Алматыда қазақстандық “Робин Гуд” ұсталды

916
Adyrna.kz Telegram
tengrinews.kz
tengrinews.kz

“Елге көмек” қайырымдылық қорының жетекшісі Ілияс Сариев алаяқтық бабы бойынша ұсталды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Желіде тараған мәліметке сәйкес, заңгер Нұрсұлтан Орынбеков оқиға туралы айтты.

“Қазақ Робин Гуд Ілияс Сариев алаяқтық бабы бойынша ұсталды. Алматыдан осындай хабар келді. Бірнеше адамнан алаяқтық әрекетіне қатысты арыз түскен. Қазір сол бойынша ұсталғаны белгілі болды. Алданғандар болса, Алматы ішкі істер департаментіне арыздана алады”, – деп жазды.

Алматы қалалық полиция департаменті бұл ақпаратты растады.

“Алмалы аудандық полиция басқармасындағы полиция бөлімі алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Жан-жақты және объективті тергеуге бағытталған бірқатар тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Олардың қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады”, – делінген ресми хабарламада.

Айта кетейік, Ілияс Сариев Instagram желісінде qazaq_robin_hood лақап атымен танымал. Ол әлеуметтік желіде түрлі қайырымдылық жобаларымен танылып, халық арасында қолдау тапқан тұлға ретінде белгілі болған.

Пікірлер