Tesla 2025 жылдың бірінші тоқсанында 409 миллион доллар таза пайда тапқан. Бұл өткен жылдағы 1,4 миллиард доллармен салыстырғанда әлдеқайда аз. Бұл туралы The New York Times басылымы жазды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Басылымның жазуынша, компанияның сатылымының төмендеуіне Қытай автокөлік өндірушілерімен қатаң бәсеке, жаңа модельдердің жоқтығы және Илон Масктың саяси белсенділігі себеп болып отыр. Масктың оңшыл күштерді қолдауы брендтен бірқатар сатып алушыларды, әсіресе либералды және орташа көзқарастағыларды алыстатып жіберген.
Соған қарамастан, Tesla нарықтық капитализациясы бойынша әлемдегі ең қымбат автокөлік өндіруші болып қалуда және АҚШ-тың электромобиль нарығында көшбасшы орынға ие.
Алайда, желтоқсаннан бері компанияның акциялары шамамен екі есеге арзандады, инвесторлар компанияның болашағына күмән келтіріп, Масктың АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігіндегі рөліне алаңдап отыр.
«Tesla өз нарық үлесін Қытай брендтері мен электромобильдерді белсенді түрде дамытып жатқан GM, Volkswagen және Hyundai сияқты ірі автоконцерндерге беріп жатыр», – деп жазылған мақалада.
Компания бұған дейін онжылдықтың соңына дейін жылына 20 миллион көлік сатуды жоспарлаған болатын. Алайда, 2023 жылы 1,8 миллион көлік сатылғаннан кейін, сатылым төмендеуде. Өткен жылы Tesla 1,7 миллион көлік сатты, ал 2025 жылдың бірінші тоқсанында сатылым өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13 пайызға қысқарды.
Tesla-ның ең жаңа моделі – Cybertruck – әлсіз нәтижелер көрсетіп отыр. Cox Automotive мәліметінше, 2025 жылдың бірінші тоқсанында оның сатылымы 2024 жылдың төртінші тоқсанымен салыстырғанда шамамен 50 пайызға азайған.
Компания жақында Cybertruck моделіне 8 500 долларға дейін жеңілдіктер ұсынды. Бұл көліктің бастапқы бағасы салықтық жеңілдіктерді есептемегенде 70 мың доллардан басталады.
Автоөндіруші маусым айының соңына дейін арзандау жаңа көлік моделін сатылымға шығаратынын уәде еткен. Бұл кеңірек аудиторияға электромобиль сатып алуға мүмкіндік беріп, сатылымды жандандыруы мүмкін еді. Алайда, компания әзірге бұл көліктің прототипін де көрсеткен жоқ. Көптеген белгілер оның іске қосылуы кейінге қалдырылуы мүмкін екенін көрсетіп отыр. Бұл мүлде жаңа модель бола ма, әлде Model 3 не Model Y-дің арзандатылған нұсқасы бола ма – әзірге белгісіз.