Ресей президенті Путин Украинамен ұзақ мерзімді бейбітшілікке қол жеткізу және қақтығыстың түпкі себептерін жою шартында әскери әрекеттерді тоқтатуға дайын екенін жеткізді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы ТАСС-қа сілтеп.
«РФ соғыс қимылдарын тоқтату туралы ұсыныстармен келіседі, бірақ олар ұзақ мерзімді бейбітшілікті қамтамасыз етіп, дағдарыстың себептерін жоюы керек», – делінген мәлімдемеде.
Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен 30 күндік уақытша бітімге келуге дайын екенін айтқан болатын.
Бітімге келу үшін талқылау қажет аспектілерді тізбектей отырып, Владимир Путин Курскі облысындағы жағдайға назар аударды.
«Егер біз 30 күнге әскери әрекеттерді тоқтатсақ, бұл нені білдіреді? Онда жүргендердің барлығы ұрыссыз кете бере ме?Олар бейбіт тұрғындарға қарсы көптеген қылмыс жасағаннан кейін біз оларды жай ғана босатуымыз керек пе? Бұл 30 күн не үшін пайдаланылады? Украинада мәжбүрлі мобилизация жалғасуы үшін бе? Ол жаққа қару-жарақ жеткізілуі үшін бе? Бақылау мен верификация мәселелері қалай шешіледі – мұндай жағдайлардың қайталанбайтынына қандай кепілдік беріледі?» – деп сөзін жалғастырды Владимир Путин.