Қазақстан жыл соңында өз зымыранын ғарышқа ұшырмақ. Қазір ол үшін қаржы бөлініп, айлақ дайындалып жатыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаев мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
«Қазір біз өзіміздің зымыран ұшыратын айлағымызды дайындап жатырмыз. Оған қаржы бөлінген. Үкімет бұл ұсынысты қолдады. Бұл – коммерциялық бағдарлама. Сол арқылы ұшыратын болсақ, болашақта біздің зымыранымызды пайдаланамын деген мемлекеттер көбейеді. Қазіргі таңда Африка елдері мен Моңғолия қызығушылық танытып отыр. Мемлекет басшысы әрбір мемлекетке барғанда, ғарыш саласын айтып жүреді. Францияға сапарында да ғарыш туралы сөйлесті. Ал Моңғолия аппараттарын кеңістікке алып шығуға тапсырыс беріп, келісімшартқа қол қойылды. Яғни, біз жыл соңына дейін өзіміздің отандық зымыран тасығышымызды шығарамыз және Қазақстан ғарыш саласында өзінің жаңа тарихын жазады деп ойлаймын», - дейді депутат.
Халық қалаулысы алдағы 5-10 жылда төртінші қазақ ғарышкері ғарышқа сапар шегуі мүмкін екенін айтты.
«Біздің ғарышкер тек турист ретінде барып келмеуі керек. Турист ретінде ғарышкерді 6 айда-ақ дайындап шығуға болады. Біз халқымызға керекті ғылыми зерттеу жүргізетін азаматтарды бүгіннен бастап дайындауымыз керек. Себебі, бір ғарышкерді дайындау үшін қыруар қаражат қажет. Мамандардың айтуынша, бір ғарышкерді ғарышқа ұшыруға толықтай дайындау үшін 60 млн доллардай ақша керек. Ал зерттеу жұмыстарын жүргізетін ғарышкерді біз 7-10 жылда дайындаймыз. Болашақта, 5-10 жылда қазақтан шыққан төртінші ғарышкерді ұшыруға мүмкіндігіміз бар», - дейді Ғалиасқар Сарыбаев.
Сенат депутаты Қазақстанның ғарыш саласындағы әлеуетіне де тоқталды.
«Неге қазақстандық ғарышкерлер де ұшпасқа? Зымыран тасығыш – біздің жерімізде. Спутниктерді де өзіміз жасай аламыз. Космодром бізде. Қазір ғарыш саласынан Ресей азаматтары ақырындап кетіп жатыр. Біз сол орынды толтырып қалуымыз керек. Ол жерде әлемде теңдесі жоқ объектілер бар, құрылыстар бар. Соларды сақтап қалуымыз керек. Ең басты мәселе – осы. Онда біздің 40 мыңдай азаматымыз жұмыс істейді. Ғарыш саласында 10 мыңнан астам азаматымыз жұмыс істейді. Солардың бәрінің әлеуетін дұрыс пайдаланып, болашақта осы қазақ елі, қазақ жері үшін пайда беретін дүниелерді дұрыстап жолға қоюымыз керек”, - дейді ол.
Сонымен қатар сенатор ғарыш саласын дамытудың елге берер пайдасын да тілге тиек етті.
«Болашақта біз осы ғарыш саласына қаржы салатын болсақ, ол бізге 2-3, тіпті 5 есе экономикалық пайда әкеледі. Себебі, бүкіл Орта Азия, Африка секілді басқа да елдер біздің осы зымыран тасығыштар арқылы кеңістікке өздерінің аппараттарын шығарғысы келеді. Өздерінің нүктелерін алғысы келеді. Біз осы мүмкіндікті дұрыс пайдалануымыз керек”, - дейді депутат.
Ғалиасқар Төлендіұлы ғарышқа ұшу үшін дайындалып жатқан қазақ қыздары да бар екенін айтады.
«Биыл Байқоңыр ғарыш айлағының іске қосылғанына 70 жыл толады. 70 жылдық тарихқа қарайтын болсақ, өзге мемлекеттен ұшқан азаматтардың Қазақстанға деген көзқарасы өзгерді. Бізді тең дәрежелі мемлекет, космостық держава ретінде қарай бастады. Осыған байланысты біздің де азаматтарымыз ұшу керек деп ойлаймын. Сол ұшатын азаматымыз қыз бала болса, тіпті жақсы. Себебі, Терешкова сияқты қазақта да батыр қыздар бар ғой. Дайындалып жатқандары да бар. Соларды ұшыруымыз керек”, - дейді сенатор.