Ұлжан Байбосынова: Бізге жырдың дамығаны керек...

3181
Adyrna.kz Telegram

- Бізді көптен бері жы­раулық поэзиядағы қыз-ке­ліншектердің рөлі қы­зықтырып жүр. Осы өнердің құлағын ұстап жүрген жыр­шы ретінде айтыңызшы, әйел жыраулардың көш­басында кім тұр? Осыны зерттеген адам бар ма?

- Тарихта дәл мынадай әйел жыраулар өткен деп түбегейлі зерттеген еңбекті мен де көрген жоқпын. Бірақ кезінде Сырдың бойында таңды-таңға қосып жыр айтқан, салдық құрған әйелдер болды деген кейбір деректерді ұшырастырып қаламыз. Бірақ оның өзін белгілі бір уақыттан бастау алады деп анық айта ал­май­мыз. Өйткені жыраулық, жыршылық поэзия негізінен ер-адамдарға тән өнер. Түп-тамырын қай заманнан алсақ та жауынгерлік рухта жа­зылған шығармалар екенін бағамдаймыз. Бел шешіп, аттан түспей елін-жерін қор­ғаған азаматтар халықтың рухын көтеру үшін қаhар­мандық-жауынгерлік, ұлт-азаттық, сондай-ақ па­триот­тық бағыттағы осындай жырларды өмірге әкелген.
Ал әйел жыраулар кешегі XIX ғасырдан бастап, тарихи сахнаға шықты деп айтуға болады. Бұған себеп сол дәуір ақындық-әншілік, жыраулық дәстүрмен қатар, сал-серілік өнер қатар да­мыған кезең болып есеп­те­леді. Осы тұста көп болмаса да бірен-саран нәзік жан­ды­лардың аты шыға бастады. Олардың қатары XX ға­сыр­дың басында, әсіресе, Сыр бойында біршама көбейе түсті. Оған Ырысты қыз, Дәмегөй сал, Шәкей сал, Бағ­дагүл сал, олардың ізін бас­қан Тұрсынкүл Баяханова, Фатима Тұяқбаева, Шамшат Төлепова сынды апай­ла­ры­мыздың мұраларын нақты дәлел ретінде келтіруге бо­лады.
Ұлы Отан соғысы жыл­дары әйел жыр­шы­лар­дың саны тіпті арта түсті. Бұл аса талқылауды қажет ет­пейтін, өз-өзінен белгілі жағдай. Бас көтерер ер-азаматтар сұрапыл соғысқа аттанды. Отан қорғау жо­лында оққа ұшты. Қан май­даннан қайтпай қалды. Ал олардың көзсіз ерлігін, са­ғынышқа толы хаттарын кейінгілерге жеткізіп, зар илеген жетім бала мен кем­пір-шалдың көңілін көтеру міндеті аруларға жүктелді. Олар жарының, ба­уырларының батырлығын жай ғана өлеңге қосып қой­май, ма­қаммен орындады. Яғни әйел жы­раулардың ер-азаматтармен қатарласа шық­қанының себебі, осын­дай әлеуметтік жағдайларға байланысты.
Солай бола тұра, шын­дығын айтқанда, бұл кесіп-пішіп, нақты пікір айтатын сұрақ емес. Егер ол зерттелген болса, сіз де менен сұрамас едіңіз. Сіз де басқалар сияқты осы сұраққа жауап таппай келіп отырсыз, солай емес пе?!
- Жаңағы айтып өткен XIX ғасырға қайта ора­ла­йықшы. Сән-салтанатымен сал-серілер келгенде, сол бо­лыстың қыз­да­ры ауылдың алты ауызын айтып, жі­гіт­термен айтысқа түсіп, күй тар­тысқаны белгілі. Жырдың да жырланбай қалуы мүмкін емес қой…
- Мен сізге қызық айтайын. Бұл мәселе жалғыз сіздің ғана емес, өнертанудағы әлемдік ғалымдардың көкейінен орын алып отырған сұрақ. Неге де­сеңіз, соңғы бес-алты жыл­дың ішінде Еуропа елдерінде ұйымдастырылатын «Әйел жыраулар» деген дүниежүзілік үлкен жобаға тұрақты қатысып жүрмін. Шараның мақсаты — Орта Азиядан шыққан әйел жыраулардың басын құрап, өнерін ортаға салу. Осы ке­ң­іс­тіктегі халықтардың жауһар мұраларын еуропалықтарға тыңдату. Қарақалпақстан, Әзербайжан, Түрiкменстан, Өз­бекстан, Қырғызстан сияқты бауырлас елдердің қыз-ке­ліншектері жиналып, концерт қоямыз. Сонда өзіңіз сияқты журналистер «Жыраулық өнерге әйелдер қашан, не себепті кірісті? Ер адамдарға тән дәстүрге әйелдердің араласуына мәжбүрлік болды ма? Жоқ, әлде саясат солай қалыптастырды ма?» деген сияқты көкейкесті ойларымен, пікірлерімен бөліседі. Бірақ жоғарыда айтып өткендей, бұған қанағаттанарлық жа­уабымыз, айқын дәлеліміз бар деп айта алмаймын. Заманында оларды ешкім жазып алған жоқ. Шежірені білетін қа­риялар хатқа түсірмеген. Тек кейбір еміс-еміс деректерден ғана естиміз. Шетелдік ға­лымдар да осы жөнінде көп пікірталастырады. Қы­зы­ғушылықтары зор.
