Өзбекстандық модель Сабрина Жабборова әнші Озода Нұрсаидованың “Дилбарим” бейнебаянының түсірілімі кезінде ауыр жол апатына ұшырады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Stan.kz-ке сілтеп.
Mercedes G-Class көлігі оны қағып, бірнеше жерінен ауыр жарақат алған.
Оқиға 2024 жылдың 7 қарашасында болған. Режиссер Шухрат Мавлоновтың нұсқауымен кәмелетке толмаған актриса Севинч Маруфова көлікті жүргізуге тырысқан. Алайда көлікті басқара алмай, Сабрина Жабборованы қағып кеткен. Көлік дөңгелегі оның үстінен екі рет өткен. Алдымен алдыңғы дөңгелек, кейін артқы дөңгелек кері жүріп басып өткен.
Апат салдарынан модельдің жамбас сүйегі сынған, жатыры мен қуығы зақымданған. Оқиға орнында оған бір сағат бойы алғашқы медициналық көмек көрсетілмегендіктен, үш литр қан жоғалтқан. Ота тоғыз сағатқа созылып, дәрігерлер оның өмірін сақтап қалды. Алайда жамбастың дұрыс орнықпауынан сол аяғы оң аяғынан 7 см ұзарып, Сабрина мүгедек болып қалды.
Бұл оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталып, іс сотқа жолданды. Сабрина Жабборова қайта жүріп кету үшін шетелде күрделі ота жасатуы қажет екені туралы ақпарат тарады.