АҚШ-тың Таллахасси қаласындағы Флорида штаты университеті кампусына беймәлім адамдар оқ жаудырған. Қарулы шабуылдың салдарынан төрт адам жарақат алған. Бұл туралы Анадолы жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Ақпаратқа сәйкес, атыс ашқан адам әлі де кампус аумағында жүргені хабарланды.
Оқиға Таллахасси қаласындағы университет кампусында жергілікті уақытпен шамамен 12:00–де болған. Полиция оқиға орнына келіп, шабуылдаушыны залалсыздандыру шараларын қолға алған.
Tallahassee Memorial ауруханасы жарақат алған адамдардың әлі де ауруханаға жеткізіліп жатқанын растады. Медициналық бригадалар жедел қызметтер және қоғамдық қауіпсіздік қызметкерлерімен бірлесіп оқиға орнында жұмыс істеп жатыр.
Университеттің қауіпсіздік қызметі кампус аумағында жүрген адамдарға шұғыл ескерту жариялап, қауіпсіз жерлерге жасырынуды және әрі қарайғы нұсқауларды күтуді сұрады.
“Барлық есік-терезелерді жабыңыздар, қосымша қауіпсіздік шараларына дайын болыңыздар”, — делінген хабарламада.
Университеттегі барлық сабақ уақытша тоқтатылды. Куәгерлердің айтуынша, қарулы шабуыл жасаған адам студенттермен қатарлас адам болуы мүмкін. Олардың сөзінше, полиция оқиға орнындағы қауіпсіздік шараларын күшейтіп, шабуылдаушыны ұстау немесе залалсыздандыру бойынша әрекет етіп жатыр.