Батыр Баян қорымы

3418
Adyrna.kz Telegram

Бұрыннан жақсы білетін, сыйлас ағаларымыздың бірі – Есмұханбет Смайылов келіп, мақаласын ұсынды. Өзі – математик, ірі ғалым. Алаш арыстарына тән жан-жақтылығына, әр саладан хабардарлығына, әсіресе, тарихымызға қатысты ізденімпаздығына тәнті болып жүруші едім. Бұл жолы қатты разы болдым. Қазақтың біртуар тұлғасы – Батыр Баян туралы мақаласын ізетпен алдыма қойды. Биыл – Батырдың 300 жылдығы. Ұрпақтары Павлодар облысында ас бермек. Бүкіл қазаққа сауын айтатын жөн бар. Әйтеуір, өздері тірлік жасап, қамданып, жиналып, үлкен шаруаның басы қайырылмақ.

Мақаласын оқыдым да, газет нө­мі­рі­не жедел салғыздым. Оған себеп көп. Бірі – Мағжан Жұмабаев ақтал­май тұрғанда ақынның «Батыр Баян» поэмасын өзіміздің «Орталық Қазақс­тан» газеті республикада бірінші бо­лып жариялады. Ақынның атын айту ол кезде мүмкін емес. Жайық Бектұ­р­ов ағамыз поэманы көзінің қара­шы­ғын­дай сақтап жүріп, сол кездегі Нұр­ма­хан Оразбековке әкеліп көр­сет­кен­де, батыр редакторымыз «Ор­та­лық­қа» жариялап жіберіп, айды аспаннан шығарған. Е.Смайылов ағамыз Батыр Баян Қарағанды облысының Қар­қаралы ауданындағы Нұркен ауы­лы­ның Шекшек қорымында жерленуі мүмкін деген аңызды алға тартты бұған қоса. Оған үстеме – «Айбын» әс­кери энциклопедиясында тура осы дерек Қ.Ерғазы атты автордың титім­дей мақаласында жүр екен. Оқыр­ман­дар­ға қысқа ғана жай-жапсарды айтып, сұрау салдым. Ауыздан – ауызға, ұрпақтан – ұрпаққа жалғасып келе жатқан ауызша архивімізден там-тұм хабарлар келе бастады. Балқаштан Серік Қамбарұлы, Абай қаласынан Ардақ Қайдарұлы – екеуі де «Шет ау­да­нының Қарабұлақ ауылының жанында Сары-Баян деген жота бар. Сол жерде үлкен қорымның барын бұрын­ғы қариялардан естігендерін және қай жерде екенін көрсете алатындарын» айтып, ұзатпай-ақ хабарласты.
Ең үлкен олжаны әріптесім – Төре­хан Майбас тауып әкелді. Шет ауданында автоклуб меңгерушісі болған, республикалық ақындар айтысына қатысқан Самат Мұсабековтің (1924-1981) «Есей – Дос» деген дастанын ал­дыма қойды. Есей мен Дос Қара­ке­сектің Керней және Әлтеке бұтақтары­ның батырлары. Бұл екі бабамыздан тараған ұрпақтан атқа шыққандары – Көкбөрі Жарылғап пен Жидебай батырлар. Екеуі де Батыр Баянның тұс­тастары. Жас айырмалары – он немесе жиырма жыл болуы мүмкін. Самат Мұсабеков Есей мен Дос туралы дастанында Батыр Баянның жерленген жеріне, неше сарбаз қоса шейіт болғанына дейін жырына арқау етеді. Дастанда «Сары мен Баян бірге жерленген» деген сөз бар. Осы тұсқа