13 сәуір, жексенбі күні таңертең Ресей әскері Украинадағы Сумы қаласына баллистикалық зымырандармен соққы жасады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы жергілікті билік пен Украина президенті Владимир Зеленский өзінің X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
Қала әкімі міндетін атқарушы Артем Кобзардың айтуынша, шабуыл салдарынан 20 адам қаза тапқан.
Украина ішкі істер министрі Игорь Клименконың мәліметінше, қаза тапқандар саны – 21 адам. Тағы 83 адам жарақат алды, олардың арасында жеті бала бар.
Зеленский қаза тапқан және жараланған бейбіт тұрғындар ондаған адамға жетеді деп мәлімдеді.
"Сумы қаласына баллистикалық зымыранмен жасалған сұмдық соққы. Жаудың зымырандары жай ғана қалалық көшеге, бейбіт өмірге соққы берді: тұрғын үйлер, білім беру мекемелері, көліктер... Бұл – адамдар шіркеуге баратын күні болды", – деп жазды ол.
"Мұндай әрекетті тек сұмырай ғана істей алады. Кәдімгі адамдардың өмірін қиып жатыр. Қайтыс болғандардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Қазір құтқару операциясы жалғасып жатыр. Барлық қажетті қызметтер жұмыс істеуде", – деп толықтырды Украина президенті.
Зеленский АҚШ-ты, Еуропаны және өзге елдерді бұл зымыран шабуылына қатаң жауап беруге шақырды.
"Ресей дәл осындай террор жасағысы келеді және бұл соғысты созып отыр. Агрессорға қысым көрсетілмей, әлемде тыныштық болмайды. Әңгімелер ешқашан баллистика мен әуе бомбаларын тоқтатқан емес. Ресей террорист ретінде қандай көзқарасқа лайық болса, дәл сондай көзқарас қажет", – деп жазды ол.
Шабуыл болған жерден түсірілген фото мен видеоларда жерде жатқан адамдардың денелері, сынған терезелер, өртеніп жатқан жеңіл көліктер, қатты зақымданған қоғамдық көліктер мен жартылай қираған ғимараттардың қасбеттері көрінеді.