АҚШ-та әйгілі америкалық боксшы, ауыр салмақтағы екі дүркін әлем чемпионы және Олимпиада чемпионы Джордж Форман 76 жасында өмірден өтті, "Адырна" ұлттық порталы TMZ порталына сілтеме жасап.
"Біздің сүйікті Джордж Эдвард Форман-біріншінің 2025 жылдың 21 наурызында жақындарының ортасында өмірден өткені туралы терең күйзеліспен хабарлаймыз", – деп мәлімдеді боксшының туыстары.
Джордж Форман 1968 жылы Мехикода өткен Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алды. Осы жетістен кейін ол кәсіпқой боксқа ауысып, WBC, WBA және IBF нұсқалары бойынша ауыр салмақта әлем чемпионы атанды.
Форман 1973 жылы Джо Фрейзерді жеңіп, алғаш рет әлем чемпионы атанды. Бір жыл өткен соң, "Джунглидегі гүрсіл" деп аталған тарихи жекпе-жекте Мұхаммед Әлимен кездесіп, сегізінші раундта нокаутпен жеңіліс тапты.
1977 жылы Форман бокстан кетіп, афроамерикалық шіркеуде пастор болды. Дегенмен, 10 жылдық үзілістен кейін, 1987 жылы рингке қайта оралып, өзінің ең үлкен жетістіктерінің біріне қол жеткізді.
1994 жылы, 45 жасында, ол 26 жастағы Майкл Мурерді жеңіп, қайтадан әлем чемпионы атанды. Осы жеңісімен Форман ауыр салмақтағы ең қарт әлем чемпионы ретінде тарихқа енді.
Боксшы 1997 жылы мансабын түбегейлі аяқтады, оның рекорды – 76 жеңіс (оның 68-і нокаутпен) және 5 жеңіліс.