13 сәуір күні кешкі сағат 22:45 шамасында Қарағанды облысы, Теміртау қаласындағы Жедел медициналық жәрдем станциясының аумағында ауыр оқиға орын алды. Кезекшілік кезінде фельдшер әйел өз әріптесінің қатыгез шабуылына тап болды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Ресми деректерге сәйкес, 1995 жылы туған фельдшер қыз кезекшілік кезінде телефонмен сөйлесіп тұрған сәтінде, алкогольдік мас күйде болған әріптесі – 1994 жылы туған фельдшер А. оған жақындап, "сөйлесейік" деген желеумен кенеттен тамағынан қысып, жерге құлатып, ұрып-соғуға кіріскен.
Куәгерлердің айтуынша, ер адам жәбірленушіні беттен ұрып, шашынан тартып, оны жерге сүйреген. Оқиға куәгері болған әріптестері зорлықшыны тоқтатып, әйелді құтқарып қалған. Алайда күдікті бірден оқиға орнынан қашып кеткен.
Жәбірленуші – Теміртау қаласының 30 жастағы тұрғыны. Ол ауыр соққылар алған. Қазір оның жағдайы дәрігерлердің бақылауында. Полиция қызметкерлері күдіктіні ізін суытпай ұстап, полиция бөлімшесіне жеткізді.
Алдын ала тергеу нәтижесі бойынша, оқиға қызметтік міндеттерге байланысты емес, жеке келіспеушіліктен туындаған. Аталған фактіге байланысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі аясында қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда.
Теміртау полициясы оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын мәлімдеді.