төлейін деп жатқанда сыртта апыр-топыр дауыстар естіліп кетті. Қаржаубай аға «Сатпаймыз жігіттер» деген соң «Жақсы» деп сыртқа шықтық. Мен барып машинаға отырдым. Тура біздің машинаның артынан қара мерседес жауып тастаған екен», – деді ол.