Ерейментау аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатқан жасөспірімді Павлодар қаласына санитарлық авиация арқылы жеткізу көзделіп отыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, көлік апатынан зардап шеккен қалған балалар үйлеріне қайтарылған.
– Ерейментау аудандық ауруханасына жатқызылған балалардың барлығы ата-аналарымен үйлеріне жіберілді. Үш жасөспірімді ата-ананың бірі сенімхат арқылы алып кетті. Ал жансақтау бөлімшесінде жатқан бір ғана бала қалды. Жақын арада оны Павлодар облысының санитарлық авиациясы жеткізеді деп күтілуде, – делінген басқарма хабарламасында.
Еске салайық, 18 сәуір күні Павлодар-Астана бағытындағы жолда балалар мінген Mercedes шағын автобусы аударылып, жаттықтырушы оқиға орнында көз жұмған еді. Ол 1990 жылы туған.
Автобус салонында 14-16 жас аралығындағы 16 жасөспірім мен жаттықтырушы болған. Олар Павлодардан Астанаға футбол жарысына бара жатқан. Жол-көлік апаты кезінде патрульдік көлік автобусты сүйемелдемегені белгілі болды.
Оқиғадан кейін жеті бала Ерейментау аудандық ауруханасына жеткізіліп, біреуі ауыр халде жансақтау бөлімшесіне түскен болатын.