Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Қазақстан Республикасының үкіметі мен Өзбекстан Республикасының үкіметі арасындағы "Орталық Азия" халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының қызметін реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы" заңға қол қойды, деп хабарлайды “Адырна”.
Келісім Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамытуға, бірлескен өндірістер құруға, инвестиция тартуға және жаңа логистикалық тізбектерді қалыптастыруға бағытталған. Оның аясында кедендік рәсімдерді жеңілдету және бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасау қарастырылған.
Сенат депутаты Әлішер Сатбалдиев атап өткендей, "Орталық Азия" халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру – бұл біздің елдер арасындағы сауда байланыстарын нығайтуға бағытталған стратегиялық қадам.
“Жоба өзара сауда көлемін ұлғайтуға, бизнес үшін жаңа перспективалар ашуға және экономиканың негізгі салаларына инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Бұл жай ғана индустриялық аймақ емес, сонымен қатар инновациялар, ынтымақтастық және жаңа өндірістік қуаттарды дамыту үшін маңызды алаң”, – деді Әлішер Сатбалдиев сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында.
Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.