келгенде көңілге күдік кірді. «Уақ шежіресінде» Шоға руынан Сары мен Баян бір ата-анадан туған ағалы-інілі емес, бес атадан туысатын батырлар. Сары батыр 1690 жылы дүниеге келіп, 1771 жылы Еділ бойындағы қалмақпен болған ұрысқа қатысып, жараланады. Еліне жеткізіліп, Солтүстік Қазақстан облысының қазіргі Тимирязев ауданындағы Докучаев ауылынан 4-5 шақырымдай жерде жерленген («Уақ шежіресі». 27-бет. «Фолиант» баспасы. Астана қала­сы. 2009 жыл).
Тарихтан мәлім, орыс патшасынан қатты қысым көрген Үбашы тайшы бастаған 170-180 мың адам, 40 мың қол Еділді кешіп өтіп, қазақ жерінің үстімен байырғы қоныстары – Жоң­ға­рия­ға өтеді. Ежелден қастасқан ата жауын қазақ аямайды. Жолшыбай ұрыс. Әуелі Нұралы хан ойсыратады қал­мақтарды. Ақыры, осы Мойынты бойын­да Абылай хан қоршауға алады. Қалмақтар сауға сұрайды.
Хан кеңесі шақырылып, үш күн ырғасады батырлар мен билер. Абылай сонау Еділ мен Жайықтан Арқаға дейінгі шұбырындыда (қазақтың «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұла­ма­сынан» да ауыр болса керек) қазақ қосындарының соққысынан әбден қалжаураған, бірақ әлі де тұяқ серпуге шамалары бар қалмақтарды ата қо­ныс­тарына соғыссыз өткізіп жі­беру­ді ұсынады. Ойы белгілі – екі ғасырдан астам қазақпен қидаласса да, Жоң­ға­рия қазақ пен қытай арасын­да­ғы сына (буфер) бола тұрсын деген әріден ойлаған, тереңнен толғаған Абылай­дың ақылмандығы деп пайымдайды М.Мағауин бастаған жазушы-тарих­шы­лар. Болмаса, ойда орыспен, қыр­да қалмақпен, түстікте Қоқанмен май­дан­дасып, бұлағының өзі суалмаса да, көзі бітелуге таяған, саны сел­діре­ген қазағының бауырына салып, бытырадай шашып, түбі бір түркі – қал­мақты қазаққа басы бүтін сіңіріп жібермек болады. «Қатының болсын қалмақтан, қосының болсын қазақтан» деген сөз сол кезден қалған болса керек. Осыдан кейін Абылайда сексен кісінің ақылы бар («Ханда қырық кісі­нің ақылы бар») деп айтпай көр.
Қош, сол хан кеңесінде «…Батыр Баян өз сөзінде: «Үбашы мен Серен ойда орысты, қырда қытайды алдаған, сені де алдайды», – депті» (М.Мағауин. Толық шығармалар жинағы. 11-том, 137-бет. «Қағанат» баспасы. Алматы. 2002 жыл). Хан кеңесі ұзаққа созыл­ға­ны­нан секем алған қалмақ түн қа­раң­ғысын пайдаланып, қоршауды бұзып, Жоңғариясына қарай тартады. Батыр Баян, Жанатай батыр бастаған қазақ қолы түре қуып, қалмақтың қал­ға­нын меңдете қырып жібереді. 14 мың ­ғана жоңғар өз жеріне өліп-талып жетсе керек. «Шаңды жорық» аталған қанды жорықта Жанатай батыр мерт болса, қайтар жолда Батыр Баян ше­йіт болған. Мен бұл оқиғаларды жанымнан шығарғам жоқ. Шоқан Уәли­ха­нов тасқа басып, одан кейінгі та­рих­шылар мен тарихқа тарихшылардан да жетік жазушы ағаларымның жазғандарынан келтірдім.
