АҚШ Украинаға әскери көмек көрсетуді тоқтатты - Ақ үй

1066
Adyrna.kz Telegram

АҚШ Украинаға әскери көмек көрсетуді тоқтатады. Бұл туралы дүйсенбі кешке АҚШ президенті әкімшілігінің жоғары лауазымды қызметкері Ақ үйде «Голос Америки» радиосының тілшісіне айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

«Президент бейбітшілікке баса назар аударатынын анық айтты. Әріптестеріміз де осы мақсатқа ұмтылуы керек. Біз көмекті тоқтатып, оның шешімге ықпал ететініне көз жеткізу үшін оны қайта қараудамыз», - деді АҚШ президенті әкімшілігінің қызметкері.

АҚШ президенті Дональд Трамп өз міндетіне кіріскеннен кейін Украина мен Ресейге қатысты АҚШ саясатын түбегейлі өзгертіп, Мәскеуге ымырашылдық танытуда. Әскери көмек көрсету уақытша тоқтату туралы шешім Украина президенті Владимир Зеленскиймен Ақ үйдегі жұма күнгі әңгімеден кейін қабылданды. Кездесуде барысында Трамп Украина басшысын Ресеймен соғыста Вашингтонның қолдауына жеткілікті алғыс білдірмеуі үшін сынға алған болатын.

Дүйсенбі күні Дональд Трамп қайтадан Зеленскийге америкалық көмекке үлкен алғыс білдіруі керек деп мәлімдеді және Associated Press басылымында Украина президентінің «соғыстың аяқталуы өте-өте алыс» деген сөзі туралы жарияланған мақаласына теріс реакция білдірді.

«Бұл Зеленскийдің айтқан ең жаман мәлімдемесі және Америка бұны енді көтермейді!» — деп жазды Трамп өзінің Truth Social платформасында.

Алайда, сол күні Трамп америкалық инвестициялар үшін украиналық минералдарға қолжетімділік ашатын келісімнің әлі де жасалуы мүмкін екенін меңзеді.

Трамп әкімшілігі бұл келісімді АҚШ-тың Украинаға Ресейдің шабуылы басталғаннан бері қаржылық және әскери көмек ретінде берген қаражаттарын қайтарудың тәсілі ретінде ұсынады.

Дүйсенбі күні Трампқа Ақ үйде “келісім жасау мүмкіндігі аяқталды ма” деген сұраққа, ол: «Жоқ, олай ойламаймын» деп жауап берген еді.

Президент осы мәселе бойынша жаңартылған ақпаратты сейсенбі күні кешке екі палатаның Конгресіне жасаған сөзінде беруге уәде етті.

Пікірлер