23 наурызда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай 2018 жылдан бері жұмысы тұралап қалған Бейнеу астық терминалының қайта іске қосылу жұмыстарымен танысты.
Бұл маңызды инфрақұрылымдық жобаның иесі “Еуразия Транс Логистик" ЖШС. Маңғыстау облысының әкімдігі «Halyk» қорынан қаржы алып, "Каспий" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесе отырып, астық терминалының қайта іске қосылуын қамтамасыз етті.
Жоба өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыруға септігін тигізеді.
“Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы аясында терминалды қалпына келтірудің маңыздылығын атап өткен болатын. Бейнеу астық терминалының қайта іске қосылуы – өңір дамуы үшін стратегиялық маңызды қадам болып отыр. Бұл жоба облыстың азық-түлік тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық бағытты күшейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашады,” – деді облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай.
Терминалдың қуаттылығы бір мезгілде 100 мың тонна астық сақтауға мүмкіндік беріп, тәулігіне 400 тонна ұн, жылына 25 000 тонна кебек шығара алады.
Кәсіпорынның жүк айналымы жылына 2 миллион тоннаға дейін жетіп, шамамен 200 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Өнімдер Өзбекстан, Тәжікстан және Ауғанстанға экспортталады.
Бейнеу терминалының заманауи инфрақұрылымы оны Каспий маңы елдеріне құрлық арқылы жүк тасымалдайтын негізгі логистикалық орталықтардың біріне айналдыруға мүмкіндік береді. Бұл Маңғыстау облысының экономикалық әлеуетін арттырып, халықаралық ауыл шаруашылығы өнімдері саудасындағы рөлін нығайтады.
“Тимур Құлыбаевтың Halyk қоры Маңғыстау облысының дамуын жүйелі түрде қолдап келеді. Өңір үшін маңызды жобаларға инвестиция салу – біздің басты міндетіміз. 2023 жылдан бері қор бұл аймаққа 4,5 миллиард теңге бөлді, оның ішінде 1,8 миллиард теңге Бейнеу астық терминалын қалпына келтіруге бағытталды. Бұл жоба тек инфрақұрылымдық нысан ғана емес – ол жаңа жұмыс орындары, жергілікті кәсіпкерлер үшін тұрақтылық және елдің экспорттық әлеуетін нығайтуға үлес қосады,” – дейді Halyk қорының директоры Сағынбек Шүңкеев.
2010 жылы пайдалануға берілген Бейнеу астық терминалы бүгінде толық жаңғыртылып, мемлекет жүргізіп отырған азық-түлік қауіпсіздігі мен агроөнеркәсіптік экспортты дамыту стратегиясына сәйкес қайта іске қосылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрақты экономикалық өсім мен өңірлерді дамытуға ықпал ететін осындай инфрақұрылымдық жобалардың маңыздылығын бірнеше рет атап өткен болатын.