Тележүргізуші ар-намысы мен беделін қорғауды талап етуде, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
“Астарлы ақиқат” бағдарламасының жүргізушісі Асхат Садырбай бұрынғы жұбайы Айғаным Қорабаеваны сотқа берді.
Тележүргізушінің айтуынша, бұрынғы әйелі әлеуметтік желілерде – Instagram, TikTok, YouTube және Facebook платформаларында оның ар-намысы мен беделіне нұқсан келтіретін жалған ақпараттар жариялаған. Садырбай бұл мәліметтерді шындыққа жанаспайды және жеке өмірге қолсұғушылық деп бағалап отыр.
Талап-арызда Асхат Садырбай жарияланған ақпараттарды жалған деп тануды, кешірім сұрау жазбасын аудио-бейне форматында әлеуметтік желілерде жариялауды, жазбаша кешірім хатын жолдауды және 1 миллион 500 мың теңге көлемінде моральдық шығынды өтеуді, кешірім жазбасының көшірмесін “Астарлы ақиқат” бағдарламасының редакциясына жолдауды талап еткен.
Азаматтық іс 2025 жылдың 21 ақпанында қозғалған. Қазіргі таңда Алматы қаласының азаматтық істер жөніндегі сотында қаралып жатыр. Іске қатысты тараптар әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.
Айта кетейік, Айғаным Қорабаева сот процесінің ашық өткенін қалайды. Оның пікірінше, сот отырысына БАҚ өкілдері қатысуы тиіс.