Менің ойымша, дәл қазіргі сәтте жыраулық өнерді ер болсын, әйел болсын, бастысы кім орындаса да аман алып жүргені керек. Ұлттық өнердің тоқтап қалмағаны, әрі қарай дамығаны, жанданғаны қажет. Сондықтан оны бөліп, шектеп, мүйіздеп, «мынау еркектікі, мынау әйелдікі» дейтін жағ­дайда емеспіз. Асыл қа­зы­намызды неғұрлым сақтап қалуға жұмыс жасауға тиіспіз.
- Орта Азия елдеріндегі за­мандастарыңыздан сұ­ра­дыңыз ба, олардағы жағдай қалай екен?
- Бізден озып кеткен еш­теңесі жоқ. Бәріміздің басы­мыздан өткен тарих, дәуір бір болғаннан кейін солай шығар. Дегенмен бүгінгі таңда көрші елдердегі әйел жыраулардың саны басымырақ. Қыздар ара­сынан жыршылар көптеп шы­ғып жатыр. Бізде де, Құдайға шүкір, аз емес. Кейде маған дәс­түр жойылып кетпес үшін, жыраулық өнер өзіне-өзі жұмыс жасап жатқандай көрінеді. Ешкім міндеттеп, «анау айтсын, мынау айтсын» демесе де неғұрлым қалыбын сақтап қалуға тырысатындай. Соның арқасы шығар, қай дәуірді алсаңыз да, қандай қиын күндерді басымыздан өткерсек те халықпен бірге жасасып келеді.
Сақ, оғыз дәуірінен, моңғол-татар шапқыншылығы зар­дабын тигізген жылдардан, ноғайлы ғасырынан, жоңғар-қалмақ басқыншылығынан, Ресей патшалығы кезеңіндегі отарлау саясатынан аман өтті. Бұл дәстүрлі өнердің тектілігі, тазалығының арқасы. Қай дәуір болмасын, тасты жарып шық­қан гүл секілді өз жолын тауып, жайқалып келе жатыр. Сан мәрте «Осы өнер жоғалып ке­тер ме екен?» деген қауіп те болды. Насихаты аз болса да, тиісті орындардан көңіл бө­лінбесе де ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, өз тыңдаушысын, өз орын­дау­шысын тауып келеді. Қазақтың маңдайына біткен бақытты өнер демегенде, не дейміз енді?!
-Бақытты өнер сізді не­сімен қызықтырды?
- Мен туғаннан көзімді жырмен ашқан адаммын. Өйткені сол ортада өмірге кел­дік. Қазақ эпосының сақ­талып, өркендеуіне үлкен үлес қосқан жыршылардың ортасында өстік. Туған жерім — Қы­зылорда облысы. Біздің ауылда екі кісінің басы қосылса, жыр айтылатын. Басқа дүние тың­дағанымыз жоқ. Тіпті ес біл­генімше, қазақта жы­раулықтан басқа өнер жоқ деп ойлай­тынмын. Кейін ес білгеннен кейін басқа да әуен, саз түрлері барын түсіндім. Негізі, әр аймақта бала біткен төл өне­рімен көзін ашып, ана тілін, ата дәстүрін бойына дарытып, қалыптасуы керек. Содан кейін қалғанын қалай үйренем десе де өз еркі.
Өз басым алты-жеті жа­сымнан қолыма домбыра алып, жыраулардан тікелей дәріс алғанмын. 8 жасымда мектеп сахнасында терме айтып, уақыт өте келе біржола құдіретті өнердің жолына түс­тім. Кейін орындап қана қой­май, зерттеумен айналысып, тарихына үңілдім.
- Зерттеуші ретінде қай тақырыпты қаузадыңыз?
- Сыр бойындағы жы­рау­лық поэзиядағы шығыстық, исламдық тақырыптардың көтерілуі көптеген ғалым­дардың назарын аударып келеді. Өйткені Қызылорда өңіріндегі ақын-жыраулардың шығармаларынан діни са­рын­дарды көптеп кездестіруге бо­лады. Ислам мәдениеті мен әдебиетінің көбірек тараған себебі, сыр бойынан шыққан шайырлар Бұхарадағы Ми­рараб, Көкілташ медресе­ле­рінен сауатын ашқан. Араб, парсы әдебиетінің аударма­ларымен сусындаған. Кезінде бір ғана Қармақшының өзінде 37 медресе болған деседі.

