Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Әділет департаментінің "Biz Birgemiz Qazaqstan 2030" қоғамдық бірлестігін тарату туралы талабын қарады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Іс материалдарына сәйкес, бұл заңды тұлға алғаш рет 2021 жылғы 11 қазанда мемлекеттік тіркеуден өткен.
"Құрылтайшылар тізімінде 10 адамның аты-жөні көрсетілген, олардың есімдері құрылтай жиналыстарының хаттамаларында жазылған, оның ішінде Қайрат Перизаттың да аты аталады", – делінген сәрсенбі күні сот таратқан хабарламада.
Тергеу барысында жүргізілген қолтаңба сараптамасының қорытындысына сәйкес, 10 құрылтайшының 9-ының орнына құжаттарға Қайрат Перизат қол қойған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 49-бабына сәйкес, егер заңды тұлғаның құрылуы кезінде заң бұзушылықтарға жол берілген болса және оларды жою мүмкін болмаса, сот шешімімен оның қызметі тоқтатылады.
Сонымен қатар, ҚР Жоғарғы сотының "Соттардың салық заңнамасын қолданудың кейбір мәселелері туралы" нормативтік қаулысының 12-тармағына сәйкес, заңды тұлғаны тіркеу немесе қайта тіркеу кезінде көрсетілген басшы және (немесе) құрылтайшы (қатысушы) оның құрылуына қатыспаған жағдайда, бұл ұйымды таратуға негіз бар.
Осыған байланысты, сот "Biz Birgemiz Qazaqstan 2030" қоғамдық бірлестігін мәжбүрлі түрде тарату туралы шешім қабылдады.
Алайда, шешім әлі заңды күшіне енген жоқ.