Палестинаны қолдайтын белсенділер АҚШ президенті Дональд Трамптың Шотландиядағы "Trump Turnberry" гольф-клубына шабуыл жасады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы РИА Новости-ға сілтеме жасап.
Бұл туралы Palestine Action қозғалысы мәлімдеді.
Олар газонға "Газа сатылмайды" деген үш метрлік жазу қалдырып, клуб ғимаратын бояп, беделді жасыл алаңдарды қазып тастаған.
Белсенділер бұл әрекетті АҚШ әкімшілігінің Газа секторына қатысты саясатына қарсы жауап ретінде жасағанын айтты.
"Трамп Газаны өз меншігіндей көреді. Біз оған оның өз меншігі де қауіпсіз емес екенін көрсеттік", – делінген Palestine Action қозғалысының мәлімдемесінде.
Trump Turnberry гольф-клубы 1906 жылы салынған. АҚШ президенті 2014 жылы оны 60 миллион долларға сатып алып, қайта жөндеуден өткізіп, әлемдегі ең үздік гольф-клубтардың біріне айналдырған.
Бұған дейін Трамп Газа секторын АҚШ бақылауға алып, оны "Таяу Шығыстағы Ривьераға" айналдыруды жоспарлап отырғанын айтқан болатын. Ол Газаны жойылатын аймақ деп атап, оның тұрғындары Иордания мен Египетке көшуі керек деген пікір білдірген. Сондай-ақ, АҚШ әскерін Газада орналастыру мүмкіндігін жоққа шығармай, аймаққа жеке баруға уәде берген.