Мұнан кейінгі дерек пен дәйегіміз әзірге – болжам. Бір дерек көзі Батыр Баян сарбаздарымен қайтар жолда Алакөлден (Итішпес) су ішіп, ауырғанын айтады. Аты айтып тұрған көлден қазақ қаталап өлсе де, шөл баспайды. Біздікі – жай ғана логика. Ал, қашып бара жатқан қалмақ улап кеткен құдықтан су ішіп, мерт болды деген уәж ептеп қисынға саяды. «Уақ шежіре­сін­де» Баянның ағасы Сары 1771 жы­лы Еділ қалмақтарымен ұрыста жараланып, еліне жетіп жерленгені жөнінде дерек келтіріледі. «Шаңды жорық» 1771 жылы тәмам болған. Дастанда «үш жүз адамның жүзі уланып, шейіт болды» дейді. Бәлкім Батыр Баян осы Қарабұлақта көз жұмып, сол тұсқа жер­леніп, Сары батыр еліне хал үстін­де жеткізілген шығар. Уақытша аманаттап жерлеу рәсімі де бар. Осы шай­қастан кейін қытай әскерімен қақтығыс болғаны тарихтан мәлім. Батыр Баянның сүйегін алып кету мүмкіндігі болмауы да кәдік қой соғыс жүріп жатқанда. Батыр Баянның есімі үнемі ағасымен бірге «Сары-Баян» аталады. Қарабұлақтағы жотаның Сары-Баян аталуы содан шығар.
Бұл тұста қисық қайыңды тезге са­лып, қиындау мәселені қиюласты­рып, қисынға жығып беруден аулақ­пын. Тарихқа қиянат жасалса, аруақ­тар­ға шет боламыз. Бар мо­йын­ұ­­сын­ғаным, жүгінгенім – бүгінге әзер жеткен халық есінде еміс-еміс қалған ескі әңгімелер.
«Іздеген жетер мұратқа» деген осы екен. Ауыздан – ауызға, ұрпақтан – ұр­пақ­қа ұласып келе жатқан ауызша архивіміз адастырмады. Шет ауда­нын­дағы Самат Мұсабеков ағамыз артына қалдырып кеткен «Есей – Дос» дастанындағы деректің ізіне дереу түстік. Батыр Баянның басты жоқшы­сы, бүгінгі ұрпағы, физика-математика ғылымдарының докторы, ҚарМУ-дың профессоры, шаңырағын көтеріп, ал­ғаш­­қы уығын қадаушылардың бірі Ес­мұ­ханбет Смайылов ағамыз бастап, «Иә, сәт!» деп Шет ауданындағы Қара­бұ­лақ ауылына жедел жол тарт­тық. Көңілі­міз – күпті. Түйсік, сезімі­мізде секем алу басым. Бар сеніміміз – ауылдағы ауызша архиві­міздің там-тұм айғақтарын алып қалған Ақжал кентінің ардагерлер кеңесінің төра­ғасы Серік Қамбаров, шежіреші Айт­ма­ғамбет Нұрмағамбет, кәсіпкер Нұрлан Бегалыұлы және «Есей – Дос» дастанын қалдырып кеткен Самат Мұсабековтің ұлы Баянды. «Батырын іздемейтін ұрпақ жоқ. Міне, келіп тұрсыздар. Батыр Баянның аруағы аунап түсіп, разы болып жатыр ғой» деп бәрімізден бұрын Баянды бауырымыз қуанып жүр.

