Қазақстандық волейболшы, Қазақстан Республикасы құрамасының мүшесі Сабина Алтынбекова жеке өміріне қатысты тараған қауесеттерге жауап берді. Ол ресми түрде ажырасқанын мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Әлеуметтік желіде оқырмандарының бірі спортшыға «Сіздер айырылысып кеттіңіздер ме?» деген сұрақ қойғанда, Сабина бұл ақпаратты растады.
"Мен ресми түрде некеде болдым және ресми түрде ажырастым. Бұл жайтқа қатысты көптеген сауал болды. Осы жауабыммен бәріне нүкте қоямын", – деді ол.
Еске сала кетейік, Сабина Алтынбекова 2020 жылы кәсіпкер Саят Салманұлына тұрмысқа шығып, 2021 жылы ұлды болған.
Ол Индонезияның «Yogya Falcons» командасында ойнады. Алайда қазір Астанаға оралып, болашақ жоспарларына қатысты жақын арада мәлімдеме жасайтынын айтты.