Ticketon кешірім сұрады. Лопестің концертіне билет сату кезінде қиындықтар туындады

652
Adyrna.kz Telegram
Фото: yahoo.com
Фото: yahoo.com

Ticketon сайтының директоры Алексей Ли Threads әлеуметтік желісінде сатып алушыларға үндеу жасап, Дженнифер Лопестің концертіне билет сату кезінде туындаған техникалық ақауларға байланысты кешірім сұрады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.  

Оның айтуынша, команда инфрақұрылымды алдын ала күшейтіп, серверлер санын үш есеге арттырғанымен, халықтың қызығушылығы күткеннен әлдеқайда жоғары болып, сайт жүктемеге шыдас бермей істен шыққан. Ақау орын алғаннан кейін техқызметтер Cloudflare компаниясының электронды кезек жүйесін шұғыл енгізді. Алайда асығыстықпен кейбір техникалық нюанстар ескерілмей, тапсырыстардың қайталану қаупі туындаған.

«Сатылымды тоқтатып, түні бойы қайталанған тапсырыстарды анықтап, алыпсатарларды алып тастап, әр клиент үшін жеке шешім іздедік. Түнгі 1-де таза база жасап, дұрыс сатып алғандарға электронды билет жібере бастадық. Қазір де команда 24 сағат бойы жұмыс істеуде», – деді Алексей Ли.

Ол барлық жағдайдың әділ шешілетінін айтып, көпшілігіне билет класы ақысыз жоғарылатылатынын хабарлады. Ал бағасы төменірек санаттағы орындарға өткен кей адамдарға (шамамен бірнеше жүз адам) билет құны толық қайтарылып, іс-шараға тегін қатысу мүмкіндігі берілмек.

Сондай-ақ, Алексей Ли платформаның жаңартылған нұсқасы алдағы айларда кезең-кезеңмен іске қосылатынын айтты. Бастапқыда ол қыркүйекке жоспарланған.

Айта кетейік, Дженнифер Лопестің концерті 1 тамызда Астанада өтеді. Бұл – әлемдік жұлдыздың Қазақстанға алғашқы сапары. Билеттер 11 сәуірде сатылымға шықты. Көптеген қолданушылар сайттың дұрыс жұмыс істемегенін, ақша шешіліп, бірақ билет берілмегенін айтып шағымданды. Соған қарамастан, барлық билеттер бірнеше сағат ішінде сатылып кетті. Кейінірек желіде билеттердің OLX арқылы қайта сатылып жатқаны туралы ақпарат тарады.

Пікірлер