11 наурыз күні Алматы қаласындағы Smart Point орталығында Қазақстанда алғаш рет жасанды интеллект туралы қазақ тілінде жазылған «Жасанды интеллект әліппесі» кітабының тұсаукесері өтеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Аталған шара аясында кітаптың таныстырылымы өтіп, жасанды интеллект саласындағы өзекті мәселелер жан-жақты талқыланады. Сонымен қатар, IT, киберқауіпсіздік, биотехнологиялар және жасанды интеллекттің болашағы туралы пікір алмасу алаңы ұйымдастырылады.
Әлемде жасанды интеллект қарқынды дамып, көптеген салаға әсер етуде. 2024 жылы ЖИ технологияларын қолдану әлемдік нарықта 190 миллиард доллардан асты. Қазақстан да бұл үрдістен тыс қалмай, жасанды интеллект бағытында белсенді дамып келеді. ЖИ-ді қолдану арқылы өндіріс, медицина, білім беру және қаржы салаларында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіліп жатыр.
«Бұл кітап – қазақ тіліндегі жасанды интеллект әлеміне алғашқы жолбасшы. Біз технологиялық өзгерістер дәуірінде өмір сүріп жатырмыз, сондықтан жасанды интеллект негіздерін білу әрбір азамат үшін маңызды. Кітапта тек теория ғана емес, нақты тәжірибелік қолдану мүмкіндіктері де қамтылған», – деді кітаптың авторы Мейіржан Әуелханұлы.
Кітап жасанды интеллектке арналған жаңа баспадан шығарылды.
AI-Hub тек қана жасанды интеллект технологияларын зерттеумен ғана емес, осы саладағы білім беруді дамытуға да үлес қоспақ. AI-Hub Publishing алдағы уақытта жасанды интеллект, IT, киберқауіпсіздік және биотехнологиялар тақырыбында қазақ тіліндегі ғылыми-көпшілік кітаптарды басып шығаруды жоспарлап отыр.