Иранның оңтүстігіндегі Шахид-Раджаи портында болған жарылысқа зымыран отынының қатысы жоқ. Бұл туралы 27 сәуірде елдің қорғаныс министрлігі айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі DW агенттігіне сілтеме жасап.
«Иран билігі елдің ең ірі сауда портындағы жарылыс химиялық заттарды абайсыз қолдану салдарынан болғанын, оның зымыран отынына еш қатысы жоқ екенін айтты»,—деп жазды шетелдік БАҚ.
Ал Қорғаныс министрлігі өз мәлімдемесінде Шахид-Раджай портында ешқандай әскери жүк болмағанын баса айтып, жарылыстың нақты себебі әлі анықталмағанын мәлімдеді.
Жергілікті биліктің мәліметінше, өрт сөндірушілер өрттің шамамен 90 пайызын сөндірген. Қазіргі таңда жағдай жіті бақылауда.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, жойқын жарылыс салдарынан кемінде 40 адам қаза тауып, 1200 адам жарақат алған.
Айта кетейік, Иран үкіметі Шахид-Раджаи портындағы жарылыстан қаза тапқандардың құрметіне 28 сәуірді ұлттық аза тұту күні деп жариялаған еді.