Алматы әуежайында ерлік көрсеткен Мұса Әбдірайымов кепілдікке алынған қызбен кездесті. Бұл туралы құтқарушы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Кешегі әуежайда болған жағдайды бәріңіз көрген боларсыздар, бүгін қарындасымыздың жағдайын біліп қайттық. Аллаға шүкір, бәрі жақсы. Алдағы күндеріміз тек жарық әрі тыныш болсын!»— деді ол.
Еске салайық, 7 наурызда Алматы әуежайында ер адам әуежай қызметкеріне пышақ тақап, кепілге алған еді. Сол маңдағы бейтаныс адам қаскүнемді әңгімеге айналдыра отырып, сәті келгенде қолынан пышақты жұлып алған болатын. Кейіннен құтқарушы азаматтың 52 жастағы Мұса Әбдірайымов екені анықталды.