2025 жылдың алғашқы екі айында Батыс Қазақстан облысында 655 адам өңірден тұрақты мекенжайын өзгертіп, басқа жаққа қоныс аударған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай жоғары, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Уральская неделя-ға сілтеп.
2024 жылы өңірден кеткендердің саны 453 адамды құраса, биылғы жылы бұл көрсеткіш 200 адамға артқан. Тұрғындардың көбі Астана мен Алматы қалаларына көшкен. Республика аумағындағы көші-қон нәтижесінде облыс 647 адамға азайса, шетелге тек 8 адам ғана қоныс аударған.
2025 жылғы 1 наурыздағы мәлімет бойынша, Батыс Қазақстан облысында 696 мың адам тұрады. Жалпы халық санына бұл өзгерістер әзірге айтарлықтай әсер етпегенімен, көші-қон үрдісінің қарқыны алаңдатарлық деңгейге жетіп отыр.
Сонымен қатар, өңірде туу көрсеткіші де күрт төмендеген. 2025 жылдың қаңтар-ақпан айларында облыста бар болғаны 676 сәби дүниеге келген. Бұл – 2024 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 264 балаға аз (өткен жылы – 940 сәби).
Сарапшылардың пікірінше, халықтың көшуі мен туу көрсеткішінің төмендеуі болашақта өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсер етуі мүмкін.