2024 жылы Қазақстанда 365,9 мың бала дүниеге келген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда аз көрсеткіш (388,4 мың), деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.
Дүниеге келген сәбилердің 51,6%-ы ұл, 48,4%-ы қыз. Қалалық жерлерде 219,1 мың бала (59,9%), ал ауылдық жерлерде 146,7 мың бала (40,1%) өмірге келген.
Жалпы туу коэффициенті 1000 адамға шаққанда 18,15-ті құраған. Бұл көрсеткіш 2023 жылы 19,52-ге жеткен.
[caption id="attachment_231026" align="alignnone" width="1024"] Фото: Ұлттық статистика бюросы[/caption]
Туу деңгейі ең жоғары аймақтар – Түркістан (24,88), Маңғыстау (24,29) облыстары және Шымкент қаласы (23,58).
Аналардың жасына келсек, жаңа туған нәрестелердің 27,5%-ын 25-29 жас аралығындағы, ал 26,2%-ын 30-34 жас аралығындағы әйелдер дүниеге әкелген. 20 жасқа дейінгі қыздар 11,9 мың баланы өмірге әкелсе, 50 жастан асқан әйелдерден туған балалар саны – 100. Орташа есеппен, 2024 жылы аналардың жасы 29,8 жас болды.
Туылған балалардың 23%-ы отбасындағы тұңғыш бала атанды (84,2 мың), ал төртінші болып туғандар саны 60 мыңнан асты (16,4%). Сондай-ақ, бір жыл ішінде 3 721 егіз, 46 үшем дүниеге келген.