Талғар қаласында қаза тапқан 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот ісі жалғасып жатыр. 17 сәуір күні өткен сот отырысында күдіктілердің басым бөлігі өз кінәларын мойындаудан бас тартты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Сот барысында прокурор айыптау актілерін жариялаған соң, судья Ержан Жанұзақов сотталушылардан кінәларын мойындайтындарын сұрады.
Абзал Шынасыл — бұзақылық бойынша кінәсін жартылай мойындағанымен, “Адам өлтіру” бабын мойындамады. Ал Равиль Сакиев — кінәсін толықтай жоққа шығарды. Шыңғыс Белғожаев — кінәсін мойындағанымен, іс материалдарында сәйкессіздіктер бар екенін алға тартты. Азамат Тоқтаубаев пен Нұрбол Тоқтаубаев — кінәларын ішінара мойындады.
“Оқиға орнында болдым, бірақ қолымда пышақ болған жоқ. Мен де ұрлық жасағанымды мойындамаймын, телефонды алдым, бірақ ұрлық ниетімен емес”, – деді Азамат Тоқтаубаев.
Дархан Әскентай, Нұрқияс Ілиясов, Дидар Қалияхмет және Думан Ысқақ – кінәларын толық мойындамады.
Сот процесі 18 сәуір күні сағат 10:00-де жалғасады.
Айта кетейік, бұған дейін өткен отырыста прокурор әрбір сотталушыға қатысты айыптау актісін оқыған болатын.