Арабтың «Мың бір түні» мен Шығыстың жеті жұл­дызының бірі — Әбілқасым Фирдоусидің «Шаһнама» дас­танын тәржімалаған, бірнеше елдің тілін меңгерген бір Тұр­мағамбет артына қаншама ең­бек қалдырды. Мен солардың барлығының философиялық астарына бойлауға тырыстым. «Сырдың бойына қандай жолмен тарап, біздің әде­биетімізге қаншалықты пай­дасын тигізді? Шығарманың құндылығы неде?» деген сұ­рақтарға жауап іздедім.

Іздену барысында қолжазба күйінде сақталған қаншама дүние табылды.
Әр Пайғамбардың басынан өткен хикаяларын екі жолға сыйдырып айтып кеткен өлеңдерді кездестірдік. Бұдан бөлек, халық аузынан, ел ішінен талай дүние жиыстырып алдым. Өкініштісі, солардың барлығы бүгінгі күнге дейін жарық көрген жоқ.
- Неге?
- Әртүрлі себептерге бай­ланысты. Қаражат мәселесін сөз қылғым келмейді. Бұдан бөлек, қазір діни шығармаларға әртүрлі көзқарас бар. Саясат күрделілеу болып тұр. Жас­тарды жолдан тайдырған түрлі бағыттар, ағымдар тарап кетті. Әттең, кітап болып шықса, оқырмандарға үлкен пайдасын тигізер еді. Тек диссертация деңгейінде қалды. Соның өзі барлық кітапханаларға түсті. Жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері пайдаланады деген үміттемін.
- Көмеймен жыр айту өнері де негізінен Сыр өңірінде сақ­талыпты. Бағзы бақсылар­дың ауырған жанды емдеу тә­жірибесіне қолданылған му­зы­каның қазіргі даму барысы қалай?
- IX-X ғасырда Сырдың орта, төменгі ағысында Оғыз мемлекеті құрылып, 24 түркі тайпасы біріккен екен. Олар­дың арасында қазақтар да бар.
Ғалымдардың топшылауы бойынша, көмеймен айту дәстүрі осы дәуірде негізін қалады. Сол тұста Қорқыттың өмір сүруі, қобыз дәстүрінің пайда болуы — көмеймен жыр айту дәстүрін өмірге әкелді. Тува, хакас, алтай халықта­рында бұл үрдіс туралы көп­те­ген аңыз-әңгімелер бар. Бірақ көмеймен орындау жоғары кәсіби деңгейде Сыр бойында ғана дамығаны байқалады. Өйткені әртүрлі мақамдар бі­рін-бірі мүлде қайталамайды. Ма­қамдардың мұндай көп­түр­лілігін басқа халықтардан көре алмайсыз. Қарақалпақ, өзбек, түрікменнің бақсыларын тыңдасаңыз, бәрі бір сарын сияқты. Құбылып, ауысып отырмайды. Мақам жағынан біз басқалардан оқ бойы озып тұрмыз. Бұл ұлттың танымына, қанының тазалығына, түйсіктің тереңдігі мен ой-өренің жоғарылығына байланысты деп ойлаймын.
- «Азия халықтарындағы әйел жыраулар» атты дискіңіз бейне таспасымен Америкада, неміс композиторы Рудегар Оперманмен бірігіп шығарған жыр жинағыңыз Германияда сатылып жатыр. Елімізде «Көрұғлы» атты тұңғыш жыр таспаңыздың шыққанын білеміз. Бірақ музыкалық дүкендерден шаммен іздеп, таба алмадық…
- «Көрұғлы» түркі тектес халықтарға ортақ көне жыр. Жырдың басты ерекшелігі ауыз екі таралып, атадан — балаға, ұстаздан — шәкіртке, орындаушыдан — орын­даушыға жеткен. Ең қызығы, Сыр бойының мақам-саздарын осы жырдың өн-бойынан толық таба аласыз. Сол себептен, бар­лық жырау осы туындыны өз қоржынына қосуға ты­рысады. Жиенбай жыраудың нұсқасы бойынша, менің орындауымда жарық көрген бұл таспа мың данамен шықты. Өкінішке қарай, халыққа жеткен жоқ, оның машақаты көп екен. Соған қарамастан, қай өңірге бармайын, менен осы жырды жиі сұрайды. Арнайы концерт емес, басқа шаруалармен бар­сам да халық қошеметтеп, өтініш білдіреді. Көздеріне жас алып, тыңдап отырғандарды байқаймын.
- Өзімізді айтпағанда, АҚШ-қа барған сапарыңызда тура осы жағдай қайта­ла­ныпты…
- Бостон қаласында ежелгi грек аңызымен құрылған «Гераклдың балалары» деген қойылымға қатыстым. Ма­ғынасы — ел арасындағы береке-бірліктің бұзылып, араздастық пен босқын­шы­лықтың бас көтеруі туралы екен. Спектакль арасында жұртты ауызбіршілікке, та­тулыққа шақырып, мәміле­­герлiк, ара ағайындық әңгіме айту менің міндетіме кірді. Тұр­мағамбет, Омар сынды Сыр сүлейлерінен қалған асыл сөз­деріміз сол туындының өн бойына сай болып шықты.

