Ақын Ханбибі Есенқарақызы белгілі жазушы Дулат Исабековтің асында мемлекеттік сыйлық сұрады деп жалған ақпарат таратқандарды сотқа берді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Оның айтуынша, әлеуметтік желіде тараған жазбалар шындыққа жанаспайды. Әсіресе, жазушы Құлбек Ергөбектің айтқандары ақынның ар-ожданына нұқсан келтірген.
“Сүйекші-Құлбек” мен туралы: “Дулат Исабеков мақтаған прозалық шығармама Мемлекеттік сыйлық бермедіңіздер” деп қара қазандай өкпесін қаралы жұрттың алдына ақтара салды”, – деді ол.
Ақын өзін қаралаған жазбалар желіде кең таралғанын, олардың астына көптеген адамдар пікір қалдырғанын айтты. Осыған байланысты ол сотқа жүгініп, әділдік іздейтінін жеткізді.
“Маған біраз лауазымды, құрметті адамдар телефон соғып, “Рамазан айында айтыспа” деп басу айтқанмен, менің ар-ожданыма түскен дақты, жапқан жаланы өзімнен өзге ешкім қорғай алмайды. Сот процесінде авторлар өз қателігін мойындаса, екі жақты келісімге (медиация) келу мүмкіндігі бар”, – деді ақын.
Қазір сот процесі басталғаны белгілі болды. Есенқарақызы бұл істің қалай аяқталатыны көпшіліктің әділ бағасына байланысты екенін атап өтті.