Перудегі “Реал Титан” футбол клубының 21 жастағы ойыншысы Хелар Гонсалес Альтамирано алаңда алған жарақатынан кейін қайтыс болды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы tengrisport-қа сілтеп.
Оқиға Кубок Перу матчында “Дефенсор Нуэва” командасына қарсы ойында орын алды. Ойынның 70-ші минутында Гонсалес әуе добын алу кезінде қарсылас команданың қақпашысымен соқтығысып, ауыр бас жарақатын алды. Ол ес-түссіз күйде Мойобамба қаласындағы ауруханаға жеткізілген. Дегенмен, ақ халаттылар оны аман алып қала алмаған. Екі күннен кейін спортшы өмірден өтті. Өлімінің себебі бас ми артериясының жарылуы болғаны анықталды.
“Реал Титан” клубы әлеуметтік желілерде Гонсалеске құрмет көрсетті.
“Біз сені футболға және отбасыңа деген сүйіспеншілігің үшін әрдайым еске аламыз. Сен біздің көшбасшымыз болдың және бізге үлкен қайғы қалдырдың”, - деп жазба жариялады.
Хелардың әкесі, Хосе Мигель Гонсалес Флорес, ұлының бала кезінен бастап футболшы болуды армандағанын айтып, қолдау көрсеткен барлық қауымдастықтарға алғысын білдірді.