Кеше Душанбе халықаралық әуежайы Иранның Varesh Airlines әуе компаниясының жолаушылар ұшағы қону кезінде ұшу-қону жолағынан шығып кеткен соң жұмысын алты сағаттан астам уақытқа тоқтатты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы ASIA-Plus порталына сілтеп.
Қазіргі уақытта әуе айлағы қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлады Тәжікстанның Азаматтық авиация агенттігіне сілтеме жасаған «Азия-Плюс» ақпарат көзі.
Оқиға кеше, 10 сәуір күні, душанбелік уақыт бойынша 11:40-та болды.
Азаматтық авиация агенттігінің мәліметінше, Тегеран – Душанбе бағыты бойынша ұшып келген Boeing 737-500 ұшағы ауа райының күрт нашарлауына — күшті бұршаққа байланысты — қауіпсіз қона алмай, ұшу-қону жолағынан шығып кеткен. Ұшақ жолдан шығып кеткендіктен, басқа әуе кемелерінің қонуы мен ұшуына кедергі келтіріп, нәтижесінде әуежай уақытша жабылды. Барлық рейстер елдің солтүстігіндегі Худжанд әуежайына бағытталды. Тек жергілікті уақытпен 19:00-де ұшақты тұраққа сүйреп апарғаннан кейін Душанбе әуежайы толық жұмысын қайта бастады.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.