Жиналғандардың әсерін сөз­бен айтып жеткізу қиын. Көзінің жастары тыйыл­май­тын

. Тіпті, бір күні ауырып, сахнаға шықпай қалып едім, кө­рер­мендер «Қойы­лымның мәні жырда болатын. Әнші қыз қайда?» деп на­разылық көр­сетіпті. Артынан баспасөз мәслихатын өткізіп, мән-жайды түсіндіруге тура келді. Бұл мұхиттың арғы жа­ғын­да­ғылардың біздің өне­рімізге деген сұранысының жоғары екенін көрсетеді. Жақында Вашингтон қа­ла­сындағы университеттердің бірінде ар­найы шақыртумен шеберлік дәрістер оқымақпын. Бұйыртса, қазанның екісінде жол жү­ремін. Онда қазақ өнерінің апталығы өтпек.
Лондон Олимпиадасында спорттық ойындар алдында «Музыкалық ойындар» өтті. Алты құрлықтың тер­ри­ториясын жасап қойыпты. Қазақстаннан қобызшы Раушан Оразбаева екеуміз барып, өнер көрсеттік. Жи­налғандарда есеп болмады, саябақтың іші лық толды. Арқамыз қозып, армансыз терледік.
Жыр кештерін өткізген соң, осылай ұйымдастыру керек. Біздегі концерттерде жыршы бес минут ішінде ештеңе айтып үлгермейді. Толықтай ашылып, бойыңдағы барды бере алмайды. Оған кем дегенде, он-он бес минут уақыт керек. Тек бір терлеп алғаннан кейін көсіле шабады. Теле-радио бағдарламаларында да бір-екі әнмен шектелеміз. Қалғаны әңгіме, өйткені ха­бардың құрылымы солай. Маған тағы бір ұнамайтыны, кез келген концерт, бағдар­ламаны безендіргенде бүгінгі дәуірдің жыршыларын өткен ғасырға бір-ақ апарып тас­тайды. Заманға сай болуы керек қой, жыр көне екен деп, сол баяғы бейіттің басындағы тастарды сахнаға қоюдың не қажеттілігі бар?!
Дәстүрді бұлай насихаттау дұрыс емес. Қазіргі заман жыршысын өз дәуірімен бай­ланыстырып, жырлату керек. Жасанды сақал жап­сырып, шашын ағартып бояудың түкке де қажеті жоқ.
- Осы заманға сай безен­дірілген сіздің кешіңіздің қа­шан куәгері боламыз?
- Туған жерім — Қызы­л­ордада әлі күнге дейін бір кон­церт берген емеспін. Ұсы­ныс жасап, шақырып-ақ жатыр. Бірақ соған шетелдік гас­трольдерім, оқытушылық жұмыстарымның кестесі сәйкес келмей жатады. Алла бұйыртса, алдағы уақытта елге сәлем беретін ойым бар. Астанада да өнер көрсетуді армандаймын. Алматыда да үлкен кешім өткен емес. Консерватория залында ғана шағын есеп бердім. Ұйым­дастырушылар бар міндетті мойындарына алып жатса, қайда шақырса да барар едім.
- Қазақ Ұлттық кон­сер­ваториясы Халық әні кафе­д­расының меңгерушісі болып тағайындалыпсыз.
- Рақмет, менің бұл жұ­мысқа кіріскеніме көп уақыт бола қойған жоқ. Әрине, орындаушыға бұл жұмыстар кішкене қолбайлау болып, кедергісін тигізеді екен. Қазір оқу жүйесіне өзгерістер еніп, кредиттік жүйеге ауысып жатырмыз. Соған байланысты толтыратын іс-қағаздар өте көп. Мұның сыртында сту­денттер мен оқыту­шылармен жұмыс жасау керек. Бірақ орындаушылық өнер мен ұстаздық қызметті қатар алып жүруге тырысамын.


Әңгімелескен
Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

Пікірлер