Сауапты шараға сөзге келместен жолға шыққан ҚарМУ-дың профессоры, Әлкей Марғұланның соңғы аспиранты, осы өңірге белгілі археолог Сағындық Жауынбаев, осы білім ор­да­сы­ның ғалымдары, этнографтар Темірғали Аршабеков, Мәулен Жакин бар, бәріміз Батыр Баян жотасына (дөң) көтерілдік. Жиырма шақты бейіт­тің сұлбасы анық көзге шалынды. Ортада тас үйілген екі қабір үл­кен­деу көрінді. Құбылаға қараған бас жақ­тарына кәдімгі жай тастардан белгі қойылған.

– Қорым – қола, ғұн, сақ, түрік дә­уі­р­­лерінікі емес. Мұсылманша жерленген. Мүмкін кейінірек, бәлкім, ХХ ғасырдың басында қорым жермен жексен болып кетпесін деп тас үйгені көрініп тұр. Ал алғаш жерленген кезде үйілген тастар ХVIII ғасырдың аяғынікі, яғни 1770 жылдардың мұғдары. «Сол «Шаңды жорық» аяқталып, Батыр Баян бастаған қолдың елге оралуына дәл келеді», – деді С. Жауынбаев байыппен.
– Өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары осы маңайда бала күнімізде қозы қайырып, бұзау бағып жүргенде жебенің ұштарын, қылыштың сынық­та­рын көргенбіз. Үлкендер: «Аруақты Батыр жерленген, басына беталды барып, ойнамаңдар», – деп ұрсып оты­ра­тын. Сары-Баян жотасы – осы. Бұл маңайдағы барлық бейіттерде жатқан аруақтардың ұрпақтары бар. Тек осы қорым ғана жетімсіреп жатты. Енді, жетімсіретпейміз. Батыр Баян бүкіл қазаққа ортақ тұлға, – деп қау­қыл­дасты Қарабұлақ ауылының жұр­ты.
Сөздерінің жаны бар. Бір өзек өтсең шығыс жақта ұрпақтары кейін көтерген көк күмбезді биік бейіт көз­ге түседі. Ол Батыр Баянмен бірге қал­мақты түре қуып, шекара асырып, қайтарда жау улап кеткен құдықтан су ішіп, шейіт болған Керней атаның ұрпағы Итқара батырдікі екен. Қос батыр қол созым қос жотада жандары жай тауыпты.
Батыр Баянның Совет Одағы тұсында атының шықпауы тағы белгілі. «Батыр Баян» поэмасын жазған Мағ­жан Жұмабаев халық жауы болып атылып кеткен. Сондықтан, ол кезде Батыр Баянды айтсаң, атылмасаң да, лагерьге айдалып кетуің сөзсіз. Жер­гілік­ті халық бәрін білген. Білгенін айтуға сескенген. Соған дәлел – біз Қа­рабұлаққа барып келісімен Ақжал кентінің имамы Бағлан Әбілмәшімов хабарласты. Жасы менімен тұстас. Бізге жолыға алмай қалғанына өкінді. Үлкен әкесі Әбілмәшім осы өңірге әйгілі діндар, ислам дінінің білгірі болса, өз әкесі Насыр да совет дәуі­рін­де аузынан құраны, дұғасы түс­пе­ген адам екен.
Әкем айтып отыратын. Сол жотада Батыр Баян жерленген деп, сыбырлап түсіндіретін. Басында қос най­за қадаулы тұрғанын көріпті әкем­нің әкесі. Бала күнімде өз ата-баба­сынан бұрын осы қорымға барып құран оқитын», – дейді Бағлан имам.
Атадан – балаға, баладан – неме­реге жеткен дерек осы. Бұл өңірдегі балалардың ныспылары да Баян. Атақты ғалым Баян Рақышев, өзімізді қарсы алған Баянды Мұсабеков осы жерде туып-өскен.
Қаптаған қытайға екі-үш ғасыр тө­теп берген, түп тамыры бір қазақпен сегіз-тоғыз ұрпақ ауысқанша екі жүз жылдан астам жауласқан Жоңғария мемлекетін тарих сахнасынан тайдырып, жойып жіберген, сойқанды со­ғыс­­тың соңғы нүктесін қойған баһадүр Баян бабамыздың жаны Тәңірге ұшып, тәні жай тапқан қорым басында тұрмыз. Жай отындай жарқ етіп, алпыс екі тамырың мен омыртқаңдағы жұлыныңа шейін батыр рухы бойды меңдеп, ойды кеулеп, санамызға сәу­ле болып құйыла берді. Тіл жетпейтін тылсым түйсік, сұрапыл сезім.
Сауапты сапарымыздың соңы бұл емес. Алла жазса, Батыр Баянның 300 жылдық тойында жалғасады. Шоқан Уәлиханов алғаш хатқа түсіріп, Мағжан жырына арқау болған Батыр Баянның мәңгілік дастаны сайын даламызды шарлай бермек. Ерлік салты – елге мұра, ұрпаққа ұран деген осы!


Мағауия СЕМБАЙ,

«Қазақ әдебиеті»,
ҚАРАҒАНДЫ.
Пікірлер