Көктемнің алғашқы күндерімен бірге халқымыздың жүрегіне жылулық пен үміт сыйлайтын ұлық мереке – Наурыз биыл ерекше сипатқа ие болды. Наурызды жаңаша түрде қарсы алуды ұсынған TikTok платформасы #Наурыз2025 атты онлайн-фестиваль ұйымдастырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің тың үлгісін көрсетті.
Бұл жоба Қазақстан халқының бірлігі мен шығармашылығын насихаттауға бағытталған. Наурыз айының ортасынан бастау алған онлайн-фестиваль еліміздің түкпір-түкпірінен мыңдаған қолданушыны біріктіріп, әркім өз өңірінің ерекшелігін көрсетіп, мерекелік көңіл күймен бөлісті. TikTok-тың бұл бастамасы ұлттық дәстүр мен заманауи технологияны үйлестіре отырып, жастардың төл мәдениетке қызығушылығын арттыруда маңызды рөл атқарды.
Мемлекеттік қолдау – жобаның мәнін арттырды
Бұл науқан ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, ҚР Туризм және спорт министрлігі, сондай-ақ “Kazakh Tourism” ұлттық компаниясы мен TikTok-тағы танымал контент авторларының қолдауымен жүзеге асты. Бұл өз кезегінде жобаның ауқымын кеңейтіп, мазмұнын тереңдете түсті.
Фестивальдің қорытынды кеші 18 сәуір күні сағат 17:00-де Алматы қаласында, Медеу ауданы, Бұзырбаев көшесі, 23 мекенжайындағы “Вечное небо” мейрамханасында өтті.
Қорытынды кеш аясында қатысушылар:
- Ең үздік бейнероликтерді тамашалап,
- TikTok пен серіктес ұйымдардың құттықтауларын тыңдап,
- Контент жасау бойынша шеберлік сағаттарына қатысып,
- Мерекелік кешкі ас пен ұлттық сыйлықтарға ие болды.
Тәжірибе мен мотивация – Асет Мурзабаевтың шеберлік сабағы
Шараның арнайы қонағы ретінде танымал тревел-креатор Асет Мурзабаев шақырылып, аудитория жинаудың қыр-сырын, вирусқа айналатын бейнеконтент жасаудың жолдарын ортаға салды. Оның айтуынша:
«Әр тақырыптың өз аудиториясы бар. Барлығын бірден жаулап алу мүмкін емес, ең бастысы – шынайылық. Алгоритмдер өте әділетті: егер шынымен қызықты видео болса, ол міндетті түрде үлкен аудиторияға жетеді».
Ұлттық сый – жүрекке жылу сыйлар белгі
Фестиваль соңында қатысушыларға ұлттық нақыштағы қазақы ыдыстар тарту етілді. Бұл сыйлықтар дәстүр мен тағам мәдениетін ұлықтаудың символы ретінде қатысушыларға ерекше әсер қалдырды.
TikTok #Наурыз2025 онлайн-фестивалі – дәстүр мен технологияның тоғысуынан туған тың жоба. Бұл шара ұлттық мерекені жаңа қырынан танытып, жастарды мәдени мұраға жақындата түсті. Ұлттық болмыс пен цифрлық платформаны біріктіре отырып, бұл бастама көпшіліктің жүрегінен орын алды. Жаңашылдық пен дәстүрлілік қатар өрілген мұндай жобалар – болашаққа сенімді қадамның дәлелі.
Айдана Құсайнова