Қазақстанда сұйытылған газ бен болат дайындамаларын экспорттауға салынған тыйым ұзартылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы Үкіметте өткен сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысынан кейін белгілі болды.
Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі түсіндіргендей, бұған дейін сұйытылған мұнай газын шекаралас елдерге заңсыз шығарудың алдын алу және ішкі нарықтағы тапшылықтың болмауын қамтамасыз ету мақсатында экспортқа тыйым салынған еді.
Сонымен қатар, елден болат дайындамалары мен жартылай фабрикаттарды шығаруға қойылған тыйым тағы алты айға ұзартылды. Сауда министрлігі бұрын енгізілген шектеулердің оң нәтижесі ретінде металлургия өнеркәсібінде терең өңдеуге бағытталу артқанын және арматура экспортының көлемі шамамен 30 мың тоннаға көбейгенін атап өтті.
Бұдан бөлек, Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден Қазақстанға гипсокартон мен тас өнімдерін әкелуге үш айлық тыйым салу ұсынысы қолдау тапты.
"2024 жылы Қазақстанда 95,2 мың тонна брусчатка өндіріліп, ішкі тұтыну көлемі 58,76 мың тоннаны құрады. Ал гипсокартон 35,5 миллион шаршы метр өндіріліп, ел ішіндегі сұраныс 38,8 миллион шаршы метрге жетті. Сонымен бірге, отандық кәсіпорындардың өндірістік қуаттылығы 46 миллион шаршы метрді құрайды. Қазақстандық гипсокартон мен тас өнімдерін өндірушілер осы өнім түрлерінің бағасын сақтауға міндеттеме алды", – деп түсіндірді Сауда министрлігі.
Бұған дейін Қазақстанның сұйытылған газ бен пропанды елден шығаруға тыйымды 2025 жылғы 14 мамырдан бастап ұзартатыны туралы хабарланған болатын. Тиісті бұйрық жобасы "Ашық НҚА" порталында жарияланған.